10.04.2025, 23:00
Оқылды: 89

Жас көркемсөз шеберлерінің алды Жәнібек ауданына келді

Бүгін облыстық «Ғұмар оқулары» байқауы қатысушыларының алды Жәнібек ауданына аяқ басты. Облыс орталығы, Қаратөбе және Жәнібек ауданына қарасты ауылдардан келген оқушылар мен олардың жетекшілерін аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Руслан Нұралиев қарсылап, жол үстінен шаршап келген қонақтарды тынығу мекемесіне орналастырды.

image-10-04-25-09-04

Ауқаттанып алған қатысушылар мен жетекшілер «Жайлау» ат спорты кешеніне барып, ат баптау мәдениетін тамашалады, сескенбегендері жылқыға мініп, сейілдеп қайтты. Осы жерде орналасқан этно ауылдағы садақ ату алаңына барып мергендіктерін де сынады. Әрмен қарай «Жәнібек» спорт клубында қатысушыларды жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Меңдіхан Халиханов бастаған бір топ белсенді жас күтіп алып, жарыс алдындағы көңілдерін жайландыру үшін сергіту сағатын ұйымдастырып, бір-бірімен танысуға мүмкіндік жасады. Әзірге Қаратөбе ауданы, Қамысты, Ұзынкөл ауылдары, Орал қаласының (№33, №51 жалпы білім бертін мектебі, №38 мектеп-лицейі) жас көркемсөз шеберлерінің төбесі көрінді. Бұйырса, аталғандардан бөлек Тасқала, Жаңақала, Бөкей ордасы аудандарының қатысушылары келеді.

Еске сала кетейік, ертең, яғни 11 сәуір күні аудан әкімдігі мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен аудандық мәдениет үйінде облыстық «Ғұмар оқулары» байқауы өтетін болады. Ғұмар бабамыздың 150 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылғалы отырған облыстық байқау, ауданымызда осымен алтыншы рет өтпекші. Бұған дейін 2016 жылдан бері бес аудандық және екі аймақтық «Ғұмар оқулары» өткен болатын.

Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале