10.01.2024, 17:03
Оқылды: 42

Жарқ етіп сөнген бір жұлдыз...

Шыңғырлау өңірі өнерлі, талантты, танымал тұлғаларға бай өлке. Бұл өңірден әріде «16 қыз» әнінің алғашқы нұсқасының авторы Дәуке Шолақұлы, беріде Көшелек жырау, Нариман Қаражігітов,Қалампыр Рахимова сынды даусыз дарындылар легі туып-өскен.

WhatsApp Image 2024-01-09 at 17.51.15 (1)

Халық құрметінен орын алған танымал жандардың бірі, өнер жолы да, армандары да ажал пәрменінмен ерте үзілген есіл өнердің иесі Қалампыр Рахимова апамыз биыл 75 жасқа толады екен. Алайда, халқы сүйген ән өнерінің «Ақкербезі» атанған жанның өмірін жол апаты қиды. Қазақтың Ғарифолласының баулуында болып, қанаттанған дәстүрлі ән өнерінің күміс көмей бұлбұлы елімізге танымал әнші еді. Тіпті, өнерімен Франция, Жапон жұртын тамсандырған тап-таза өнердің танымал тұлғасы болатын. Жерлесіміздің дарыны, кәсіби өнердегі шеберлігі, ер мінезді мәрттігі, адами келбеті туралы қатар жүрген замандастары шертер сыр мен естеліктер жетерлік. Сахна төрінде қатар шырқаған Қапаш Құлышева, Сәуле Таудаева, Зияш Аманғалиева сынды өнер саңлақтарының естеліктері де аса құнды.

WhatsApp Image 2024-01-09 at 17.51.16

Шыңғырлау аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымы ҚР Еңбек сіңірген әртісі, дәстүрлі әнші Қалампыр Рахимованың 75 жылдығына орай “Аққұмнан шыққан ән-ғұмыр” атты танымдық-тәрбиелік кездесу шарасын өткізді. Шараға әншінің ауылдас-замандастары, мекеме ұжымдары қатысты. Әнші өмірі туралы бейнекөрсетіліммен басталған шара ауылдас-замандастары Т.Жантасов, Х.Бекжанова, А.Утенова, Б.Хамитова, Т.Үмбетәлиеваның естеліктерімен жалғасып, ауданның «Құрметті азаматы» Адақ Шотпанов өңірден шыққан талантты жандардың көп дәріптелмей жүргені, осынау 75 жылдық еске алу тұсында осы бағытта лайықты қадамдар жасалса, яғни, «Қалампыр класы» сынды әнші-термеші қыздар үйірмелері ашылса, термеші-қыз балалар жарысының облыстық деңгейі ұйымдастырылса, жыр-мүшәйралар өткізіліп, жерлесіміздің төл әні болған халық әні «Ақкербез»-дің челленджін жасасақ деген пікірін қосты.

WhatsApp Image 2024-01-09 at 17.51.15

Шара соңы ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші, «Құрмет» және «Парасат» ордені иегері қазақтың «Қатимолласы» атанған Хатимолла Бердіғалиевтың телефон байланысы арқылы айтылған тілегімен түйінделді.

Айта кетсек, биылғы жылы, жерлесіміз, дәстүрлі ән өнерінің жанып-сөнген жұлдызы, әнші Қалампыр Рахимованың 75 жылдығы облыс көлемінде тойланатын болып жоспарланды.

Қаршыға Елемесов,

Шыңғырлау ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале