«Ақжол» демократиялық партиясының өкілдері Қаратөбе ауданындағы Алаш және Қайыржан Хасановтың тарихи-өлкетану музейінде ауыл жастарымен кездесті.
Жиынға атаулы партияның Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бағдат Ізмағанбетов, облыстық мәслихаттың депутаты Ержан Хасанов, аудандық мәслихаттың депутаты Нұрлыбек Айтқалиев, Қаратөбе ауылының кәсіпкері Тоқтар Омаров, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Нүркен Азамат қатысты.
Алғашқы сөз кезегін алған партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бағдат Ізмағанбетов, ел болашағы жастардың көкейінде жүрген мәселелерді тыңдап, ойын ортаға салды. Сонымен қатар күн тәртібіндегі екінші мәселе «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты жалпы ұлттық дәстүрлі байқауының жарияланғанын хабардар етіп, байқаудың ережелерімен таныстырды.
– Біз, облыстың аудандарын аралап, бүгін киелі Қаратөбе ауылына келіп отырмыз. Бұл сапарымызда партияның мақсат-міндеттерін насихаттап, атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып, жастардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдау мақсатында өздеріңізбен бірге дөңгелек үстелде бас қосып отырмыз. Өз ойларыңызды, ұсыныс-пікірлеріңізді айтып, белсенділік танытып отырсаңыздар. Шешілмей жатқан мәселелер туралы ойларыңызды ортаға салсаңыздар.
Жуырда «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты жалпы ұлттық дәстүрлі байқауы жарияланды. Байқау 2012 жылдан бері, осыменен 12-інші рет ұйымдастырылуда.
Байқаудың басты мақсаты – Алаш қозғалысының саяси тәжірибесін, экономикалық ұстанымы мен рухани мұрасын қазіргі Қазақстан қоғамын жаңғырту контексінде зерделеу және насихаттау.
Байқауға Алаш қозғалысын зерттеумен айналысып жүрген 18-35 жас аралығындағы Қазақстан және шетел азаматтары эссе, мақалаларын ұсына алады. Байқау материалдары қазақ және орыс тілдерінде қабылданады. Өздеріңізді байқауға қатысуға шақырамын, – деді партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бағдат Ізмағанбетов.
Облыстық мәслихаттың депутаты Ержан Хасанов, Алаш ардақтыларының еңбектеріне, Қаратөбеде өткен Алаш сиезінің тарихына тоқталып, сиез өткен орын туралы әңгімеледі.
Кездесу барысында жастар сауалдар қойып, өтініштерін айтты. Оған партия өкідері жауаптар қайтарды.
Жастар жол жөндеу, жол салу, аудандағы интернет желісінің жұмысын жақсарту туралы ұсыныстар тастады.
Кездесу барысында партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Б.Ізмағанбетов жиынға қатысушы бір топ жасқа «Ақжол» партиясының куәліктерін табыстады.
Ерболат Райсов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz