2.11.2021, 9:28
Оқылды: 2

Жас мамандарға жағдай жасалуда

Бөрлі аудандық ауруханасы тұрғындарға соңғы талаптарға сай үзіліссіз медициналық қызмет көрсетіп келеді. Мекемеміз білікті мамандар еңбек ететін, материалдық базасы нықталған емдеу орнына айналып отыр.

WhatsApp Image 2021-11-02 at 08.59.14 (7)

Аудандық аурухана 12 елді мекендегі  56021 адамға медициналық қызмет көрсетеді. Тәулігіне 577 адам қабылдауға арналған емдеу мекемесі заманауи үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бүгінде мұнда бір учаскелік педиатр мен 33 жалпы тәжірибелік дәрігер (ЖТД) тұрғындарға қызмет көрсетуде.

Мекеменің құрылымына 115 төсек-орны бар аудандық аурухана, 99 төсек-орындық күндізгі стационар, 3 дәрігерлік амбулатория, 6 фельдшерлік-акушерлік пункт, 12 медициналық пункт, 3 отбасылық денсаулық орталығы, консультациялық-диагностикалық бөлім, зертханалық-диагностикалық бөлімшелер (рентген-кабинет, УДЗ-диагностика блогы, физио бөлімшесі,  клиникалық зертхана) кіреді.

Заманауи құралдармен жабдықталған реанимация бөлімшесі 3 науқасты бір уақытта қабылдауға есептелген. Мекемеде зертханалық, уль-традыбыстық зерттеу, рентген, компьютерлік томография, магнитті-резонансты томография, массаж жасау, эндоскопиялық тексеру, физиологиялық емдеу жүргізіледі. Сондай-ақ зертханада толық түрде клиникалық, биохимиялық, иммунологиялық талдама  жасалынады.

Цифрландыру бағдарламасы аясында медицина саласындағы жаңа технологияларды енгізу, бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін жүргізуді жеңілдету мақсатында мекеме қызметкерлері компьютерлеу жүйесімен толық қамтылған. Әр маман алдындағы компьютер арқылы науқас туралы мәліметтерді бірден аурухананың базасына енгізеді.

Аурухананың ақпараттандыру жұмысы да жүйелі жолға қойылған. Әлеуметтік желідегі парақшаларында, ресми сайттарында емделушілерге қажетті ақпараттар ұдайы жаңартылып отырады. Шалғайдағы ауылдарда орналасқан медициналық мекемелерге де интернет желілері тартылып, науқас туралы мәліметті дер кезінде табуға және уақытылы көмек көрсетуге жол ашылды. Тұрғындар дәрігердің қабылдауына интернет арқылы жазыла алады. Емхананың тіркеу бөлімі үздіксіз «кері» байланысты реттеп отыратын көпарналы телефон байланысымен жабдықталған. Тіркеу қызметінің жұмыс сапасын жақсарту мақсатында заманауи компьютерлік техникамен толықтырылды. Бұл ұзын-сонар кезекті азайтып, дәрігер мен науқастың уақытын тиімді жұмсауына мүмкіндік беріп отыр. Осылайша емхана мен ауруханада электронды құжат айналымы толық жүргізілуде.

Дәрігерлердің жұмыс кестелері, кабинет атаулары, сайттар, тағы басқа маңызды ақпарат бірінші қабаттағы көрнекі жерге ілінген.

Ауруханада пациенттердің еркін кіріп-шығуына мүмкіндіктер, мүгедектерге арналған пандустар да қарастырылған.

Елбасымыз «ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық» деп айтқанындай, заман талабына сәйкес сапалы медициналық көмек көрсету үшін мекемемізге жыл сайын республикалық, жергілікті бюджет есебінен, демеушілердің қолдауымен қажетті медициналық құрал-жабдықтар сатып алынуда.

Бүгінгі таңда бүкіл әлем коронавирус пандемиясымен күресуде. Осы орайда біздің аудан аумағында 40 төсек-орынды карантиндік стационар, 25 төсек-орынды инфекциялық стационар (40 резервтік төсек-орын) қызмет көрсетуде.

Елімізде бірқатар коммерциялық компаниялар коронавирусқа қарсы күреске өз қаражаты есебінен ауруханаға медициналық құрал-жабдықтар сатып алып беруде. Осы орайда айта кетсек, Бөрлі ауданындағы компаниялардың  демеушілігімен біздің ауруханаға Оңтүстік Кореяда жасалған өкпені жасанды тыныс алдыру аппараттары сыйға тартылды. Сондай-ақ ауданның жергілікті кәсіпкерлері жұдырықтай жұмылып, 48 дана оттегі концентраторын біздің мекемеге тарту етті. Сонымен қатар 33 дана оттегі концентраторы гуманитарлық жүкпен келді. Бүгінде дүйім жұртты алаңдатқан жұқпалы індетке бейжай қарамайтын, тиімді емді қажет ететін науқастарға көмек көрсетуге  дайын осындай атымтай жомарт жандардың  болғаны көңіл қуантады.

2020 жылы «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясы мен Бөрлі аудандық ауруханасы медицина саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бес жылға бекітілген құжат аудан және шетел дәрігерлері арасындағы өзара қарым­қатынасты нығайту, ынтымақтастықты күшейту, мекемені медициналық құралдармен жабдықтау және тәжірибе алмасу сияқты бірнеше бағыттан тұрады.

Меморандум аясында «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясы коронавирустық инфекциясының алдын алу, Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау жүйесін қолдау мақсатында Бөрлі аудандық ауруханасына 3 дана «Perseus A500» анестезиологиялық жұмыс стансасын, «Fabius Plus» өкпені жасанды желдету функциясы бар заманауи наркозды­тыныс алу аппаратын және 3 дана CVP функциясымен оттегі ылғалдандырғышы бар "Hamilton C6" өкпені жасанды желдету аппаратын алып, реанимация мен қарқынды терапия бөлімшесін жабдықтады. "Hamilton C6" аппараты тыныс алу қоспасын автономды берумен, IntelliSync+ функциясымен нақты уақытта синхрондаумен, өкпенің жай-күйін бағалауға, ауаны қайтаруға және транспульмоналды қысымды өлшеуге арналған P/V Tool® Pro құралымен «Келесі буындағы интеллектуалды өкпені жасанды желдету аппараты» деп аталатын санатқа жатады. Қазақстанда мұндай аппараттардың барлығы 7 данадан аспайды, олардың 3 данасы Бөрлі аудандық ауруханасында орналасқан.

WhatsApp Image 2021-11-02 at 08.59.14 (6)

Оған қоса аурухананың ПТР зертханасына қуаттылығы тәулігіне 700 зерттеуге дейін жететін, коронавирус жұқпасын анықтайтын аппараттар табыс етілді.

Сонымен қатар Елорда күні мерекесі аясында Бөрлі аудандық ауруханасы стационарының қабылдау-диагностикалық бөлімшесі салтанатты түрде ашылады. Қабылдау-диагностикалық бөлімшесінде халықаралық талаптарға сәйкес ТРИАЖ жүйесі бойынша пациенттердің іріктелуі жүзеге асырылады. Бөлім контрасттау мүмкіндігі бар компьютерлік томографпен жабдықталған. КТ-аппараты Бөрлі ауданының ғана емес, сонымен қатар көршілес аудандардың тұрғындарына да өз қызметін көрсетуде.

Бөрлі аудандық ауруханасында 77 дәрігер еңбек етуде. Оның 8-і жоғары білікті, 10-ы бірінші, 5-еуі екінші дәрежелі. Медициналық мекемеде 261 орта дәрежелі медициналық қызметкер бар. Дәрігерлер жыл сайын білік-тілігін арттыруда. Ауруханаға келген жас дәрігерлерге 25 орындық жатақхана  берілуде. Сондай-ақ жас мамандар «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша баспана да алуда.

Шыңғыс Сәрсенғалиев,

Бөрлі аудандық ауруханасы директорының м.а.,

жоғары санатты хирург

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале