Бәйтерек ауданы Переметный ауылындағы «Nur Otan» партиясы ғимаратында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Көпшілікке жұмыс ұсынған игі шараны халықты жұмыспен қамту орталығы және аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық бірлесе ұйымдастырды. «Nur Otan» партиясы қолдау білдірген жәрмеңкенің негізгі мақсаты жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу болды.
Оған аудан орталығы мен Переметный ауылына жақын маңдағы елді мекен тұрғындары қатысты. Сонымен қатар әр округтің әкімдігіне келген жұмыс іздеушілер «ZOOM» қосымшасы арқылы қатысып, бос жұмыс орындары туралы ақпарат ала алды.
Жәрмеңкеге «Переметный ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі, Бәйтерек ауданының № 1, № 2 пробация қызметі, «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» акционерлік қоғамы, «World Green Company» ЖШС, «Green Service Company» ЖШС, «Батыс Қазақстан электр желілік компаниясы» ЖШС, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ БҚӨФ, «Белес Агро» ЖШС және «Центральный» сауда орталығының басшылары мен кадр мамандары келіп, жұмыс іздеген жандармен тікелей тілдесуге мүмкіндік алды.
Сондай-ақ «ZOOM» қосымшасы арқылы жәрмеңкеге қатысқан тұрғындар да өз сауалдарын жолдап, жұмыс берушілермен тілдесті.
Халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Алексей Герасимов жәрмеңкеге келген кәсіпорындар бос жұмыс орындары туралы ақпарат электрондық еңбек биржасы www.enbek.kz интернет порталында орналастырылғанын да айтады. Енді қалаған азамат аудандағы бос жұмыс орындары туралы ақпаратты сол порталдан да көре алады екен.
-Жәрмеңке өтетіні туралы барлық кәсіпорындар мен мекемелерге хат жолдадық. Ұсынысымызды қабыл алып, келген жұмыс берушілерге алғысымыз шексіз. Жұмыссыздықты жою үшін мұндай шараларды алдағы уақытта да ұйымдастырмақпыз,-дейді халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Алексей Герасимов.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz