15.02.2023, 17:44
Оқылды: 44

«Жастығын жалын шарпыған»

Бүгін 15 ақпан – Кеңес әскерінің Ауған соғысынан шығарылғанына 34 жыл толуына орай, Жаңақала аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, мүгедектер қоғамының және аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен «Жастығын жалын шарпыған» атты кездесу кеші өтті.

IMG20230215103351

Жиынға Ауған соғысының ардагерлері Берік Жәрдемов, Ерболат Ибрашев, Дастан Төлегенов, мекеме басшылары және Батыр Болатұлы оқушыларымен қатысты.

- Батырлық пен қайсарлықтың үлгісін көрсетіп, өздерінің Отан алдындағы борышын адал орындаған азаматтарымыздың ерен ерлігі әрқашан жадымызда. Ерлікті ұлықтау, насихаттау, құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың парызы. Жас ұрпақ сіздерді әрдайым мақтан етеді, - деген аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева қатысқан ардагерлер мен жиналған көпшілікке жылы лебізін білдірді.

IMG20230215104442

Одан әрі ардагерлер отан алдындағы борышын өтеу кезінде көрген қиындықтарымен, бастан кешкен оқиғаларымен бөлісті. Жаңақала мектеп-гимназиясының оқушылары Аружан Құттыбекқызы «Армысыздар ауғандық жауынгерлер», Нөкөш Әзиза «Ауғанстан ақиқаты» өлеңдерін оқыса, Қ.Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебінің оқушылары Раушан Нұралиева мен Айару Ерболатқызы Құрманғазының «Алатау» күйін күмбірлете шертті. Назерке Серікқали, Жанэль Жанкелдіқызы, Шынар Қабен және  жетекшісі Амангүл Сәбитқызы Құрманғазы туындыларынан күй тартысты көрермендер назарына ұсынды.

IMG20230215105259

Шара барысында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Еркін Сапаров:

- Біз соғыста қаза тапқан жауынгерлердің ерліктеріне бас иеміз. Бұл кездесу елінің азаматы ретінде, болашақ Отан қорғаушы ретінде ұрпақтарымыздың бойларына рух беріп, Отан алдындағы борышын адал өтеуге ынталандырады, - деді.

Одан әрі А.Нұрғалиқызы ардагерлерге аудан әкімі Дархан Закариннің алғыс хатын табыстап, сыйлықтарын тарту етті.

Райхан Хамзина,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz​

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале