Тасқала аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан «әжелер алқасы» құрылған болатын. Мұндағы мақсат ұрпақтар сабақтастығын жан-жақты қамтамасыз ете отырып, жастарды жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу, ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың жандануына атсалысу.
«Үйлену оңай, үй болу» қиын қағидасына орай отбасы құндылықтарын насихаттай отырып, ұрпақ тәрбиесіне тамшыдай болса да үлес қосу. Жалпы «Әжелер алқасының басты ұстанымы» «Мәңгілік елдің» ұрпағын саналы етіп тәрбиелеу. Өйткені, бүгінгі таңда ұрпақ тәрбиесі өте өзекті мәселеге айналды. Сондықтан, әр ата-ана оны сәби құрсақта жатқан кезінен бастау керек.
Міне осы бағытта құрылған «Әжелер алқасы» осы аптада өз жұмыстарына кірісті.
Олар "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕ АҚ БҚО бойынша Тасқала филиалының аудандық АХАТ бөлімінде өткен екі жастың неке қию сәтінің куәсі болды. Алдымен аудандық АХАТ бөлімінің басшысы Р.Сапарова жас жұбайлар Айымбек Каримов пен Аида Даулетованы заңды некелерімен құттықтап, оларға салтанатты түрде неке куәлігін табыстады.
Ал, аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған "Әжелер алқасының" төрайымы Аққаным Меңдіғалиева жас келіннің басына ақ орамал салып, «Ақ тілеу» халықтық әжелер ансамблінің жетекшісі Күміс Ескалиева орамалдың қасиетін тілге тиек етті.
Осы шараға арнайы қатысқан, ардагерлер кеңесінің мүшесі Қарлығаш Тасқалиева жас отбасына естелік сыйлықты табыс етті. Шара соңында ақ жаулықты әжелеріміз ақ батасын беріп, игі тілектерін жолдады.
Назгул Серікқызы,
Тасқала ауданы