17.09.2021, 10:31
Оқылды: 35

Жәрмеңке жалғасын таппақ

Шыңғырлау ауданы орталығында дәстүрлі күзгі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі бастау алды. Жаз бойы баптап өсірген бау-бақша өнімдерін, артылған қолдың сары майы мен құрт-ірімшігін, қаймағы мен тары-талқанын саттыққа шығарған ауыл тұрғындарының қарасы көп болды. Бұған қазіргі күнге дейін ет жинап, сорпалыққа жарап қалған үй құстарын қосыңыз.

241198715_1012730282851411_6639530112383224545_n

Жәрмеңкеге Шыңғырлау, Ақтау және Ақбұлақ ауылдық округтері де ат салысып, «жесең тісіңе, жемесең түсіңе» кіретін жылқы етінің келісі 1900 теңгеден, ал ірі қара еті 1800 теңгеден сатылды. Жаймашуақ бұл күні бағасы әлі де көңіл көншітпесе де, «шүкір» дегізетін картоп, өзге де көкөніс түрлерінің болуы қалтасына қарап саудаласқан жұртшылыққа қолжетімді көрінді. Саудада сонымен, қатар төрт мүлік малдың жем-шөбіне де орын табылып жатты.

Ауыл тұрғындары осындай жәрмеңкелер барысында жұртшылықтың төменгі бағамен азық-түлік қорын жасақтап алуға мүмкіндік беріліп отырғанын, дейтұрғанмен нағыз күзгі жиын-терім уақытында сатылымдағы көкөністердің бағасы әлі де арзан болса игі деген тілегін де жолдап қалды. Көзі қарақты жұртшылық облыс бойынша картоптың, сәбіз пен пияздың мол қорын жинауға негіз бар деген ақпаратқа да қанық екен. Көктемдегі барлық дүкен сөрелеріндегі қолжетпес болған көкөніс құны жадынан шықпаған көптің алдағы уақытта да сол жайт қайталанбас па екен деген қауіпі де жоқ емес. Дейтұрғанмен, алдағы жәрмеңкелерде сатылымға әкелінетін күнделікті қажетті тауар түрлерінің бағасы төмендей түсер деген үміттеміз.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі әр сенбіде күзгі жәрмеңкелерді ұйымдастыратын болады.

 

 Гүлім Шынтас,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале