16.06.2022, 16:15
Оқылды: 132

«Жастар тәжірибесі» мерзімі – 1 жыл

Көз майын тауысып оқып, қолына диплом тиген жас өз мамандығы бойынша жұмысқа тұрғысы келеді. Дегенмен, ауылда оған дайын тұрған жұмыс болмай қалады. Сөйтіп, тауы шағылған жас маман жұмыссыздар қатарын толықтырады. Немесе қалада «дипломды заңгер-даяшы», «жоғары білімді экономист-сатушы» болып, қалып жатыр. Бұл жағдайды түзеу үшін «Жастар тәжірибесі» жобасы жұмыс жасап келді. Жас маманның алты ай бойы аз-кем тәжірибе жинақтап, өз қабілетін көрсетуге мүмкіндік беретін бағдарламаға биыл өзгерістер енгізілді.

2021_06_11_zhumyspen-qamtyldy

Суреттің дереккөзі: egemen.kz

Жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға арналған екі жоба – «Жастар тәжірибесі» мен «Алғашқы жұмыс орны» мерзімін ұзартып, еңбекақысын көбейтуді тапсырған болатын. «Жоғары оқу орны, колледж түлектері, білімі жоқ жастардың тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі әрдайым бола бермейді. Мұны біз жақсы білеміз. Кездейсоқ нәпақамен күн көріп жүргендер бар. Кейбіреулері таныс іздеп, заңнан аттауы мүмкін» деген Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалды.
- Енді «Жастар тәжірибесі» бойынша жас маман алты ай емес, бір жыл тәжірибе жинақтайды. Жалақысы – 30 АЕК. Бағдарламаға соңғы 3 жылда оқуын бітірген, мамандығы бойынша жұмыс істемеген және де бұрын жастар тәжірибесінен өтпеген жұмыссыз жастар қатыса алады. Бұл шараға биыл аудан аумағында жастарды тарту үшін республикалық бюджеттен 64323,0 мың теңге бөлінді. Яғни, біз аудан бойынша «Жастар тәжірибесімен» 147 адамды қамти аламыз. Сол қаржының 1904,0 мың теңгесі игерілді. Жыл басынан беріде жастар тәжірибесін өтуге 16 түлек жолданды. Олардың төртеуі тәжірибесін аяқтады. Екеуі жұмыспен қамту орталығы арқылы тұрақты жұмысқа орналастырылды, - дейді осы бағдарламаның іске асуы туралы аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Руслан Хайруллин.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, «Жастар тәжірибесіне» қатысамын деген адам БҚО, Теректі ауданы, Теректі ауылы, Бейбітшілік көшесі, №43 мекенжайындағы «Теректі ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығына» келіп немесе 8 71132 21 9 68 жұмыс нөміріне қоңырау шалып, толық ақпарат алуына болады.

Камелия Қарекесова,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале