Өткен жылы Сырым ауданы көлемінде 2134 түп ағаш көшеттері әкелініп, әкімшілік мекеме айналасына, орталық алаңдарға, саябақтарға, мектеп және жеке тұрғын үйлердің аулаларына отырғызылды. Ал соның ішінде 823 түп – жеміс ағаштары.
Осындай игі іс биылғы жылы да жалғасын тауып, ауданға 5220 түп ағаш көшеттері әкелініп, әкімшілік, мекеме айналасына, орталық алаңдарға, саябақтарға, мектеп және жеке тұрғын үйлердің аулаларына отырғызылса, олардың арасында 4887 түп жеміс ағаштары бар еді.
Бір қуанарлық жәйт, мектеп түлектері жыл сайын туған ауыл-аймағына, мектеп айналасына ағаш көшеттерін отырғызуды дәстүрге айналдырған.
Осының айғағы іспеттес Қ.Мырзалиев атындағы орта мектеп түлектері мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай саябаққа 200 түп жеміс ағаштарын отырғызған болатын.
- Жалпы жылда егілетін ағаш көшеттерін суару мақсатында аудан орталығындағы алаңдарға және саябақтарға техникалық су жүргізілген болатын. Барлық егілген ағаштар жыл сайын суарылып, уақытында күтіліп бапталып тұрады.
Аудан көлемінде «Менің аулам – менің бағым» жобасын жүзеге асыру мақсатында Сырым ауданы бойынша жеке кәсіпкерлер тарапынан жәрмеңке өткізіліп, ауылдық округтердегі мекеме қызметкерлері мен ауыл тұрғындары жеміс ағаштарын сатып алды. Бүгінде аудан бойынша жанға сая боларлық көшеттер жайқала өсуде,- дейді Сырым аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Тимур Айтқалиев.
Расында, біздің ауданды абаттандыруда жанашырлық танытып жүрген жандардың саны күн санап көбеюде. Олардың ішінде мекемелерден бөлек, ауданға келген қонақтардың өзі 1 тал болса да көшет отырғызып кететін айтпасқа болмас.
Тек аудан орталығы емес, барлық дерлік ауылдық округтерде «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөзді жандарына жалау қылған мектеп түлектерінің белсенділігіне, әрине, көңіл қуанады.
Бірақ «әттеген-ай» дейтін тұсы да жоқ емес. «Судың да сұрауы» болатыны сияқты саны көп теректердің, жеміс ағаштарының әрі қарайғы жай-күйі не болмақ?
Біздің санамызда «жауапты мекеме қызметкерлері күтіп-баптауы керек» деген жаңсақ пікір қалыптасып кеткен. Бірақ әлеужелі беттеріне «түлектер болып туған жерге терек ектік» деп жарыса жазуда алдымызға жан салмаймыз. Көшет отырғызу да мұқтаж жандарға қайырымдылық жасағанмен бірдей. Жасаған игі ісіңді жария қылмаған абзал болғанындай, еккен талдарымыздың кейінгі күтімін де көзден таса қылмай, жауапкершілікпен қарасақ, ауданымыз баяғыда жасыл желек орманға айналып, жер-жерде жемістер жайқалып тұрар еді.
Әр азаматтың еліне, туған жеріне жанашырлықпен қарауы өз қолында екенін естен шығармайық.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz