26.03.2021, 12:02
Оқылды: 26

«Жасыл сия» әдісі

Жуырда бір кітаптан бұрын-соңды естімеген «Жасыл сия» әдісі туралы оқып, біраз ойға қалдым. Алдымен, бұл қандай әдіс екеніне қысқаша тоқталсақ... «Жас ана әлі мектеп жасына жете қоймаған кішкентай баласын жазу-сызуға үйретеді. Дәптерге жазылған әріптердің ішінен қисығы мен қате жазылғанын қызыл сиямен сызбай, керісінше сол жазбалардың ішіндегі ең әдемілерін тауып, жасыл түспен белгілепті. Яғни, бәрімізге белгілі, әдеттегі үрдістей қате жазуларды алыстан назар түсіртіп, қызылмен сызып, шимайламай, тек арасынан қатесіз әрі ең әдемі жазуларды таңдапты.

жас

Нәтижесінде мектеп табалдырығын енді аттағалы отырған баласы одан әрі тапсырмаларды кемшіліксіз орындауға талпынып, үнемі «Анашым, қайсылары әдемі болып шығыпты?» - деп қатесіз әрі әдемі жазуға деген құлшынысы арта түсіпті. Анасы «Керемет» деген сөзбен әдемі көрінген әрі қатесіз жазылған жазбаларды белгілегенде, баласы өте қуанады...»

Кейін бұл тәсіл психолог мамандарының арасында «Жасыл сия» әдісі аталып кетіпті. Бұл әдістен не көреміз? Күнделікті өмірде қызыл сиямен сызылған жазулар адамның қателігін бетіне басып, соған назар аудартады. Ал қызыл сызықтардың артында керемет жазылған жазбаларды байқамауымыз мүмкін. Мәселен, бір ақ параққа маржан моншақтай тізілген әдемі жазудың ішінен бір кемшілік табылса, сол қызыл сиямен мен-мұндалап сызылып тұрғандықтан, көзге бірден байқалады. Есесіне түгел беттегі әдемі жазудың құны кетіп, еңбегі еленбей, өзге мінсіз жазылған жазбалар бір қатенің артынан мүлде «көрінбейді».

Расымен де, осындай «әдетті» бойымызға сіңіргендіктен болар көп жағдайда есімізде тек қателіктер мен кемшіліктер, сәтсіз қадамдар қалады. Нәтижесінде біз қаласақ та, қаламасақ та санамыздың түбінде оқшауланып, ерекшеленіп белгіленгенді сақтаймыз. Сондықтан болар, бір-біріміздің кемшіліктерімізді көруге, ол туралы «айқайлауға» дайын тұратынымыз жасырын емес. Тіпті ойымыз өсіп, дүниетанымымыз қаншалықты кеңейсе де бәрібір сана түбінде біреудің кемшілігін көруге даяр тұрады екенбіз.

Бұл тәсіл мектеп жасына арналғанымен күнделікті өмірде де қолдануға ұмтылсақ, өміріміз оң өзгерістерге толмай ма?! Қамшының сабындай қып-қысқа ғұмырымызда адамзаттың бойынан да, мүлкімізден де, істелген әрекеттен де тек жақсылығын көре білсек, ғажап емес пе?! Біреу қол-аяғының балғадай сау болғанын елемей, дене бітіміне мін тақса, бірі қолда бар байлығын қайырымды іске жұмсауға талпынбай «кедейдің» күйін кешеді. Енді бірі туған өлкеміздің жылдан жылға көркейіп келе жатқанын «көрмей» тырнақ астынан кір іздейді. Қатарында жүрген, қарапайым бір жан өзгеге қол ұшын созып жатса да: «көрпесіне қарап көсілмей ме, өзгеге көмектескенше өз жыртығын жамап алсашы» деп те күңкілдесіп жатады. Білмеймін, мына қатал қоғам біздің де жан дүниемсізді қатаңсытап әкетуде ме... Әйтеуір қабағымыз ашылмай, сіркеміз су көтермей, кімге мін тағып, кімге сын айтсам деген ойдың жетегінде жүргендейміз бе, қалай өзі. Егер де бір бірімізден тек адал ниетті, терең сыйластықты, көркем мінезді, кең пейілді көре білсек, өмір одан тамашалана бермей ме?! Біреу біреуге қарайласып жатса: «Әй, бәрекелді, мынау бір үлгі алатын іс екен, қанеки, біздің де қолымыздан осындай ізгілік жасау келеді ғой» деп қолдап-қолпаштап кетсек екен.

Сол себепті жағымсыз ойға бой бермей, тек жақсылығымызды көріп, айналамызға ізгіліктің нұрын шашып жүрейік, ағайын!

Аман Ізмұхан,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Сурет massaget.kz сайтынан алынды

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале