Мектеп бітіру мерейтойлары кейінгі уақытта опыр-топыр тойдың емес, салиқалы бастамалардың, сауапты істердің себебіне айналғандай. Жымпитыдағы Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепті 1977 жылы тәмамдаған түлектердің істері біздің сөзімізге дәлел бола алады.
Алтын ұяларынан қоштасқалы 45 жыл өтіп, ата-әже болса да, олардың көңілдеріндегі балалық шаққа деген іңкәрлік, тақта мен партаға деген сағыныш үдей түспесе жойылмаған. Сондықтан да болар, «77» - нің түлектері мектептерінің алдына жиналды. Сынып бөлмелерін аралап, ерекше күндерді еске алды.
-Сыныптастарымыз аудандағы дамуы ерекше балаларды оңалтумен айналысатын мекемеге барып, аулаларына 2 орындық сыйлады. Бұдан бөлек, Айша Есмағұлованың еміне 100 000 теңге аударды және тағы да басқа балалардың игілігіне де 60 000 теңге көмек ұсынды. Қайырымдылық – біздің ұрпаққа қалдыратын асыл қасиетіміз. Сол үшін биылғы мерейтойды мейірбандылық жасауға арнадық, – дейді түлектердің бірі, 1977 жылы 10г сыныбының қатарында мектепті аяқтаған Сәлима Мұхамбетқалиева.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz