Тасқала ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында жастар жұмысы жөніндегі кеңес отырысы өтті.
Алқалы жиынға аудан әкімі Талғат Шакиров, кеңес мүшелері, ауданның белсенді жастары, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық қызметкерлері, дербес мекеме-бөлім басшылары қатысты.
Алғашқы мәселе бойынша Шежін ауылдық округінің әкімі Мержан Есқалиев пен Амангелді ауылдық округінің әкімі Әсет Қозы-Көрпешұлы округте жастар саясатын жүзеге асыру және жастар арасындағы тәрбиелік жұмыстар мен мәселелер жөнінде айтып өтті.
Әрі қарай Тасқала ауданы бойынша мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы туралы аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Жиенбай Мирамбаев баяндама жасады.
– Қазір жастарға мемлекеттік қолдау – үлкен мүмкіндік. Осы бағытта аудан жастарына үнемі көмек көрсетіліп келеді. Жыл басынан 227 жас тұрақты жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ «Жасыл ел» еңбек жасағына аудан бойынша биыл бөлінген квота саны – 160, аудан орталығында – 130, Амангелді, Мерей, Ақтау ауылдарында 30 қыз-жігіт мерзімдік жұмысқа тартылды. Бөлінген квота толықтай игерілді. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен 19, әлеуметтік жұмыспен 7, ақылы қоғамдық жұмыспен 5 және «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасымен 5 жас қызметке кірісті. Сонымен қатар «Бастау-Бизнес» бағдарламасы аясында 18 жас қысқа мерзімді оқудан өтіп, соның ішінде үшеуі грант иегері атанды, - деді ол.
Жастар жетекшісі сонымен қатар жыл сайын аудиториясы үнемі өсіп отыратын іс-шаралардың ішінде ауқымды, маңызды жағын да айтып өтті.
Жастар саясатын іске асыру бойынша биыл атқарылған жұмыстардан бөлек, алдағы уақытта жастардың заманауи қабілетін дамыту мақсатымен өтетін киберспорттан аудандық біріншілік, жерлестеріне қолдау болып жүрген кәсіпкерлерді көпке үлгі ету үшін «Жомарт жүрек» және жыл қорытындысы ретінде әр саланың үздігін анықтайтын «Жыл үздігі» сынды іс-шаралармен жылды аяқтағалы отырған жоспарын жеткізді.
Баяндаманы мұқият тыңдаған аудан басшысы осылардың жүзеге асыруды аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жиенбай Мирамбаевқа тапсырды.
Назерке Шайхоллақызы
Тасқала ауданы