Бүгін жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықта аудандық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен жас сайлаушылар клубының алғашқы отырысы өтті. Жиын жас сайлаушылар клубы жөнінде ақпарат беру, аталмыш клубтың ережесімен, құрамымен таныстыру, клубтың кеңес мүшелерін сайлау және еркін пікір алаңы секілді бөлімдерден тұрды. Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жанболат Бақтыгереев алдымен клубтың мақсат, міндеттері мен ерекшелігіне тоқталды.

Жас сайлаушылар клубы – жастардың саяси мәдениетін көтеріп, азаматтық жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ сайлау үдерісіне саналы қатысуға шақыру мақсатында құрылған ұйым. Оның ерекшелігі – әрбір жас азаматтың пікірін еркін айтуына мүмкіндік беріп, демократиялық қағидаларды ұстануы, жастардың белсенділігін арттыруға ықпал ету.

Кейін сөз тізгінін алған ресурстық орталықтың кеңесші маманы, клуб мүшесі Еламан Тілегенов құрылған клуб мүшелерімен таныстырып, ұйымның кеңес құрамын сайлауды ұсынды. Дауыс беру нәтижесінде ЖРО басшысы Ерасыл Ахметов клуб төрағасы, жеке кәсіпкер Тілек Бақтығалиев орынбасары, аудандық кітапхананың кітапханашысы Ақерке Ғабдуллина хатшы ретінде сайланды. Жиын барысында қатысушылар тарапынан ұсыныс, пікірге білдірілді Жастар отырыста белсенділік танытып, көкейдегі сауалдарын ортаға салды. Атап айтар болсақ, округ әкімі лауазымына қағаз жүзінде ғана емес, сол ауылдың мұң-мұқтажына қанық, ел ортасында жүрген азаматтар үміткер ретінде тіркелсе, кандидаттар өзін-өзі ұсыну тәртібімен емес, керісінше халықтың қолдауымен тартысқа түссе және сайлауға дейін өтетін пікірсайыста кандидаттар сахна мәдениетін, сөйлеу әдебін қалыптастырып, дайындықпен келсе деген қалауларын ашық жеткізді.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы