Тасқала жастары облысқа танымал жайдарманшылар Ә.Баянғалиев пен С.Қабдиев, ММА-дан әлем чемпионы Р.Акдавлетовамен кездесті.
Кездесу барысында аудан қонақтары жастардың жылы ілтипаттарына алғыстарын айтты. Сонымен қатар жетістікке жету, армандау, алға қойған мақсаттарды орындау жайлы ой-пікірлерімен бөлісті.
Алдымен сөз алған жайдарманшы, «Назар аудар» театрының актері Самат Қабдиев жастардың өз уақытын тиімді өткізуі қажеттігін тілге тиек етті.
-Болашақ – жастардың қолында. Осы сөзді біраз уақыт бұрын мына бізге қарата айтатын еді аға буын. Бүгінде біз оны сізге айтамыз. Расымен де, қазір сіздің уақыт. Жанатын, лаулайтын кезіңіз. Жұмыс жоқ, ақша жоқ деген сылтауды айтпаңыздар. Адам өз алдына мақсат қоя білуі тиіс. Өз өміріміз – өз қолымызда. Мақсат айқын болып, оған жететін жүйелі жоспарыңыз болса сізге ештеңе де кедергі болмасы анық. Қолыңыздағы телефондарыңызды жай ғана ғаламтор қарауға емес, өзіңізге қызмет қылуға жұмсаңыз. Қазір жұмыстың да түрі көп, жасайтын адамға. Алға ұмтылыңыз. Бір орында қалып қоюдың қажеті жоқ, – деді жайдарманшы.
Мұнан соң ММА-дан әлем чемпионы Р.Акдавлетова сөз кезегін алып, жеңіске жеткендегі әсерімен бөлісті.
-Әлем чемпионы боламын деген ой үш ұйықтасам түсімен кірген емес. Басында өзімнің қауіпсіздігім үшін осы спорт түрін таңдаған болатынмын. Кейін шағын додаларда бақ сынасып жетістікке жетіп жүрдім. Содан осы әлем чемпионатына қатысу бұйырды. Жеңіске жеткенімдегі әсерімді сөзбен жеткізу қиын. Толқып отырмын. Еліміздің туы биікте желбіреп, барша әлем алдында әнұранымыз шырқалғанда өзімді сондай бақытты сезіндім, – дейді жас спортшы.
Спикерлер қатарындағы тағы бір жайдарманшы, «КазИИТУ» құрамасының ойыншысы Ә.Баянғалиев те өз кезегінде жастардың өзін-өзі дамытуы жолында жұмыстануы қажеттігіне тоқталды.
Шара барысында жастар қонақтарға өз сұрақтарын қойды. Облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың ұйымдастыруымен концерттік бағдарлама өтті.
Әсем Аман,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz