23.06.2024, 12:00
Оқылды: 68

«Жауапкершілігі жоғары мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін» – Мерей Қарағойшин

23 маусым – Полиция күні

2482E5A9-F8B1-44A3-AE56-A80BA9E1C671
Ішкі істер құрылымы саласы қызметкерлеріне қылмыстың алдын алу, мемлекет пен қоғамның қауіпсіздігін қорғау жолында жүктелер міндет қашанда ауыр десек, өмірін осы салаға арнаған тәртіп сақшылары қашанда құрметке лайықты.

Жәнібек аудандық полиция бөлімі уақытша ұстау изоляторының бастығы, полиция аға лейтенанты Мерей Қарағойшин бала кезден полиция қызметкері болуды армандап, алдына қойған мақсатына жетуде табандылық танытқан маман.

Ол «Өтпелі кезең» атауымен тарихқа енген, дағдарыс дендеген, даму тежелген 1991 жылы 24 мамырда Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданына қарасты Мұратсай ауылдық округінде дүниеге келіпті.

– Әкем Сағынғали Қарағойшин ауылда ғұмыр бойы жүргізуші болып қызмет атқарған қарапайым еңбек адамы болса, анам Сәуле үй шаруасын дөңгелетіп отырған аяулы жан. Нәпақасын адал еңбегімен айырып отырған ата-анам ағам Мирас, қарындасым Гүлім мен менің тал бойыма тәлім-тәрбиесін сіңіріп өсірді. Отбасымыз 1996 жылы Мұратсай ауылынан аудан орталығы Сайқын ауылына қоныс аударып, 1998 жылы М.Мәметова атындағы орта мектептің табалдырығын аттадым.

Арада үш жыл өткенде туған ауылымызға кері көшіп келіп, А.Құсайынов атындағы жалпы орта білім беретін мектепте білімімді жалғастырдым. Шаруаға мығым әкемнің қасында он үш жасымнан бастап атам Қасым Қарағойшин негізін қалаған шаруа қожалығында ауыл тұрмысына тән барлық шаруалардан бас тартпай, еңбекте шыңдалдым.

4C1F4D5F-9827-4BEE-9584-0DC3DA039DE0

Жасымнан спортты жаныма серік етіп, жүйелі түрде қазақша күрес үйірмесіне қатысып, волейбол ойнаумен шұғылданып, екі спорт түрінен де II разрядқа ие болдым. 2009 жылы орта мектепті аяқтаған соң 2009-2012 жылдар аралығында Орал мұнай-газ және салалық технологиялар колледжінде «Кәсіптік оқыту» мамандығы бойынша білім алдым, - деп әңгімесін байыппен сабақтады Мерей Қарағойшин.

Алдына асқаралы меже қойған жанның қашанда мақсатына жететініне күмәніміз жоқ қой. Бала кезінен азаматтың сымбатын ашып тұратын полицейдің формасына қатты қызығып, болашақта тәртіп сақшысы болсам деп қиялдап өскен жеткіншек Мерей 9 сыныпта оқып жүрген мезгілде дене шынықтыру сабағында оқыстан қолын екі жерден сындырып алыпты.

Ата-анасы жарақат алған жеткіншекті ауылдағы шипасы ерен, адамгершілігі терең Марал атты сынықшыға апарса, сынықшы: «Бұл баланың сынығын салуға қолымның әлі келмейді, аудан орталығына хирургке апарыңдар», - депті.

– Тәртіп сақшысы болсам деген арманыма балта шабылардай болған мен қолымның ауырғаны шырқыратып жаныма қатты батып тұрса да шыдап бағып, «Менің қолымды қайткенде де Марал апа салуы керек, егер емханадағы хирург салса мәлімет компьютерге тіркеліп қалады да мен болашақта полиция қызметкері бола алмай қаламын» деп тастабандап тұрып алған соң, амалсыздан сынықшы сынған қолымды өзі салды, - деп сол шақты Мерей күле отырып әңгімелеп берді.

Мерей Қарағойшин 2012-2013 жылдар аралығында Алматы облысы Іле ауданына қарасты Боралдай ауылындағы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің №2177 әскери бөлімінде азаматтық борышын атқарып келген соң арманын жүзеге асыру мақсатында 2014 жылы әскери билетпен БҚО Ішкі істер департаментінің Орал қаласы жол полициясы патрульдік батальонының полицейі болып жұмысқа орналасты.

2015 жылдың 7 қазанында өзінің өтінішімен қаладан Жәнібек ауылына қоныс аударып, 2021 жылға дейін аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторының полицейі болып қызмет атқарды. 2021 жылы аталған изолятордың бастығы болып тағайындалды.

FEB93A08-472B-4C69-AF87-B9E62F4059A7

Мерей Сағынғалиұлы өз құзыреті шеңберінде қызмет барысында тікелей басшыға барлық анықталған кемшіліктер туралы хабарлай отырып, оларды болдырмау бойынша ұсыныс енгізіп, басшының шешіміне сәйкес күдікті тұлғаларды күзетуге күш-құралдарды орналастыруды жүргізіп, сандық есептер мен баянжазбалардың сапалы дайындалып, уақытында ұсынылуын қамтамасыз етеді.

– Күнделікті қызметім таңертеңнен уақытша ұстау изоляторының камералары мен бөлмелерін, техникалық күзет құралдары мен жабдықтарын, күзет-дабыл байланысы мен өрт сигнализациясын тексеруден басталады. Айыпталушы және күдікті тұлғаларға медициналық көмек көрсету мәселелері бойынша медициналық персоналдың жұмысының ұйымдастырылуын бақылап, изоляторда отырған тұлғалардың белгіленген тәртіпте өтініштері мен арыздарын қараймын. Изолятордан қашып кету, басқа да төтенше жағдайларды, заңнамаларды және қызметтік тәртіпті бұзудың алдын алу бойынша профилактикалық шараларды жүзеге асырамын. 2023 жылы аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторында қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін 17 адам, әкімшілік құқық бұзушылық жасап, соттың қаулысымен 64 адам, соның ішінде тұрмыстық сала бойынша 6, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 1, жол қозғалыс ережесін бұзғаны үшін 33 адам қамауда отырды, - деп атқарып отырған қызметіне жан-жақты шолу жасаған Мерей Сағынғалиұлының жұмысын терең меңгергендігі сөйлеген сөзінен айқын аңғарылып тұрды.

Қызметтік міндетін адал атқарғаны, жұмыста жоғары нәтижеге жеткені, ауданымызда заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту ісіне қосқан үлесі, қылмысқа қарсы күресте, ел азаматтарының конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау жолында адал еңбек еткені үшін Мерей Қарағойшин әр жылдары облыстық полиция департаментінің бастығы, аудандық полиция бөлімі басшыларының грамотасыменмарапатталып, облыс пен аудан әкімінің алғысхаттарына ие болды. 2022 жылы ҚР Ішкі істер министрінің №478 бұйрығымен «Қазақстан полициясына 30 жыл» естелік төсбелгісімен марапатталды.

Шарболаттай шиыршық атып тұрған сылыңғыр денелі Мерей бала кезден жанына серік еткен қазақша күрестен қол үзбей, волейбол мен футбол ойнауды тұрақты дағдыға айналдырған. Күштік құрылымдар арасында спорттың осы түрі бойынша өтетін жарыстарда жасындай жарқылдап, өз командасының бәйгенің алдыңғы сапынан табылуына үнемі үлесін қосып келе жатқан Мерей Сағынғалиұлы бірнеше мәрте қалалық және аудандық полиция бөлімдерінің командалары арасында ұйымдастырылған шағын футбол турнирінде «Үздік қақпашы», «Үздік шабуылшы» аталымын иеленіп, басшылық тарапынан дипломмен марапатталды.

– 2015 жылы Жәнібекке келіп, ішкі істер саласындағы қызметімді бастаған кезімде сол уақыттағы аудандық ішкі істер бөлімінің криминалдық полиция тобының аға жедел уәкілі болып қызмет еткен Мейрамхан Бапахов (қазіргі уақытта аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары), кезекшілік бөлімнің аға кезекші инспекторы Айбек Мамаев (бүгінде аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің Талов ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы), кезекші инспектор, қазіргі уақытта зейнеткерлік демалыстағы Маралбек Ермеғалиевпен қызмет атқарғанымда үйренгенімді бүгінде жас әріптестеріммен бөлісудемін.

Осы әріптес ағаларымның бойындағы адалдық, терең жауапкершілік, қызметіне деген құрмет сезімін өзіме үлгі етемін, олардан жұмыс барысында үйренгенім, зор тәжірибесінен түйгенім көп. Бүгінгі технологияның әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында аудандық полиция бөлімі танымалдылық, қолжетімділік, ашықтық қағидатына сүйене отырып, өз қызметкерлеріміздің нақты аумақтағы жергілікті тұрғындардың арасында атқарып отырған жұмысын Фейсбук және Инстаграм әлеуметтік желісі арқылы көпшілікке жариялап отыруды жоспарлаған кезде басшылық тарапынан осы жұмысты атқару маған тапсырылды.

Қызметте жетістікке жетуіме, айналама сыйым артып абыройлы болуымда отбасымның ұйытқысы, ынтымағымыздың шырақшысы болып отырған аяулы жарым, Ердар, Дарын есімді ұлдарымның анасы Балжанның алар орны алабөтен. Бүгінде Т.Жароков атындағы орта мектепте химия пәнінің мұғалімі болып еңбек ететін Балжан екеуміз қыз бен жігіт болып бес жыл бойы сезімімізді сынаққа салып, сыннан сүрінбей өтіп, отау құрдық. Боралдай ауылындағы әскери бөлімде азаматтық борышымды өтеген кезімде әскерге шығарып салған Балжан сертіне адал болып, күтіп алды.

Тынымсыз, жауапкершілігі өте ауыр мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Тәртіп сақшысына ең қажетті қасиет шапшаңдық, батылдық, сауатты шешім қабылдау және мамандығын сүйе білуі деп есептеймін, - деп сеніммен сөйлеген Мерейдің кәсіби тұрғыдан толысып, мерейінің үстем боларына біз де сенеміз.

Меңдігүл Фазылова

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале