Жазасын өтеп, қатесін түсінген азаматтарға қоғамда қай уақытта да қолдау бар. Оларды қоғамға қайта бейімдеу мақсатында мәдени-спорттық шаралар өткізіліп, құқықтық-әлеуметтік көмек көрсетіледі. Олардың білім алып, кәсіп меңгеріп, жұмысқа орналасулары үшін ауданда әлеуметтік жобалар қолға алынып отыр. Осындай бір жобаны Бөрлі ауданық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің тапсырысымен «Интеграл» жастар қоғамдық бірлестігі бастады.
Жоба бас бостандығынан айырылған және пробация қызметінде есепте тұрған тұлғаларға әлеуметтік көмек көрсетуді және сотталған азаматтардың қайта қылмыс жасауының алдын алуын мақсат етеді.
- Жоба пробция есебінде тұрған тұлғаларды әлеуметтік қолдау үшін қабылданды. Алдымен жұмыспен қамту. Ол үшін мамандығы жоқ тұлғаларды қысқа мерізімді курстарда оқытып, белгілі бір мамандықты игергені жөнініде сертификат алып береміз. Одан кейін өндірістік мекемелерге тәжірибе жинақтау үшін жіберіп, кейін тұрақты жұмысқа орналасуға көмектесеміз. Әрине, мұның барлығы біздің тараптан қаржыландырылып, қадағаланып отырады. Бастысы, аталған тұлғалар өмірге қайта бейімделіп, қоғамнан шет қалмағандарын түсіну маңызды, - дейді бірлестік төрайымы Аида Мектепқалиева.
«Интеграл» жастар қоғамдық бірлестігі бұл бағытта арнайы кабинет те ашып отыр. Онда құқықтық және психологиялық көмек көрсетіледі. Жақын күндері тәулік бойы қызмет көрсететін колл-орталық іске қосылмақ.
- Ақсай қаласының орталығындағы, әрі аудандық ішкі істер бөлімініе жақын жердегі «Адал» бизнес орталығына өз кабинетімізді аштық. Ол жерде екі маман осы өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсетеді. Пробация бөлімімен бірлесе отырып рейд шараларына да шығамыз. Одан бөлек қайырымдылық шараларымыз бар. Ол тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік сертификатын табыстап, мектеп жасындағы балаларды «Мектепке жол» акциясы аясында киім, оқу-құралдармен қамтамасыз етеміз, - дейді Аида Нұрболатқызы.
Жоба аясында есепте тұрған тұлға мен қатар оның отбасына да көңіл бөлінеді. Ол туралы ауданық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ольга Басимова айтып берді.
Осылайша, аталған санаттағы тұрғындардың әлеуметтік картасы жасақталады. Дегенмен бүгінде бас бостандығынан айыру мекемелерінен келгендер мен пробация есебінде тұратын тұлғалардың нақты саны белгісіз болып отыр. Оны анықтау үшін құқық қорғау органдарына арнайы хат жіберіледі. Белгілісі, жыл басынан бері 55 тұлға 10 АЕК арнайы жәрдемақы алған.
«Интеграл» жастар қоғамдық бірлестігі бақылауда тұрған азаматтарға жан-жақты көмек берумен қатар, оларды мәдени-спорттық шаралармен қамту аясында аудандық пробация, аудандық жұмыспен қамту, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі және аудандық жастар ресурстық орталығымен меморандумға отырды.
Меморандум аясында жоспар бекітіліп, есепте тұрған азаматтардың өмірін әлеуметтендіру және қоғамға бейімдем шаралары өткізіледі.
Әлеуметтік жобаның тағы бір ұтымды жері аталған тұлғалардың құжаттарын реттеуге күш салады. Тіпті 15 АЕК дейінгі айыппұлдарын төлеп береді. Бұғатталған есеп шоттарын шешуге, төленбей қалған несиелерді реттеуге бірлестік заңгері көмек көрсетеді.
Меморандумға қол қойған мекемелер аталған тұлғалардың қоғамға бейімделулері үшін атқарылатын іске қолдау көрсететіндіктерін жеткізді. Бірі олардың жұмыспен қамтылуына ат салысса, енді бірі салауатты өмір салтын ұстанулары үшін спорттық жарыстар ұйымдастырады. Оған қоса, тегін киіммен, тұрмысқа қажетті құрал-жабдықтармен қамтымақ.
Айым Нұрғалиева,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz