Бәйтерек аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың ұйытқы болуымен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ы аудандық филиалы ғимаратында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер жайын түсіндірген қоғамдық қабылдау өтті.
Шара барысында аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Жанар Ғұбашева мен аудандық мәслихат депутаты Ұлданай Сейітқалиева келушілерге көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы ақпарат берді.
Қабылдау барысында жер қатынастары саласының қызметтеріне қатысты өзекті мәселелер көтерілді. Соның ішінде, соңғы уақыттары аталған қызметті ұсынуға керекті ақпараттық жүйелердегі жіберілген ақаулықтар бар екендігі айқындалып, талқыланды.
Қоғамдық абылдау барысында «Дипломмен ауылға» бағдарламасының жай-жапсыры да түсіндірілді. Бағдарлама мақсаты мен мүмкіндіктері жайлы мол ақпарат берілді.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, аудан тұрғындарын көрсетілетін мемлекеттік қызметтер жайлы ақпараттандыру маңызды екен. Әйтпегенде, шындыққа жанаспайтын қаңқу сөзге сеніп, артынан бармақ тістеп қалулары мүмкін. Осындай олқылықтың алдын алу үшін бұл шараның өзектілігі жоғары.
Назерке Сыйлыбай,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz