Халық әнінің осы сөздері бүгінгі көріністі дәл суреттейді. Пішендікке шыққан қожалықтар алдымен өз малына, қала берсе саттыққа шөп шабу үшін қарбалас үстінде. Қазір ауданда 369 орақ шабындыққа түсті.
Теректі ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі берген мәліметке сүйенсек, жалпы шабылатын жер көлемі - 273 мың гектар. Қыстаққа тұратын шартты мал басы есебіне 145,2 мың тонна шөп қажет болады. Бүгінде 8,7 мың тонна шөп шабылған. Былтырдан қалған шөп қоры – 41,27 мың тонна.
Былтырғымен салыстырмалы алсақ, биыл шөп шығымы төмен. Былтыр орташа өнімділік бір гектардан 7,2 центнерден болған. Биыл гектардан түсім – 5,1ц. Мысалы, былтыр бір гектардан 8,3 центнер өнім алған Ақжайық ауылдық округі шабындығында биыл небәрі 5,9 центнерден түсім бар.
Дәл қазір қарқынды қимыл Новопавловка ауылдық округінде байқалады.
Ауылдық округ әкімі Бахтияр Карлдың айтуынша, аумақта шөп шығымы басқа жерлерге қарағанда жақсы. Гектарға айналымы 7,5 центнерден келіп тұр. Жоспардағы 3,28 мың гектар жердің 1,2 мың гектарын шауып, мың тоннаға жуық пішен алған. Жекеге «Новопавловка» шаруашылығы мал азығының бумасын алты мыңнан саттыққа шығарады.
Ұзынкөл округіндегі шөп шабу науқаны туралы сұрағымызға ауыл әкімі Жалғас Ерсайнов:
-Биыл шөп шығымы мардымсыз болып тұр. Өнімділік гектарына бары 3 центнерден. 11 орақпен шабындыққа түстік. Әзірге науқан нәтижесі туралы айтуға ерте. Дегенмен, ауыл үлкендерімен бірге шөпшілерді аралап, бағасын көтермеу туралы келісіп жүрміз. Былтыр бір бума шөптің бағасы бізде 4500 теңге болған еді. Ал, биыл бір бумасы 5-6 мың теңге шамасында. Таза еркекшөптің бір тіркемесі 60 мың теңге. Тіркемеге тиелген аралас шөп 50 мың теңгеден сатылады,-дейді.
Жиғанды жалын жеп кетті
Шабындық басы техника қауіпсіздігі мен өрт қауіпсіздігі талаптарың қатаң сақтауды қажет ететін жер.
Сондықтан, шөпшілер техникасы науқан алдында техникалық байқаудан өтеді. Төтенше жағдайлар қызметкерлері механизаторлармен өрт қауіпсіздігі нұсқаулығын пысықтап, әлсін-әлсін тексеріп жүреді.
«Пәле қайда деме, аяқ астында» деген, ақаулы техникадан шыққан ұшқын немесе сөндірілмеген сіріңке мен темекі тұқылы үлен пәлеге соқтыруы мүмкін.
Былтыр ауданда екі мәрте қорадағы үйілген шөпте өрт шықты.
Шілдеде Богдановка ауылдық округіндегі іргелі шаруашылық «Родина» ЖШС аумағындағы жиналған шөп отқа оранды. 3600 шаршы метр жерге ойран салған жалын жалпы 600 тонна пішенді жоқ қылды. Қаншама еңбек әп-сәтте зая кетті. Шығын да аз емес.
Артынша аудан орталығында «қызыл әтеш» екі үйдің қорасындағы шөпті жеп кетті.
Күні кеше Казталов ауданының Жаңажол ауылдық округіне қарасты Тоқсанбай елді мекенінде «Аружан» қожалығының 187 тонна пішені мен қора өртенген. Бұған дейін осы ауданда, Әжібай ауылдық округінің Қыркөл қыстағында былтырдан қалған 237 тонна пішен «қызыл әтешке» жем болды. Бұл оқиғада адам өлімі болды. Денесінің 85 пайызын күйік шалған ер адам ауруханада көз жұмған. Міне, өрттің салдары осындай ауыр.
Мұқият болыңыз
«Сақтықта қорлық» жоқ» деген. Теректі аудандық төтенше жағдайлар бөлімі шөп шабу, маялау кезіндегі және оны өрттен сақтау шараларын қаперде ұстауды ескертті.
Пішен сақталатын орындарда:
Бір мая пішен сақталатын алаң 300 шаршы метрден, ал тайлап буылған пішен мен сабан сақталатын алаң 500 шаршы метрден аспауы;
Пішен үйетін жəне сақтайтын алаңдар мен орындарды өткен жылғы қалдықтардан тазалау;
Шаруашылықтардағы шөп үйетін жəне сақтайтын орындарды өрт сөндіретін су қорымен қамтамасыз ету;
Шөп сақталатын орындарда найзағай тұтқыш орнату;
Шөп үйілетін аулалар мен маялардың арасында міндетті түрде 20 метрден кем емес арақашықтық қалдыру;
Қатарлар мен маяларды парлап орналастырғанда аралары 6 метрден, ал көрші парлар кемінде 3 метрден кем болмауы тиіс.
Пішен сақтайтын жерлердің аумағында жұмыс істейтін ауыл шаруашылығы техникаларының түтін шығатын тұрбалары мен басқа да жүйелері мұқият жөнделіп, ұшқын сөндіргіштермен қамтамасыз етілуі – міндетті орындалуы тиіс жұмыс.
Пішен қоймаларында өртке қарсы қатаң режим, сенімді күзет орнатылып, оған бөтен адамдардың, әсіресе балалардың кіруіне жол бермеу керек.
Осы шаралардың барлығын орындағанда ғана дайындалған жемшөптің толық сақталуын қамтамасыз етеміз.
Камелия Өтеу,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz