Биылғы жылдың сәуір айының 2 - 4 аралығында Ресей Федерациясының Оренбург облысы Соль-Илецк қаласында самбо күресінен 2009-2010 және 2012-2013 жылы туған кіші жасөспірімдер арасында 1-маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған халықаралық турнир ұйымдастырылды. Байрақты бәсеке «Самбо 85» спорт мектебінде өтті.
Турнирге Сырым ауданындағы А. Шайхиев атындағы БЖСМ спортшылары қатысып келді. Жарыстың алғашқы күнінде балғын балуандар бақ сынаса, келесі күні жасөспірім самбошылар татамидың төрінен табылды.
Белдесу бәйгесінің нәтижесінде 29 кг салмақ дәрежесінде Мансур Аманқостың бағы жанып, 1 орынды жеңіп алды. Алихан Қайратов 42 кг салмақ бойынша 3 орынға ие болса, 50 келіде Талғат Аманқос 2 орын тұғырынан көрінді. Медет Хамза 54 кг салмақта 3 орынға, Райымбек Сәтбай 54 кг бойынша 2 орынға, Тамерлан Хабибуллин 71 кг салмақта 3 орынға ие болды.
Махмет Заңғар «Жеңіске деген жiгері үшін» кубокпен марапатталды.
Ресейдің көршілес өңірінен олжалы оралған жас балуандардың бабын келістіріп, шаршы топқа салған жаттықтырушы — А. Шайхиев атындағы БЖСМ жаттықтырушысы Ержан Чукуров.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы,
zhaikpress.kz