Майдангер Исламғали Оразғалиев ауданымыздың бұрынғы Кеңсуат ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Бейбіт майдандағы көп жылғы еңбегінің ізі де атырабымызда сайрап тұр. Кеше ғана оның ұлы Қанат Оразғалиевтың бастауымен ұрпақтары Жұбан Молдағалиев ауылында Жеңіс сарбазы мен оның зайыбы, тыл еңбеккері Қанипа Марқабайқызына саябақтағы арнайы алаңда ескерткіш тақта орнатты.

Соғысқа аттанған соң, көп ұзамай-ақ, яғни 1942 жылдың маусымында Приволжск әскери округі, 195-атқыштар дивизиясы, 604-атқыштар полкінде бөлімше командирі ретінде ауыр ұрыстарға түседі. «Жаумен жағаласып жүрген қырғында денеңе оқ тигенін сезбей қалатын жағдай аз ұшыраспайды», – деп еске алатын. Бірде аяғынан жараланады, тіпті мұның ауырлығын байқамай, бөлімшесімен шайқасты жалғастыра берген. Қан көп кеткен соң, есінен танған екен. Тамбов облысындағы №2691 әскери госпитальде емделеді.
Тамыз айынан бастап Мәскеуді қорғаудың аса сұрапыл сынақтарының оррасында жүруіне тура келді. Қазан айына дейін Мәскеу әскери округінің 181-атқыштар полкінде бөлімше басқарады, одан соң 1943 жылдың ақпанына дейін Брянск майданындағы 137-атқыштар дивизиясының 409-атқыштар полкі құрамында дұшпанға ойсырата соққы берудің қайнаған қатерлі күндерін бастан өткереді. Оң қолынан қатты жараланып, Рязань облысындағы №1956 госпитальде үш ай емделуіне тура келеді.
Соғыс соқпағы сосын оны ІІ Белорусь майданына, 46-дивизияның ішкі әскеріне әкеледі. Могилев – Минск бағытында жан алып, жан беріскен айқастарға қатысады.
«Днепрден өтіп, бұл өзеннің арғы бетінде мықтап жайғасқан жауды қуу жөнінде тапсырма да өте жауапты еді. Өзен ағысы қатты болғандықтан, небір кедергіге ұшырастық. Қазір қасыңда жүрген талай жауынгер оққа ұшты, дүлей ағыстан суға тұншығып бақилыққа кеткендер де аз болмады», – деп әңгімелейтін кейінгі ұрпаққа ол.
Жау ордасына, Одер өзені бағытындағы шабуылдардағы қан қасапты да көрді, Польша жерінде қалып қойған фашистерді жоюда да ажалмен бетпе-бет келген сәттері жетерлік. Познань шаһарындағы комендатурада взвод басқарады. Осында жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Темір Масинмен бірге болады. Кейін де онымен араласып-құраласып тұрды.
Қатыгез дұшпанның сағын сындырып, Жеңіс Туын желбіреткендер қатарында болған Исламғали Оразғалиев кеудесінде «Ерлігі үшін» медалі, «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» ордендері жарқырап елге оралысымен бейбіт тірлікке белсене кіріседі. Киров атындағы ұжымшарда мал дәрігері, М.Горький атындағы ұжымшар төрағасы, Буденный атындағы ұжымшарда ферма меңгерушісі, Киров атындағы ұжымшарда мал дәрігері, «Өлеңті» кеңшарындағы құрылыс бөлімінің қойма меңгерушісі болып, бұл жауапты қызметтерінде де марапаттары аз болмады.
– Ол әкесінен екі жасында жетім қалыпты. Көрген ауыртпалықтары, өмір мен өлім айқасқан Ұлы Отан соғысы жайында біз сұрай қалсақ қана айтатын. Сандаған қаруластарының небір қыншылыққа төтеп беріп, қыршынынан қиылғанын көзіне жас алып отырып баяндайтын. Тылдың тауқыметін көтергендердің бірі, анамыз Қанипамен екі ұл, екі қыз өсіріп, елдің тыныштығын көргеніне мың да бір шүкіршілік етіп, басқа қонған бақ құсын ұшырып алмау, еңбекке жұмылу хақында әңгімелейтін. Соны бүгінде немере, жиен, шөберелеріне жеткізіп отырамын.
«Жауға қарсы кек пен намысты кезендік. Арды, адамдықты биік қойған ел кез-келген қиындықты жеңеді», – дейтін. Осы сөзі жадымда жаттаулы, – дейді Қанат аға.
Ата-ана аманатына сай, ағамыз туған жерінің игілігіне бар күш-жігерін жұмсады. Қазіргі Жұбан Молдағалиев ауылындағы орта мектепті бітіріп, жоғары білім алып, аталған мектепте, ауданымыздағы басқа да білім ордаларында ұстаздық етті, бұрынғы Ақжайық аудандық мәдениет бөлімін, Октябрь сегізжылдық мектебін басқарды, «Өлеңті» кеңшары кәсіподақ комитетінің төрағасы, директордың орынбасары, Орал қаржы колледжінің оқытушысы болды. Өмірден көрген-түйгені мол ардагер бүгінде облыс орталығында тұрады, бірнеше шағын ауданды қамтитын ақсақалдар алқасының төрағасы болып табылады.
Ата-анаға ескерткіш-тақта ашылуында, дұға дастарқанында бас қосқан жұрт Ұлы Жеңісті шыңдағандардың өсиеті, бейбітшіліктің қадір-қасиеті жайында сөз саптады «Тыныштық болсын әманда!» деп тіледі.
Бекболат Кемелұлы.
Суретте: Ұлы Жеңіс сарбазы Исламғали Оразғалиев
Ақжайық ауданы