26.02.2025, 14:30
Оқылды: 225

Жауынгер тағдыры

Ел басына күн туған қанды соғыстың жаңғырығы әлі де көмескі тартар емес. Себебі, сол соғысты көзімен көргендер, сол соғысқа әулетінен бір немесе бірнеше адам берген отбасылар еліміздің өне бойында өмір кешіп жатыр. Естеліктер жаңғырығы уақыт өткен сайын тарихтың жаңа парақтарын ашып, бізге белгісіз боп келген жаңа ерліктер тағдырын көз алдымызға тосады.

df1897fd-5427-4540-b239-3d22093ff62f

1941-1945 жж. қанды соғысқа азаматтарын аттандырып, тылдағы еңбекпен өлшеусіз үлес қосқан еліміздің осынау тарих беттеріне көз жүгіртсек, тағы бір ерліктің ізі байқалады. Бұл жолғы әңгіме артиллерия батареясының атқышы, қызыләскер Ғинаят Иманғалиев туралы.

1920 жылы Қаратөбе жерінде дүниеге келген. Осы жерден 1941 жылы 15- желтоқсанда майданға алынды. Негізі, артиллерия полкінде соғысқан. Артиллериялық батареяның жаяу және атты түрі болады. Ғинаят Иманғалиев  осы атты ауыр артиллерия полкінде әрі сүйреуші, әрі атқыш болған. Батареяда 4-10-ға дейін снарядты зеңбіректер болады. Оларды үнемі майдан шебінде ұстау және жауға тойтарыс беру үшін алдыңғы қатарға жеткізу басты міндет еді. Аттармен сүйрелетін ауыр зеңбіректерді жолсыз орманды, таулы, батпақты жерлермен алып жүру өте ауыр жұмыс болатын. Алайда бұл міндеттер ел үшін жаннан кешкен сарбаздар күшімен орындалып жататын. Өзі де кейініректе «-Біз, қазақтар, жылқыға жақын халықпыз ғой, жануарларды жақсы түсінеміз, небір қиын жерлерден қалай өту керегін де іштей біліп отыратынбыз» деп отырады екен. Кейін сұрмергендер (снайперлер) сапында жүріп те ұрыстарда болған.

WhatsApp Image 2025-02-26 at 15.50.46

Соғыс бойына Сталинград, Ленинград майдандарында 189 атқыштар дивизиясының 431 әскери бөлімінде артиллерия полкінде ерлік көрсеткен. Бір жолы Рига қаласы маңындағы ұрыстар кезінде қару-жарақ қоймасында жанған снаряд жәшігін өмірін қауіпке тіге отырып, алып шыққан. Әйтпесе, барша қойма жарылуы мүмкін жағдай болған екен. Сол ерлігіне орай «Ерлігі үшін» медалімен марапатталыпты.

Жаудың қарсы алдына шеп құрып, зеңбіректермен маңдайдан соғатын батареялардың жойылып кету қаупі жоғары еді. Алдымен атыс қимылдарын бастайтын олар бірінші көзге түсетін және жау танкілерінің бірінші нысанасына айналатын. Бірнеше рет атып, лезде орын ауыстырып, қайтадан ұрысқа кірісетен түрлі тактикалық әдістермен соғысатын.

Өз естеліктерінде өзі туралы елге 3 рет «қара қағаз» келгенін айтады екен. Себебі, алапат атыстар кезінде тура түскен ауыр снарядтардан топыраққа көміліп қалатын кездер жиі болған. Өлдіге санап, осындайда елге «қара қағаздар» кетеді екен. Бір жолғы айқаста бірнеше сарбаз топырақты қазып бір аптадан кейін бір-ақ шыққан.

WhatsApp Image 2025-02-26 at 15.49.13

«Ленинградты қорғағаны үшін», «Ерлігі үшін» 2 реттен және «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен марапатталған.

Майданнан 1946 жылы оралған. Өзі әуелден екі ағайынды жігіт екен, Кенжеғара деген інісі екеуі де аман оралған соғыстан. 1947-48 жылдары Шыңғырлау ауданына қоныс аударып, бұрынғы «Чиликский» (қазіргі «Ақбұлақ с/о) совхозына көшіп келеді. Осы жерде «Май өндірісі»-нің (Маслопром) бастығы болып, сол кездегі «Лубен» сохозына өгіз арбамен сүт, май тасыған. Кейін, осы совхоздың  «Манабай» нүктесінде завхоз боп қызмет жасаған. Жұбайы Омаш әжей екеуі 2 қыз, 2 ұл өсірген. Кейін, Белогор совхозының (қазіргі Ақтау с/о) «Марксизм» ауылына көшіп келіп әуелі басқарма, кейін завхоздық қызмет атқарады.

Жеңісті жақындатқан қария 1979 жылдың қараша айында дүниеден өтті.

WhatsApp Image 2025-02-26 at 15.49.57

Балаларының үлкені Әлібек те бақилық болған. Екінші ұлы-Тыныштық Иманғалиев осы Ақтау ауылында кереге созып, әулет өрбітіп отыр. Марфуға, Ботакөз есімді қыздары Орал қаласында өсіп-өнген отбасылар.

Ел басына күн туғанда етігімен су кешіп, туған жердің топырағын шүберекке түйіп, тәуекелге бел буған адал ұлдардың, батыр перзенттің бірінің тағдыры осылай болған екен.

Қаршыға Асу

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале