Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Ana tili» газетіне берген сұхбатында 2024 жылды қорытындылап, алдағы уақытта жүзеге асырылатын жоспарларды атап өткен.
«Еліміздің тағдыры – жастардың қолында», – деп Президентіміз жастарға зор үміт артып отырғанын айтты. Болашақ үшін жас азаматтардың дүниетанымы тұрғысынан жасампаз, ойлау қабілеті жағынан сындарлы болуы және олардың жақсы мен жаманның аражігін ажырата білуі маңызды екенін де тілге тиек етті. Жастарымыз жат идеялардың жетегінде кетпей, нигилизмге бой алдырмай, керісінше белсенді, білімпаз, еңбекқор болғаны – жаңа Қазақстанның жарқын үлгісі. Мемлекет басшысы айтқандай, күшіміз бірлікте, болашақ жас ұрпақтың қолында. Сол себептен де жастар қазіргі қоғамның жетекші күші ретінде еліміздің дамуы үшін жауапты екені мәлім.
Қазақстанда білім саласын дамытуда жасалып жатқан қарымды істердің бірі – жастардың шет елдерде білім алып, тәжірибе жинақтауы. Қазақ жастары озық университеттерде жоғары білім алып, осылайша жаңа мәдениеттермен танысу, шетелдік тәжірибені меңгеру мүмкіндігіне ие болды. Сөйтіп жастарымыз өздеріне қажетті білімді игеріп, еліміздің дамуына ықпал етеді. Бұл үдеріс әсіресе техникалық, IT және инженерлік салаларда маңызды айқын көрінуде.
Ерке Бақтиярова,
аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің библиографы,
Ақжайық ауданы