Қасиетті Құрбан айт мерекесінде діни басқарманың 30 жылдығына орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен қолға алынған республикалық «Ел үлесі - пәтерге» акциясы аясында Бәйтерек ауданы Асан ауылдық мешітінің наиб имамы Ерболат Сексенбаевқа баспана берілді.
Облыстық орталық мешітінің бас имамы Мұратбек қажы Қыстаубаев арнайы барып, Асан ауылдық мешітінің наиб имамы Ерболат Жанболатұлына Орал қаласынан бір бөлмелі үйдің кілтін табыстады.
Ерболат имам Жаңақала ауданының тумасы, Астана медресесінің түлегі, екі баланың әкесі. Асан ауылдық мешітінің бас имамы Мұратбек қажы Жахатов та жас имамның пәтерлі болуына жанашырлық танытқан жан.
Ұлық күнде Біз жас имамға «Қоныс құтты болсын!» дейміз.
ҚМДБ-ның БҚО бойынша баспасөз қызметі