16.09.2020, 11:39
Оқылды: 47

«Жастар керуені» – Жаңақалада

Тылсымға толы қоңыр күздің алғашқы айының екінші аптасында Жаңақала ауданына ат басын тіреген «Jastar kerueni» жобасы аудан жастарына ерекше көңіл күй сыйлады. Батыс Қазақстан облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен, «Жас дем» ЖҚБ ұйымдастыруымен өткен жоспарлы шаралардың берері мол болды деп нық сеніммен айта аламыз. Жобаның жалпы мақсаты – ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалануға қатысты тиімді әдістерді көрсету, мемлекеттік бағдарламаларды жан-жақты түсіндіру, идеясы бар, креативті ойлай алатын жас буынның жаңа жобаларын жүзеге асыру, өзекті сұрақтарға тұшымды жауап беру.

Jastar kerueni (1)

Таңертеңгі сағат 09:00-де басталған жаңақалалық жастармен өткен кездесу бір сағатқа жуық уақытқа созылды. Ол жерде жоба жетекшісі Т.Мәуленов қысқа сөз сөйлеп, спикерлерді таныстырып, мінберге шақырды. Алғаш боп сөз алған Жандос Сұңғатов өзінің өмір жолын айтып, жастарға мотивация бергісі келді. Дін және салт-дәстүрге қатысты теолог-маман Бейімбет Дүйсенәлі салт-дәстүрге қатысты жақсы нәрселер айтты. Сұрақ жауап алмасу кезінде жастар өзінің ойларын айтып, көкейінде жүрген сауалдарды қойды. Одан әрі жастарға арналған жоба рухани орталық ғимаратында жалғасын тапты. Әр спикер өзінің саласы бойынша қызығушылық танытқан жастарға тәжірибесін айтып, кеңестерін берді.

Жаңақала жастар спорт клубының залында жастар арасында самбо күресінен әлем чемпионатының жеңімпазы, жерлесіміз – Ерасыл Бақыт күрес үйірмесіне қатысатын жас жеткіншектерге әдіс-тәсілдер көрсетіп, ерекше жаттығуларды жасады. Ерасылға риза болған балғын балуандар: «Аға ана әдісті көрсетесіз бе? Жамбасты қалай жақсы жасауға болады?» деген сынды сұрақтарын қойып, оны іс-қимыл арқылы жасап көрді.

Jastar kerueni (2)

«Жас отбасы тәрбиесінің өміріне әсері» атты ата-аналарға арналған рухани адамгершілік тақырыбындағы семинар-тренингті психолог-маман Жазира Бексариева сәтті жүргізді. Ал «Бизнес идея таңдау және қаржылық сауаттылық» тақырыбында шеберлік сабағын жүргізген Н.Байзақов та өз білгенін ортаға салды. «Footboll Freestyler» деген атаумен шеберлік сағатын өткізген А.Кубашевтің де аяқ алысына риза болдық.

Jastar kerueni (7)

«Ағайын» асханасынан ауқаттанып алған жоба қатысушылары «Тәуелсіздік» саябағында өтетін концерттік бағдарламаларына қызу дайындықты бастап кетті. Көп өтпей концерттік шара да басталды. Жастар аз жиналғанымен, «Жастар керуені» жобасының қыз-жігіттері жақсы өнер көрсетті. Жоғары лига ойындарының қатысушылары деп шақырған жайдарманшы жігіттердің көп әзілінің қай жерінен күлетінімізді ұға алмай дал болдық. Әрине, бұл да болса дайындықтың аз екендігін айғақтап тұрғандай.

Jastar kerueni (6)

Шара соңында жастар естелік суреттерге түсіп, мерекелік көңіл күйде тарады.

Жанайдар Болатбекұлы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале