30.05.2024, 14:45
Оқылды: 52

«Жасыл ел» бағдарламасы аясында 160 жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр

Елімізде жастар саясаты басым бағытқа ие. Бұл орайда көптеген игі бастама жемісін беріп те жатыр. Солардың бірі – «Жасыл ел» бағдарламасы. Ол – 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан кешенді бағдарлама.

жасыл ел таскала

Фото: zhaikpress.kz, Тасқала ауданы

Сол жылы Астана қаласында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының республикалық штабы құрылып, ұлан-ғайыр мекеннің барлық аймағында бөлімшелері ашылып, жұмысын бастап кеткен болатын. Жалынды жастардың көмегімен құрылған ірі бағдарлама осы күнге дейін жақсы нәтижемен көрінді.

Тасқала ауданында 1 мамырдан бастап «Жасыл ел» аясында жұмыс жоспарланды. «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбазы болу – қазіргі таңда үлкен бедел, олай дейтініміз, студенттер бос уақытында еліне қызмет етіп, туған жерін гүлдендіруге, көгалдандыруға атсалысса, екіншіден, жазғы демалысын тиімді өткізеді. Ауданда 2017 жылдан бері «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы жұмысын бастады. 2023 жылы ауданда бағдарлама аясында 171 жас еңбекке араласса, осы жылы 160 жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Дәлірек айтсақ, Тасқала ауылдық округі бойынша 130, Қазақстан, Амангелді, Мерей ауылдық округтерінен 10 адамнан барлығы 30 қыз-жігіт жұмысқа кіріспек.

 – Бағдарламаның тағы бір тиімді тұсы – жастарды еңбекке тарту. Аталмыш бағдарлама аясында еңбектеніп жүрген жастар бүгінгі күнде көшелерді, арық бойларын ғана емес, саябақтарды тазалап, қураған ағаштарды кесіп, тасжол жиектерін әктеу сияқты жұмыс атқарды. «Жасыл ел» жасақшылары қоршаған ортаның көркеюіне, қоғамдық орындардың таза тұруына өз септігін тигізіп жүр. Жастар үш кезең бойынша жұмыстанады. Жұмыс күні дүйсенбі мен жұма аралығын қамтиды. Көбіне бұл жобаға студенттер тартылады. Қазіргі таңда «Жасыл ел» жасағы көптеген жастың басын қосып, жүйелі түрде іске асып келеді. Және оған еліміздің жалынды жастары үлкен қолдау білдіріп отыр. Қыз-жігіттерге экологиялық білім беріп, еңбексүйгіштікке, патриотизмге, жинақылық пен тазалыққа тәрбиелейтін бұл бағдарламаның өскелең ұрпақ үшін маңызы зор, – дейді аудандық ресурстық орталықтың кеңесші маманы Аделя Киреева.

 Назерке Шайхоллақызы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале