26.01.2023, 20:17
Оқылды: 120

Жастар жұмыссыз қалмайды

Жастар жұмыссыздығының жолына тосқауыл болу – бүгінде әлемге ортақ мәселе десек, артық айтқанымыз емес. Ел арасында «мамандық көп, жұмыс жоқ» деген пікірдің бары рас. Дегенмен «мемлекет тарапынан халыққа қолайлы жағдай жасалып жатқан жоқ, жастар үшін еш мүмкіндік қарастырылмаған» деген жаңсақ пікірмен келісуге әсте болмайды. Еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Мемлекеттің де әлеуеті артып, экономикасы өркендеп, көптеген бағдарламалар іске асырылуда.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында көптеген бағытта жобалар кешені дайындалды. Соның бірі – кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы. Аталған жоба жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешуге, кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуге, жаңа нысандарды қалыптастыруға, сонымен қоса бәсекелестікті дамытуға бағытталғаны мәлім. Ұлттық жоба аясында 29 жастан аспаған, мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ, жақында оқуын аяқтаған немесе мүлдем жұмыссыз адамдарға түрлі қолдау шаралары көрсетіліп, «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламалары қолға алынды. Бұл – жастар үшін тәжірибеден өтуге, қажетті білім алуға және тұрақты жұмыспен қамтылуына үлкен мүмкіндік.

E780810D-CF84-412B-93E5-72329A559E1A

Суреттің дереккөзі: aikyn.kz 

«Жастар тәжірибесінің» мақсаты – университет пен колледж бітірген жастарды мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға көмектесу, жұмыс істеуге бейімдеу. Бірақ жұмысы ауыр кәсіпорындар мен зиянды, қауіпті жұмыстарға жіберілмейді. Жастар тәжірибесіне қабылданған жас 6 айдан 12 айға дейін практикада болады. Жас маман осы уақыт аралығында жұмысында өзін көрсете алса, тұрақты жұмысқа қалуына мүмкіндігі бар.

«Алғашқы жұмыс орны» жобасы аты айтып тұрғандай, бұл бағдарлама да бірінші кезекте жастарды қолдауға бағытталған. Негізінен жұмыс тәжірибесі жоқ, 29 жасқа толмаған, соның ішінде NEET санатындағы жастар жолданады.

Ал енді осы аталған жобалар ауданымызда жүзеге асып жатыр ма? Жастарымыздың әлеуметтік жай-күйі, жұмысқа орналасу көрсеткіші қандай? Сол жайында сөз етсек.

Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың жетекшісі Жанар Ғұбашеваның айтуынша, жыл басынан бері 5 (бес) бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, кәсіпорындар мен мекемелерден аудан бойынша 200-ге жуық вакансия ұсынылған. @baiterekzhastarylife әлеуметтік парақшасында жастарға қатысты жұмыспен қолдауға арналған «Жастар тәжірибесі», «Дипломмен ауылға», «Жасыл ел», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары аясында кәсіпкерлікпен айналысу және кәсіптік білім алу жөнінде ауқымды кеңестер берілген. Әлеуметтік акциялар бойынша «Ардагерлерді ардақтайық!» және «100 нақты көмек» жобасы жүзеге асырылуда. «Жастарға жұмыс!» оқу-семинарлары 22 ауылдық округте өтіп, белсенді жастармен қатар Neet санатындағы жастар да қатысқан. Жастарды жұмыспен қолдауға арналған «Жастар тәжірибесі», «Дипломмен ауылға», «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Және де өз баяндамасында осындай көрсеткіштерді ұсынды. «Жастар арасында тұрақты жұмысқа орналасқандар саны – 180; «Жастар тәжірбиесі» арқылы – 98, қоғамдық жұмыс – 23, «Алғашқы жұмыс орны»  – 28; Әлеуметтік жұмыс орны - 8, Қысқа мерзімді оқу – 1»

Аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Нұрсәуле Әуелбекқызы жоғарыда келтірген сандық көрсеткіштерді былай деп тарқатады:

– Бәйтерек ауданы бойынша 2022 жылы "2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба" мемлекеттік бағдарламасы аясында 98 адам техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының түлектері алған кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу мақсатында оқуды аяқтағаннан кейін 3 жыл ішінде және жиырма тоғыз жастан аспаған азамат(ша) «жастар практикасына» жолданды. "Алғашқы жұмыс орны" жобасы бойынша 28 адам жолданды. Сонымен қатар 2022 жылы жастар арасынан қайтарымсыз грантты 27 адам алса, әлеуметтік жұмыс орнына 8 адам жолданды, бос жұмыс орындарына 180 адам жастар арасынан жұмысқа орналасты, ақылы қоғамдық жұмысқа 23 адам жолданды және қысқа мерзімді оқуға жұмыс берушінің сұратуы бойынша 1 адам оқуға жіберілді.

Және де ағымдағы жылы жастар практикасына 160 адам және "Алғашқы жұмыс орны" жобасына 30 адам жолдау жоспарланды. 2023 жылдың қаңтар айының 1-не жұмыссыз ретінде 197 адам жастар арасынан жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр.

«Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында уақытша жұмысқа орналасқан, бүгінде Абай мектеп-гимназия-интернатында кәсіптік іс бағдарлаушы болып тұрақты қызмет атқарып жүрген жас маман Жұмабеков Дәуренбек Қайратұлының жобаға қатысты:

- Мұндай жобалардың жастарға берер пайдасы мен сыйлар мүмкіндігі зор. Неге десеңіздер, қазіргі таңда қоғамда жұмыссыздық көптеп белең алуда. Осы келеңсіздікті жою мақсатында ұйымдастырылып жатқан бұл бағдарламалар нағыз дұрыс шешім деп есептеймін. Қолға алынып жатқан жобалардың арқасында қаншама адам өз еңбек жолын бастап жатыр. Тек жұмыспен қамту орталығына барсаңыз болды, сізге өзіңіз тұратын аймақ бойынша немесе қалаған өңіріңізден барынша мүмкіндіктер қарастырып, жұмыспен қамтамасыз етуге күш салады. Бұлай сенімді айтып отырған себебім, мен өзімде былтыр оқуды бітіре сала алғашқы жұмыс орныма «Жастар тәжірибесі» арқылы қол жеткіздім. Сол үшін сіз де құр жатпай, өз еңбек жолыңызды бастаңыз, - дейді.

Естеріңізде болса, Мәжіліс отырысында премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов бұрын жастар санатына 29 жасқа дейінгі азаматтар кіретін болса, қазір, 2023 жылдан бастап 35 жасқа дейін ұлғайтылғанын хабарлаған еді. «Сонымен қатар заңда NEET санаты деген норма бекітілді. Енді еш жерде жұмыс жасамайтын, оқымайтын немесе біліктілігін арттырмай жүрген азаматтар да мемлекеттік қолдауға ие бола алады. Және «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына сәйкес, бұрын жастар жарты жыл өтетін болса, қазір ол бір жылға дейін ұзартылған. Осы бір жылдың ішінде жастар 100 мың теңгеге жуық айлық алатын болады. Сонымен бірге «Алғашқы жұмыс орны» деген бағдарлама да бір жарым жылға дейін ұзартылды. Бұл бағдарлама бойынша да жастар 100 мың теңгеге дейін айлық алатын болады» - деді Алтай Көлгінов.

Нұрсәуле Әбілпейсова,

Бәйтерек ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале