1.06.2022, 20:25
Оқылды: 33

Жастарды құрылыс жасақтарына тарту керек

Жаз келді. Жазбен бірге «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысы басталды. Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Нұртілеу Болат 2021 жылы үшбу жоба бойынша 30 жас жұмыспен қамтылғанын, 2022 жылы да осы меже орындалатынын айтты. Биыл Жымпиты ауылдық округі бойынша – 14, Бұлдыртыда - 10, ал Шолақаңқатыда - 6 «жасылелдік» ауылдың ажарлануына үлес қоспақ.

IMG-20220601-WA0218

Иә, жастарды еңбекке араластырудан ұтарымыз көп. Біріншіден, олар табыс табады. Екіншіден, үйден ұзамаған бозбала мен бойжеткен еңбек жасақтарының қатарында жүріп ширығады, ортада өзін-өзі тәрбиелейді.

Сырым ауданында «Жасыл елмен» қатар, «Студенттік құрылыс жасақтарының» да жұмысын қолға алған жөн секілді көрінеді. Себебі биыл ауданда 10 нысанда құрылыс жұмыстары жүреді. Оны бізге Сырым аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы Артур Искаков мәлімдеді. Атап айтсақ, 7 елді мекенге ауыз су тарту, Көздіғара мен Жырақұдыққа спорт алаңдарын салу, Алғабас ауылдық округіндегі мәдениет үйін күрделі жөндеу сияқты жұмыстар атқарылады. Демек, оқудан ауылға келген студенттерге жаздай жұмыс бар.
Жастар онсыз да қарап жатпас. Біреуі мейрамханаға, біреуі құрылысқа уақытша жұмысқа тұрар. Ал олардың еңбек тәртібі мен қауіпсіздігіне кепіл бар ма? Еңбекақысын уақтылы қолына ала ала ма? Осындай сауалдар мазалайды. Құрылыс жасақтары жұмысында мұндай мәселелер болмас еді деген ой біздікі.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале