Қаратөбе ауданында «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтарының жұмысының салтанатты түрде ашылу шарасы өтті. Шараға дербес бөлім басшылары қатысты.
«Жасыл ел» бағдарламасы 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан кешенді бағдарлама. Аталмыш бағдарлама көптеген жастың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, елімізді жасыл желекке айналдыру мақсатында олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстыра алды.
«Жасыл ел» Жастар еңбек жасағы бұнымен тоқтап қалмай, биыл да өз жұмысын белсенді түрде жалғастырмақ.
Шара барысында ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин жұмысшы жастар үшін кезекті еңбек маусымының ашылу салтанатымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының директоры Нұркен Азаматтың сөзіне сенсек, жоспарға сәйкес «Жасыл Ел» жастар еңбек жасағы маусым, шілде, тамыз айларында жүзеге асады.
– Бұл бағдарламадағы басты бағыт – табиғатты қорғау, экологияны сақтауға ғана емес, жастардың тәрбиесі мен еңбекке баулу. «Батыс Қазақстан бойынша «Жасыл ел» еңбек және құрылыс жасақтары» жеке мекемесі Қаратөбе ауданы бойынша маусым, шілде, тамыз айларына 60 студент сарбаздарды қамтуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда маусым айында 20 студент сарбаз жұмыстанып аудан орталығындағы саябақтардағы арамшөптерді жұлып, тазалап жатыр.
Бағдарламаның тағы бір тиімді тұсы – жастарды еңбекке тарту – дейді, - аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Н.Азамат.
Аталмыш бағдарлама аясында еңбектеніп жүрген жастар көшелерді, арық бойларын тазалап қана қоймай, футбол алаңдарының ауласын да тазалап, қураған ағаштарды кесіп, тас жол жиектерін әктеу сияқты игілікті іс жасау барысында үлкен белсенділік көрсетуде.
Маусым, шілде тамыз айларында жасақшылар тынбай жұмыс жасайды. «Жасыл ел» жасақшылары қоршаған ортаның көркеюіне, қоғамдық орындардың таза тұруына өз септігін тигізіп жатыр.
Райымбек Абай,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz