20.11.2025, 10:55
Оқылды: 111

Жастар денсаулығы – қоғам болашағының кепілі

Жастар денсаулығы – қоғам болашағының кепілі (1)

Қазіргі жастардың алдында заманмен бірге келген жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа сын-қатерлер де тұр. Интернет пен әлеуметтік желілердің ықпалы, өмір қарқынының жылдамдығы, өз орнын табуға деген талпыныс кейде жасөспірімдерді күйзеліске, жалғыздыққа немесе теріс әдеттерге жетелеп жатады. Мұндай жағдайда жастардың бойында өмірге деген оң көзқарас пен жауапкершілік сезімін қалыптастыру — қоғам алдындағы маңызды міндет. Осы бағытта Бөрлі ауылдық округінің оқу орындарында БҚО “Центр семьи Ақ отау” қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған кездесу ерекше мәнге ие болды. Кездесуді бірлестік төрайымы Алтынай Искалиева жүргізіп, жастармен бірге өзекті әлеуметтік және психологиялық тақырыптар төңірегінде ашық әңгіме өрбітті. Басқосуға Бөрлі колледжінің 1-2 курс студенттері, мектеп оқушылары қатысып, буллинг және оның түрлері, күйзеліске ұшырау себептері мен одан шығу жолдары, ойынқұмарлықтың зияны, салауатты өмір салтын ұстану тақырыптарында өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Кездесу барысында студенттермен ашық пікір алмасу өтіп, өмірлік жағдаяттар мысалында өзара талқылау жүргізілді.

 

— Бүгінгі жастар – ертеңгі ел тұтқасы. Сондықтан олардың денсаулығы мен рухани дамуы ең басты байлығымыз. Осындай кездесулер жасөспірімдердің өз-өзін тануына, өмірге деген көзқарасын дұрыс қалыптастыруға мүмкіндік береді, — деді Алтынай Ғалымқызы өз сөзінде.

 

Шара соңында қатысушылар пайдалы кеңестер мен ұсыныстар алып, болашақта өз денсаулығына және айналасындағы адамдармен қарым-қатынасына жауапкершілікпен қарау қажеттігін атап өтті.

 

Бөрлі колледжі әкімшілігі мен “Ақ отау” қоғамдық бірлестігі бірлесе отырып, жастардың өмірлік дағдыларын дамытуға бағытталған осындай ақпараттық іс-шараларды алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізуге ниетті.

 

Айжарық НҰР

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале