19.07.2021, 10:05
Оқылды: 89

Жастардың КТК ойындары өтті

 Казталов ауданы орталығындағы С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығында аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Мен ауылдың баласы» атты КТК фестивалі өтті.

IMG_8316

Фестиваль ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында ауданаралық КТК ойындарын жандандыру мақсатында ұйымдастырылды.

Жастардың ауқымды шарасына Казталов, Жалпақтал, Көктерек, Қараоба, Тереңкөл, Қошанкөл ауылдық округтерінен 6 команда қатысты. Ал олардың сахнадағы шеберлігіне аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Әбішева, С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығының әдіскері  Тауасих Тақаев, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының директоры Мұқағали Шоқпанов қазылық етті. Фестивальді ауданымызға белгілі жайдарманшы Нұргелді Камаледенов жүргізді.

Фестиваль аясында жастар ауданымыздағы, жергілікті ауылдық округтегі өзекті, түйткілді мәселелерді, қоғамдағы жайттар мен саясатты әзілмен өрнектеп, халыққа жеткізе білді. Әзілсүйер қауым ауданымыздағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты аталмыш фестивальді онлайн тамашалауға мүмкіндік алды. Фестиваль қорытындысы бойынша Аружан Чукина «Үздік ойыншы» аталымына, «Жалпақтал жастары» (Жалпақтал) ІІІ орын, «Ауылдың балалары» (Көктерек) ІІ орын, «Арландар» (Тереңкөл) І орынға ие болып, арнайы дипломдармен, естелік сыйлықтармен марапатталды. Тереңкөлдік «Арландар» фестивальдің арнайы кубогіне ие болды. Ал жас та болса белсенді ойын өрнегін көрсеткен «Ғұмар Қараш жастары» (Қараоба), «Алға бір қадам» (Қошанкөл), «Қызыл өрік» (Казталов) командаларына арнайы алғысхат табысталды.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале