26.05.2021, 18:59
Оқылды: 33

Жас ұрпақ тілден сүрінбесін десек...

Мемлекеттік тілдің мəртебесі хақында жазу үшін тағы да қаламымды қимылдатуды ұйғардым. Асылында, ол күрекпен күш жұмсап, нəтижесін көре салар физикалық жұмыс емес. Білектің көмегімен атқаратын іс миға салмақ саларлық ой ісінің қасында жіп есе алмайды.  Бұндайда Бұқар бабамыздың: "Шаршы топта сөз бастаудан қиынын көргенім жоқ" дегені тіл ұшына келеді. Ойымды қалай жеткізсем екен деп, сəбиімді күткендей ұзақ толғанып, толғатқаным рас. Сонымен қатар тіл маманы болғаннан соң қоғамдағы көптеген тілге қатысты келеңсіздіктерге бейжай қарай алмайды екенмін... Өзім қазақы ауданда тұрғандықтан, тіліміз орыстанып кетті деп жала жабудан аулақпын. Бірақ тап-таза тұнық деп те айта алмаймын.

CA8C9198-82AA-4D4A-9D23-37080E416140

Себебі үнемі көріп жүрген жайлар мені алаңдатпай қоймайды. Көпқабатты үйде тұрғандықтан үйіміздің маңындағы балалар ойнайтын ойын алаңына бөпемді ойнатуға ылғи барамын. Сол кезде бүлдіршіндердің былдыры мен ересектердің əңгімелерін құлағым шалып қалады. Бір-бірлеріне айтатындары - телефондағы онлайн ойындар, мультфильмдердің кейіпкерлері, әзілкештердің бейпіл әзілдері, беймаза əуендер... Кейбірі смартфондарын алаңға əкеліп, қосып отырады. Оған барлық бала қиқымға жиналған құмырсқадай үймелейді. Бұл – мен көрген сырттағы кішкентай көрініс. Үйде де «соткаға» мініп отыратынындары айдан анық. Кей балалардың түнде ата-анасының айқайымен ғана телефоннан ажырайтынын көріп те, естіп те жүрмін. Қазіргі пандемия кезінде тіптен күшеймесе, толастамағанын топшылаудамын. Себебі бәрі онлайнға көшкелі қашан? Бала ала таңнан онлайн сабақта, арасындағы үзілісте онлайн ойында отыратынды шығарды. Бұндай жағдайдың соңы екі көздің соқырлығына ғана емес, көкірек көзінің соқырлығына апаратынын түсіне ма екен?!

Қазіргі мектеп оқушыларының артық білім алуға құлшынысы жоқ, керектісін алдына жайып беретін ұялы телефонына сүйенген: смартфоны өшсе, өзінің де бірге дымы құрып, әлсіреп барады... Кітап оқып, танымын кеңейтуді көздемейді. Көркем әдебиет оқып, тілдік қорын байытуды, ойын әдемі жеткізуді ойламайды. «Білімнен жақсырақ қазына болмас, Ол бір тасқын бұлақ суы сарқылмас» деп А.Рудакий айтқандай, әр ата-ана баласын жастайынан ең алдымен білімге ұмтылдырып, «тіл байлығын» жиюды көздетсе, ана тіліміз ақсамайды, қазақ тіліміздің мәртебесі құлдырамайды. Сонымен қатар  «Баланың сөз қоры жеткілікті болғанда ғана өз пікірін айтып, басқалардың сөздерін дұрыс ұға алады» деген академик, ғалым Төлеген Тәжібаевтың ұлағатты сөзі сөз өнерінің адам өміріндегі алатын басты орнын белгілеп тұрғандай. Қоғамға ана тілін жетік меңгерген, ата-тегін толық таныған толық тұлға қажеттігін меңзеген. «Өз тілін сезбеген бала - ана сүтін татпаған жетіммен тең» деп Б.Момышұлы бекерден-бекер айтпаған шығар. Сондықтан тұлдыр жетім атандырмай, өз баламызға өз тіліміздің қадір-қасиетін ұғындырайық! Тіл мәселесі - мәңгілік мәселе. Мәңгілік елдің ұрпағы екенімізді таныта берейік! 19-ғасырдағы зиялыларымыздың бірі Ғ.Мүсірепов  «...халық тілінің байлығын игеру – зор талғам, парасатты тілейтін жұмыс» деп айтып өткеніндей, ұялы телефон ұрпағымыздың уақытын ұрламасын! Болашағымызға немқұрайлы қарамайық, халқым! Асыл сөздің соңынан шам ала түскен болашақ тұлғаларымыздың талғамы тауға теңелсін, парасат-пайымы пілден ассын!

Құндыз Қадырбаева,

Жаңақала ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале