Шыңғырлау ауданында жұмысшы мамандықтар жылы аясында Шыңғырлау аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен Батыс Қазақстан облысының жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтары қызметкерлері арасында спартакиада өтті.
Өңір жастарының басын қосқан спорттық додаға 9 команда, 80-ге жуық қызметкер қатысып, бес спорт түрі бойынша бақ сынасты. Атап айтсақ, ерлер арасында шағын футбол, арқан тартыс, үстел теннисі, қыздар арасында қол күрес және садақ ату.
Спартакиаданың ашылу салтанатының алғашқы құттықтау сөзі аудан әкімі Мұрат Өмірәлиевке беріліп, кейін облыстық жастармен жұмыс жөңіндегі ресурстық орталығының басшысы Аңсар Ибраев сөйледі. Сөз алушылар жалынды жастардың қоғамдағы рөлі, осындай басқосулар мен жарыстардың маңыздылығы жайында айтып, алдағы ойындарға сәттілік тіледі.
Жоғарыда аталған ойындар бойынша аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде бір күн бойы тартысты дода өтті.
Әр ауданнан келген жастар бір-біріне қолдау білдіріп, жеңіске жетуге бар күштерін салды. Жарыс болғанмен де өңір жастарының ауызбіршілігі мықты. Бір-бірімен құшақ жая көрісіп, жүздескендеріне риза болып жатты.
Кейін қатысушылар арасынан үздіктер анықталып, марапаттау рәсімі өткізілді. Нәтижесінде Бөрлі ауданының жастары ІІІ, Шыңғырлау жастары ІІ, Қазталов жастары жүлделі І орынды иеленді.
Спартакиаданың басты мақсаты жастардың басын қосып, достық қарым-қатынасты нығайту, тәжірибе алмасу, батыс өңірінің елді-мекендерімен таныстыру болды. Ұйымдастырушылардың бұл мақсатқа жеткені сөзсіз. Шыңғырлау төрінде биылғы жылдың алғашқы басқосуы өткізіліп отырғанына басшылық та, жастар қауымы да риза. Алдағы уақытта да осындай нәтижелі жұмыстар атқарылып, ауқымды додалар ұйымдастырыла бермек.
Гүлжазира Асу
Шыңғырлау ауданы