Жастық шақ – адам баласының ең белсенді кезеңі, қайрат-жігерге толы жалындаған шақ. Тепсе темір үзер күш-қуаты тасып тұрған жас тәуекелге толы кезең. Жастық шақ – қайтып келмейтін көктем, ағысы өзгермейтін өзен, сондай-ақ, аспанда тек бір рет қана жарқ етіп көрінетін жұлдыз. Ең айқын ерекшеліктерінің бірі – рухани жетілу мен кемелдікті қабылдауға дайын болуы. Ал осы ретте көшбасшы болу – мұсылманға тән қасиет, маңызды іс, заман талабы. Басқалардан оқ бойы озық тұру, алға қойған мақсатына жетпей қоймау – адам табиғатында бар нәрсе. Еліміздегі жастар көші өз кезегінде дұрыс бағдар алып, нақты қадамдар жасап келеді. Сондай үлгі тұтар жастарымыздың бірі - Тілек Бақтығалиев.

Тілек Теңелұлы 1999 жылы 30 шілдеде Жаңақала ауылында дүниеге келген. 2005 жылы алғаш мектеп табалдырығын аттаған ол 2016 жылы Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық колледжінде 2018 жылға дейін «Есеп және аудит» мамандығы бойынша білім алған. 2018-2019 жылдары Алматы облысына қарасты Қонаев қаласындағы 32363 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеген. Аман-сау оралған соң, 2020 жылға дейін, «МАДИ» ЖШС қауіпсіздік қызметкері, 2021 жылға дейін «РЦКУ-ОРАЛ» ЖШС ВДГО маманы қызметін атқарған. Қазіргі таңда №47 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші қызметін атқарып келеді. Бала күнінен спортпен шұғылданғанды, кітап оқығанды, адамдармен тез тіл табысқанды ұнататын Тілек үшін қазіргі таңда да әр салада өзін жаңа қырынан таныту таңсық нәрсе емес. Аударыспақ, арқан тартыс, қазақша күрес, пауэрлифтинг-мас-рестлинг сайыстарынан жылма жыл жүлделі орындар алып жүр. Жуырда өткен «Толағай» алыптар сайысынан да қалыс қалмай, 2 орынға ие болған болатын.
Сондай-ақ, сәуір айынан бері аудандық мешіт жанынан «Barakat» атауымен асхана ашып, шағын бизнесін дөңгелетіп отыр. Дәмхана да фаст-фудтан бөлек, өзбек палауы, лағман сияқты түрлі тағамдар бар. Дастарқан мәзірімен таныстырған кәсіпкердің сөзінше мұның бәрі табиғи таза өнімдерден жасалған. Бүгін де қарамағында 7 адам жұмыс жасайды. Жұмысшылардың бәрі аспаздықтың қыр-сырын толық меңгерген. Мұсылман қауымдастығында «халал» деген сөз бар. Бұл астың адалдығын байқатады. Бұл жерге адам көп шоғырланатыны да сондықтан. Осылайша, шаруақор жігіттің ауылдағы кәсібі жемісін беріп келеді. Иә, Тілектің дәмханасына келуші қонақтардың қарасы көп. Өз тұтынушыларына қызметі мен құрметін бірдей жасайтын жігіттің талғамына таңғалмасқа болмайды. Бос тұрған ғимаратты жалға алған ол оның ішін қала үлгісімен сәндеп, жаңа жиһаздармен жабдықтаған. Қабырғалардағы әдемі суреттер келушілердің көзін тартады. Дәмхана қашықтықтан да тағам түрлері бойынша тапсырыс қабылдайды. Яғни үйде отырып тәбетің тартқан асты кез келген уақытта алдыра аласың. Тағамдардың барлығы қолжетімді бағаға лайықталған. Санитарлық талаптар қатаң сақталған. Асхана күндізгі сағат 10:00-ден түнгі 01:00-ге дейін күнделікті жұмыс жасайды. Тілектің айтуынша, бұл тек бастамасы ғана. Жылдам тамақ желісі одан әрі жандана бермек. Ол алдағы уақытта да жан-жақты ізденіп, кәсібін кеңейтуді көздеп отыр.
- Жастарға аға буын ретінде айтар ақыл-кеңесім – жастық шақ – ұйықтасаң ұйқыға, ішсең тамаққа, ойнасаң ойынға тоймайтын күш-қуатың тасып тұратын уақыт. Оны көбіне дер кезінде түсіне бермейміз. Отбасы мен ата-анаға деген сыйластық ерекше болу керек. Өйткені ата-ананың разылығы – Алланың разылығы. Сондай-ақ, қолыңнан келіп тұрса, адамдарға мейілінше көбірек жәрдем берген жөн. Әрдайым білім алуға талпыну, араласатын ортаң мен айналаңды ізгі жандарға толтыру, зиянды әдеттерден бас тартып, алдағы өмірге нық мақсаттар қойып, соған жету жолында аянбай еңбек ету – әр адамның бойынан табылуы керек қасиет деп білемін. Сонымен қатар, үнемі ізденісте болып, өзіңді дамытып отыру керек. Өйткені, өзгеріссіз көшбасшының еңбегі еш, тұзы сор, яғни күні қараң деген сөз. Аллаға шүкір! Ауданымызда жақсылыққа жаны құмар, үнемі сауапты істерде ат салысып жүретін жастарымыз да аз емес. Осы кезге дейін Мешіт жамағатымен, қайырымдылық топтармен, жастар ресурстық орталығымен бірлесе түрлі игі шараларға үлесімді қостым. Алдағы уақытта да жоспарлар өте көп. Биыл қасиетті Рамазан айында аудан көлеміндегі мұқтаж отбасыларға азық-түлік тарату, күнделікті 70 адамға мешітте ауызашар ұйымдастыру, балаларға тәттілер үлестіру және көмекке мұқтаж ақсақалдарға тұрмыстық септігімізді тигізу сияқты игі істерді атқардық, - дейді Тілек Теңелұлы.

- Жақсы істің басына, жақсы келер қасына» - демекші, Тілек бауырымыз әр шараның, әр істің басы қасында жүретін белсенді азамат. Қайырымдылық секілді сауапты амалдарға әрдайым дайын тұратын жан. Айналасы да сыйлы. Адамдармен тез тіл табысады, ортаның адамы десе де болады. Тұрақтылық, сенімділік, адалдық сияқты қасиеттерді бойына сіңіріп, өз ынтасымен өзгеге қол ұшын беруге дайын тұрады. Өзіне жүктелген міндеттерге жауапкершілікпен қарауды әдетке айналдырып, жас болса да, бас болып жүрген жігіт, - дейді аудандық мешіттің бас имамы Жомарт Лұқпанұлы.
«Қына тасқа, ақыл жасқа бітеді» деген. Ауыл баласы Тілек Теңелұлының тірлігі көпке үлгі. Қазір «бірдеңе істеу керек» деп жүрген замандас көп. Солар жас көшбасшының қарекетіне қарап бой түзесе игі...
Қолымды мезгілінен кеш сермедім – деп Абай атамыз айтқандай қолымызды кеш сермеп кешігіп қалмас үшін жас кезімізде ілімге мән берейік, талаптанайық, ізденейік, сонда ғана біздің болашақ ұрпаққа береріміз болады. Алла елімізде иманды жастардың санын арттырсын! «Мықты болсаң, өз нәпсіңді жең» деп өсиет қалдырған Хәкім Абай осыны меңзеген деп түсінемін. Алла Тағала баршамызды тура жолдан айырмасын!

Үнемі көңілі көтеріңкі жүретін позитивті жастың бүгінгі бейнесі, міне, осындай. Әрине, оның бір ізге түсуіне өмір көшесінде кездескен білікті мамандар мен ұлағатты ұстаздарының үлесі бар. Алайда осынау жетістік пен абыройға ол тек маңдай тер мен еңбектің ақасында жеткені ақиқат.
Ақерке Ғилымхан,
Жаңақала ауданы