Қаратөбеде «Балалар жылы» аясында «Жас дарын» оқушылар мүшәйрасы өтті.
Ұлттық айтыс өнерін дәріптеу мен оны насихаттау, дарынды жас ақындарды анықтау және олардың поэзияға құштарлығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған мүшәйраға аудан мектептерінен 13 оқушы қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Жыр додасының ашылу салтанатын Қаратөбе аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Айнұр Сары алғысөзбен ашып, сайысқа қатысушы өрендерге сәттілік тіледі.
Оқушылар арасындағы аталмыш жыр сайысы екі кезеңнен тұрды.
Бірінші кезеңде оқушылар өздерінің өлең жинақтарының ішінен бір ғана туындысын нақышына келтіре мәнерлеп оқыса, екінші кезеңде олар қазылар алқасы ұсынған тақырыпқа сай 20 минут уақыт ішінде өлең шығарып, оны оқып берді.
Қазылар алқасының шешімімен жас ақындар мүшәйрасында жоғары қабілеттілігімен танылған Қаратөбе балалар шығармашылығы үйінің тәрбиеленушісі Ақтолқын Қуанғалиева І орынды жеңіп алып, сайыс жеңімпазы атанды. ІІ жүлделі орындарды егіндікөлдік Келбет Құттыбай мен шөптікөлдік Шыңғыс Әлібек иеленсе, екі бірдей ІІІ орындар Мұхит орта мектебінің оқушысы Шәрбәт Батырханова мен қоскөлдік Қанат Зияхметовке бұйырды.
Көрермен көзіне түскен өнерлі қос өрен Абзал Нұрғиса мен Досхан Бекболатұлы мүшәйраның алғысхатына ие болса, бірқатар сайыскерлерге сертификаттар табысталды. Мүшәйра жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы сыйлықтармен марапаттады. Марапаттау рәсімін қазылар алқасы жүргізді.
– Оқушылар арасындағы атаулы мүшәйраны ауел баста айтыс түрінде өткіземіз деп жоспарлаған едік. Бірінші рет өткізіліп отырғандықтан жас ақындар сайысын осындай форматта ұйымдастыруды ұйғардық. Мүшәйрада оқушылардың шығармашылық қабілеттерін анықтадық. Алдағы уақытта жарыстың ауқымын кеңейте түспекпіз, - дейді аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Айнұр Сары.
Ерболат Райсов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz