10.02.2023, 22:58
Оқылды: 41

Жастар сенбілікке неге шықпайды?

Мемлекет тарапынан жастарды қолдау бағытында көптеген іс-шара жүзеге асуда. Солардың бірі – мемлекеттік грантпен қамту. Алайда қайтарымсыз қаржы алған жастардың көбі ол ақшаны мақсатсыз жұмсайды. Яғни көлік, айфон алады немесе той жасайды. Сөйтіп мемлекеттің қаржысы далаға кетеді. Бұл туралы Переметныйда өткен аудан әкімі жанындағы жастармен жұмыс жөніндегі кеңес отырысында кеңінен сөз болды.

WhatsApp Image 2023-02-10 at 19.57.09

Жиында бірінші болып баяндама жасаған аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Нұрсәуле Есенғалиеваның айтуынша, өткен жылы 2612 адам жұмыссыз ретінде тіркелсе, олардың 575-і - жастар. «2021-2025 жылдар аралығында кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы аясында былтыр жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру шеңберінде 27 жас грант алды. «Бизнес субъектілерін тексеруге жарияланған мораторийге байланысты біз бұрын олардың қызметін тексере алмадық, - деді Нұрсәуле Әуелбекқызы. - Ал биыл прокуратура органдарының ұйытқы болуымен 2021-2022 жылдары мемлекеттік грант алғандарды тексеру жұмыстары басталды. Біз де солармен бірге Перметный, Зеленный, Белес ауылдық округтарында болып, мониторинг жүргіздік. Енді қалған ауылдарға барамыз. Жалпы бұрынғы жылдардың тәжірибесі көрсетіп отырғандай, грант алғанғадардың көбі бір жылдан соң ЖК-ін жауып тастайды».

WhatsApp Image 2023-02-10 at 19.57.13 (1)

Аудан әкімі Марат Тоқжанов мұндай жауапсыз жастардың әрекетін сынға алды. Грант қаржысына кәсібіне қажет құрал-жабдық алып, ісін жүргізіп отырғандар өте аз екенін айтты.

-Қазір жастарымыз мемлекеттік грант алып, ештеңе істемеуге әбден үйреніп алды. Миллиондаған қаржы далаға ұшып жатыр. Мұны жалғастыра беруге болмайды. Соған орай қай ауылдан кімдер грант алды, ол қаржыға не істеді осының бәрін көрсетіп маған ақпарат берерсіздер, - деді Марат Лұқпанұлы.

Аудандық БЖСМ директоры Медет Оңдағанов ауыл жастарын спортқа тарту бағытында былтыр атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, 14 ауылдық округте 15 спорт түрі бойынша секциялар жұмыс істейді. Бүгінгі таңда 500-ден аса тәрбиленуші бар. Былтырғы жетістік те аз емес. Бір топ жас каратэшілер әлем чемпионтынан олжалы оралды. Көшімдік шәкірт Мөлдір Батуллина тоғызқұмалақтан, янайкиндік оқушы Алина Лемишева спорттық бағдарлаудан ел чемпионы атанды. Самбо, дзюдо, грек-рим, қазақ күресінен өткен ҚР чемпионаттарында қоржынға медаль салғандар да жетерлік. Жалпы былтыр түрлі спорттан облыстық чемпионатта 90-ға жуық бәйтеректік жүлделі орынға іліксе, оның 21-і чемпион болды. Бұл салаға қатысты мәселе де жоқ емес. Біраз ауылда жаттықтырушы, спорт нұсқаушылары жоқ. Ауылдарда спорттық құрал-жабдықтар жетіспейді.

WhatsApp Image 2023-02-10 at 19.57.13

Бәйтеректе жастар саясатының жүзеге асуы турасында аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Жанар Ғұбашева баяндады. Оның мәлімдеуінше, 60653 адамды құрайтын аудан тұрғынының 23 пайызы - жастар, төрт жастар қоғамдық бірлестігі бар. Жыл өткен сайын жастар саясатына бөлінетін қаржы көлемі артып келеді. Мәселен, 2021 жылы 11,4 млн теңге бөлінсе, биыл ол сома 21,9 млн теңгені құрап отыр. Өткен жылы 100-ден аса іс-шара өткізіліп, 3 мыңнан астам жас қамтылды. Былтыр сондай-ақ 6 бос орындар жәрменкесі ұйымдастырылды. Нәтижесінде 180 жас тұрақты, 98-і «Жастар тәжірибесі», 23-і қоғамдық, 8-і әлеуметтік, 28-і «Алғашқы жұмыс орны» бойынша жұмысқа орналасты, олардың ішінде Net санатына кіретіні – 68.

WhatsApp Image 2023-02-10 at 19.57.11

-Жаңа баяндама айтылғандай, ауданымызда 12 мыңнан астам жас бар. Бірақ сенбіліктерде сол жастар неге көріндейді? Аудан орталығы болсын, не ауылдық округтарға барғанда сенбіліктерде әлеуметтік, қоғамдық жұмысқа тартылғандар мен әкімдік, мәдениет саласы сынды мемлекеттік мекемелерде қызмет атқаратындар жүреді. Олардың арасында сонда еңбек ететін жастар да бар. Ал қалған жастар қайда? Өздерінің ауылдарын жинауға олар неге атсалыспайды? Былтыр көктемде қар суынан ауылға қауіп төнгенде күрек үстап көшеге шыққан жастар аз болды. Биыл да қарғын судан қауіп бар. Айналадағы сай-сала қазір мұз болып жатқанымен олар суға толы. Оның үстіне жерде бір метрден астам тоң бар. Сондықтан жастарды алдағы уақытта осындай істерге тартуға мән беру керек. Қар тазалау, сенбілік – бәрімізге ортақ іс. Одан қашуға болмайды. Жалпы еңбектен артық тәрбие жоқ. Жаңа баяндап жатсыздар ғой, түрлі іс-шара ұйымдастырдық деп. Дұрыс, олар қажет. Сөздің шыны керек, ондай жерлерде айтып, түсіндірген жайттарды жастардың көбі ол шаралардан шыққан соң ұмытып кетеді. Ал егер өздері еңбек етіп, тер төгіп, жұмыс істесе, бұл ұмытылмайды, - деді Марат Тоқжанов.

 

Сәкен Мұратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале