22.01.2024, 18:00
Оқылды: 53

Жарасты жанұя нұр болып тараған

«Шуақты шаңырақтың» бүгінгі кейіпкерлері – бір жылдың бір күнінде туып, құстың қос қанатындай, бір өзеннің сағасындай өмірлерін бір арнаға тоғыстырған жандар. Тіпті мамандықтарына дейін ұқсас. Бірі адам жанының құтқарушысы болса, екіншісі – мал дәрігері.  Өнегелі ұрпақ тәрбиелеген тамаша отбасының иелері.

 fbf4f6e9-fce6-4fcc-a679-68a923b76a2d

Тамаша отбасы деп тамсанып отырғаным Сағындық пен Көркем Бекеновтердің жанұясы. Сағындық ағамызды да, Көркем апамызды да Бөкей ордасы ауданы халқы көркем мінездері, мінсіз қызметтері үшін құрмет тұтады. Бисендегі ауыл мектебін өте жақсы деген бағаға тәмамдаған Сағындық ағамыз сонау жылдары арман қуып, ел астанасы Алматыға жол тартады. Сабаққа алғырлығымен, белсенділігімен топ жарған оқушы Сағындық еш кедергісіз Троицк қаласындағы ветеринарлық институттың студенті атанады. 1972 жылы институтты да үздік бітіріп, Қарағанды облысының Приозерск қаласында Отан алдындағы борышын өтейді.

Бекен атамыздың белсенді ұлы алғашқы еңбек жолын Бисен ауылында мал дәрігері болып бастады. Кейін қызмет бабымен Т.Масин ауылына ауысады. Араға жылдар салып, Бисен ауылына қайта оралып, он бес жылдай бас ветеринарлық дәрігері боп қызмет атқарады. 1994 жылдан 2001 жылға дейін Бисен ауылдық кеңесінде бас маман болып жұмыс жасады. Кейіпкеріміз Теректі ауданының Жаңаөмір ауылына көшіп барып, ветеринария саласындағы жұмысын жалғастырды. 2012 жылы осы қызметінен зейнетке шықты. Ағамыз зейнетке шықса да, қоғамдық жұмыстдан шет қалмақ емес. Жаңа Өмір ауылдық округінің ақсақалдар алқасы мүшесі ретінде жастарға кеңес беріп, көмектесіп отырады.

Сағындық ағамыз сабырлылықтың озық үлгісі болса, Көркем апамыздың бойында өжеттік бар. Тура мінезді. Әйел заты болса да, күйбең тірліктің көпсөзділігінен ада. Бір сөзді.

Көркем Елеуова Бисен ауылының тумасы. Мектепте жақсы деген бағамен тәмамдап, Орал қаласындағы Ауыл шаруашылық институтына оқуға түседі. Жолы болып, оқуға түссе де, жүрек түкпіріндегі арманы дәрігер болу еді. Институттың екі курсын бітірген соң бала күнгі арманына батыл бет бұрып, Ақтөбе медициналық училищесіне оқуға тапсырады. Оқуын жақсы аяқтап, 1972 жылы Үштерек елді мекеніне фельдшер боп оралады. Кейін өзінің туған жері Бисен ауылында фельдшер-акушер болып қызметін жалғастырады.

ee9a7e40-6466-40a1-95a5-9d743b2858b1

– Көркем Елеуова бізге туыстық жағынан жеңгей боп келеді. Ал тұтас ауылға шипасы тиген фельдшер ретінде танымал. Ауылда отызға жуық жыл қызмет жасады. Ауылымыздың бірнеше буыны осы Көркем жеңгейдің кіндік балалары десем артық айтқандық емес. Жақсы сөзімен, мейірімімен көптің алғысын алған адам ғой. Жасы үлкен ата-әжелердің бабын, балақайлардың тілін таба білетін. Шақырту келсе, алыс-жақын демей, көлік күтпей, ат шанамен-ақ кете беретін. Көркем жеңгей тек білікті маман ретінде ғана емес, ер азаматын сыйлау, қолдау, бала тәрбиелеуде де айтары бар, көрсетер үлгі-өнегесі бар адам ғой. Ол жанұя тәрбиесі мықты, шетінен оқымысты отбасы ретінде танымал. Ауылға сыйлы, – дейді Екатерина Мөкешева біздің кейіпкерлеріміз туралы.

– Күні кешегідей бәрі де көз алдымызда ғой. Анамыз Бисен ауылының «жедел жәрдемі» болды. Қыстың қақаған аязы мен боранында, көктемнің езілген балшығы мен тайғағында, жаздың аптап ыстығы мен күздің қара суығында күн-түн демей, ауылдың бір шетінен екінші шетіне шақырған науқастарға жаяу баратын еді. Түнімен шақыртуда жүріп, таңертең қайтадан жұмысқа баратыны әлі есімізде. Тіпті ат арба, мотоцикл, трактор т.б. кез келген табылған көлікпен бөлімшелер мен елді мекендерді аралап, ауылдан 90 шақырым жердегі аудан орталығы Сайқынға жүкті әйелдерді үнемі жеткізіп отыратын еді. Ауыл ауруханасында да аяғы ауыр келіншектерді босандырып, ауылдағы мыңдаған жаңа өмірдің куәсі болып, кіндік шешесі атанды. Анамның еңбек еткен 29 жыл ішінде қаншама оқиға, қуанышты сәттер мен қайғылы кезеңдер бір-бірін алмастырды. Көлік апаты, қылмыстық оқиғалар, отбасымен түгел газбен улану, суға бату, тағы сол сияқты кез келген оқыс оқиғалардың басы-қасында алғашқы көмек көрсетіп жүретін еді. Мұндай жағдайларда кез келген қиналған жанға ақыл-кеңес айтып, күйзелісін бірге сезініп, тек фельдшер-акушер ғана емес, психолог та болып кететін. Анамыз жұмыс істеген жылдардағы ауыл балалары өз шығармаларында «Көркем апа сияқты дәрігер боламын» деп жазатын еді, – дейді қыздары Сандуғаш.

Оқуда озат, еңбекте есімдері ел аузында жүрген жарасты жұптың балалары да осал емес. Ата-аналарынан оза тумаса, кем қалғаны жоқ. Тұңғыштары Анаргүл ұстаздық жолды таңдады. Европада халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтті. Қазір Жәңгір хан атындағы БҚАТУ аға оқытушысы, техника ғылымдарының магистрі.

Ортаншы қыздары Сандуғаш та өмірін біліммен байланыстыруды жөн көрді. Сол Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да тіркеу офисінің басшысы, техника ғылымдарының магистрі.

Кенже қыздары Гүлфия отбасылық портретті құқықтық білімі мен аналитикалық ойлауымен толықтыра отырып, заңгердің жолын таңдады, БҚО «Әділет» Департаментінің бас маманы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистранты.

Ұлдары Қуандық халықаралық «Болашақ» бағдарламасымен Бостонда білім алды. Ақпараттық жүйелер магистрі. Қазір Астана қаласында IT саласындағы компания директоры.

- Әкеміз шаңырағымыздың иесі болса, анамыз сол қара шаңырақтың киесі. Әкемізді бәріміз де өмірлік ұстаз санаймыз. Біз үшін ол адалдықтың, еңбекқорлықтың үлгісі. Әкеміз өте сауатты адам. Не нәрсеге де асқан жауапкершілікпен қарайды. Төртеуіміз үшін де ең сүйікті пән математика еді. Осы математикаға деген қызығушылығымызды оятып, қабілетімізді ұштаған осы әкеміз. Аналитикалық тұрғыдан ойлауға үйретті. Физика мен химия жай ғана ғылым емес, өмірдің өзі деп үйреткен де осы әкеміз. Әкеммен әңгіме соққан ұнайтын. Әлі күнге солай. Дүниетанымының кеңдігіне таң қаламын. Әкемнің әр сөзі өнеге, – дейді тұңғыштары әкесі туралы зор мақтанышпен сөйлеп.

- Ал анамыз тік мінезді, өжет, айтқанынан қайтпайтын, алғыр, табандылығымен, әділдігімен ерекшеленеді. Осы қасиеттері үшін тек біз емес, ел құрмет тұтады десем, артық айтқаным емес, – дейді Сандуғаш.

– Әкем мен анам бізді шыншыл болуға, өз несібемізді адал еңбекпен табуға үйретті. Қиындыққа толы тоқсаныншы жылдардың өзінде «Білімді мыңды жығатынын» санамызға құя жүріп, тек білімді болған жағдайда барлық қиындықты жеңуге болатындығын өз істерімен дәлелдеді. Балалары білім алсын деп туған ауылынан қалаға көшіп келді. Әкемізден бізге адалдық, терең зерделілік, білімге деген құштарлық дарыса, Анамыздың өжеттілігі, табандылығы, өз мамандығына деген сүйіспеншілігі және ең қиын жағдайда басқаларға көмектесуге дайындығы біз үшін тамаша үлгі.

Жарасты жұбайлар күні ертең қаңтардың 26-сында 75 жасқа толмақшы. Бір шоқжұлдыз астында туып, бір шаңырақ астында өмірлері өрбіген Сағындық ағамыз бен Көркем апамызды осындай елі мақтап, ұл-қызы үлгі тұтатын ғазиз жандар.

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале