18.08.2020, 11:39
Оқылды: 169

«Жаздың бір күні қыстың мың күнін асырайды»  

Қазақта осындай мақал бар. Басқа басқа, оны сырымдық шаруалар жақсы түсінеді. Қазір даланың басында қызу еңбек. Жақында Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев те шабындық басындағы шаруаны, егістік басындағы еңбекті көріп, еңбекшілермен тілдесіп қайтты.

Egis (2)

Төлеген Төреғалиев әуелі Аралтөбе ауылдық округіндегі «Сайнов.А» шаруа қожалығының егініне тоқтады. Қожалық биыл 300 га жаздық және 100 га күздік бидай еккен екен. Орақ жұмыстары басталыпты. Аралтөбе ауылдық округі әкімдігіне түскен мәліметке сүйенсек, жаздық бидай гектарына 18, ал күздігі гектарына 26 центнерден өнім беріп жатыр.

Аудан әкімі қожалық басшысы Владимир Жұмағалиевпен егін шаруашылығын әртараптандыру, екпешөп мәдениетін қолға алу жөнінде сөйлесті. Владимир мырза бидайды ауылдастарына сатуды жоспарлап отыр екен.

Биыл пандемияға байланысты Жымпитының басында өтетін ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесінің жұмысы тоқтап. Әйтпесе, қызып жататын кезі еді. Төлеген Төреғалиев жәрмеңке көп ұзамай жандататынын, Владимир Жұмағалиевке бидайын Жымпитыға әкеліп, тиімді қақпен ауданның басындағы ағайынға да сатуды ұсынды.

Egis (3)

Биыл «Сайнов. А»-мен іргелес жатқан «Себек» шаруа қожалығы 150 га жерге бидай, 48 га алқапқа күздік бидай және 38 гектар жерге арпа екті. Бірақ шаруашылықтың осымен шектелгісі жоқ, егер жер болса, егістік көлемін ұлғайтқысы келеді. Қожалық өкілі Ришад Себеков осы ойын аудан әкімі Төлеген Төреғалиевке, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Арман Тоқтаровқа да айтты. Аудан әкімі далалық жұмыстардың тынысымен танысудың да басты мақсаты – шаруалардың осындай ұсыныс – мәселелерін тыңдау деді.

Ришад Себековтен көтерген мәселесі туралы толығырақ айтуын сұрадық.

-Шаруашылығымыз 1997 жылдан бері жұмыс жасайды. Жетекшісі – Өтеген Себеков. Иелігімізде 80 ірі қара, 100 бас ұсақ малымыз бар. Шөп шабу науқанын аяқтадық. 300-400 центнердей шөп дайындап алдық. Одан бөлек бидайымыз бар. Бидайды жыл сайын егеміз. Жердің ылғалдылығы азайып келеді. Сондықтан, егіннен ұшан-теңіз пайда көріп отырмыз деп айта алмаймыз. Шыққан шығынды айырамыз, мал азығын қамдаймыз.

Бір жерде тоқтап тұра бергіміз келмейді. Жаңбырға сеніп отырмай, амал жасағанымыз дұрыс деп ойлаймын. Тұқымға көңіл бөлсек, сапалысын алдырып, ексек деп ниеттенудеміз. Ол үшін қосымша егістік алқабы мен техника керек, – дейді аралтөбелік шаруа.

Қызылағаш елді мекеніндегі «Амир» шаруа қожалығы көп жылғы үзілістен кейін егістік алқабына қайта қан жүгіртті. Қазір алқапта мақсары жайқалып тұр. Жылу сүйгіш, шөлге өте төзімді дақылдың майы күнбағыс майынан кем түспейді. Мақсарының мал шаруашылығы саласында ұлан – асыр пайдасы бар. Оның күнжарасы (жмых) құнарлы мал азығы ретінде қолданылады.

Egis (4)

Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев Аралтөбеден әрі Талдыбұлақ ауылдық округіне қарай асты. Алдымыздан – «Шырдай» шаруа қожалығының екі комбайны шыға келді. Тағы біреуі егістік ішіне кіріп кетіпті. Техникалар алқап дымқыл болғасын, аялдап тұр екен. Бригадир Қайрат Шариповпен сөйлестік. Бидайға орақ түскеніне 5 күндей болыпты. Алқаптың 20 пайызы орылған. Шығым анабір айқайлап айтатындай емес. Есесіне, «Шырдайдағы» судан шөбінің шығымы жақсы. Екпешөп алқабы осы маусымға бір рет орылыпты. Бұйырса, орақ суданның үстінен екінші рет өтпек. Бұл шаруашылықтың да мақсары еккенін айта кетейік.

Egis (9)

 

Талдыбұлақ ауылдық округінің әкімінің міндетін уақытша атқарушы Азамат Адрашевтың айтуынша, биыл округ бойынша барлығы 10 шаруашылық егін салған екен. Бидай, арпа секілді дәстүрлі дақылдарды айтпағанда, «Атансай» шаруа қожалығы 25 га тары, 20 га құмай егіп, бұл саланы өзінше түрлендіріпті.

Округте мал азығын дайындау жұмыстары да қарқынды жүруде. 12 тамыздағы ақпаратқа сүйенсек, 11, 6 мың гектар шабындық алқап шабылып, 4,64 мың тонна өнім алыныпты. Жұмыс басында 25 адам еңбек етіп, 24 дана трактор,  18 агрегат, 13 дана шөп тайлағыш, 13 дана пішен маялағыш, 9 дана пішен жинағыш, 36 орақ  жүр.

Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев «Рауан» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлан Кәрімғалиевпен егістік басында кездесті. Қожалық биыл 180 гектар алқапқа жаздық бидай, 60 гектарына арпа еккен екен. Шаруашылық жетекшісі – бір мәселе болса, ол техникалық базаның ескіруі деп отыр. Төлеген Төреғалиев Нұрлан Кәрімғалиевке басқа округтегі әріптестерінің тәжірибесін қайталап, шетелдік тракторларды сатып алуды ұсынды. Оған мемлекет тарапынан демеуқаржы да қарастырылған екен.

Былтыр 2000 га алқап күнбағыс еккен «Тінәлі» ШҚ биыл егістік көлемін 50 пайызға қысқартыпты.

Аралтөбе, Талдыбұлақ, Тасқұдық, Қазақстанды айналып, далалық жолмен Алғабас ауылдық округіне қарай өттік. Алдымыздан «Миллат» шаруа қожалығының егістігі шықты. Орақ аяқталыпты. 400 га бидай алқабы түгелдей орылған. Қожалық биыл үшінші жыл қатарынан судан шөбін өсіріп, шабуда. Гектарына  5-6 центнерден беруде екен. «Миллаттың» жыл сайынғы межесі – 2000-2500 бума. 225 ірі қара, 100 шақты жылқысы бар қожалық жыл сайын 80-100 басты бордақылауға қояды. Бордақылаудағы малға судан шөбі кәдімгідей азық екен.

Егістік алқабын кеңейтіп, техникаларын жаңалауға ниеттеніп отырған шаруашылықтың бірі - осы «Миллат». Жетекшісі Миллат Қадыралин осы жоспарлары жөнінде әңгімелесті.

Жер еміп отырған ағайынның тағы бір мәселесі – алқаптарға жатаған у кекіре шөбінің жайылуы. Бұл арамшөптің зияны орасан көрінеді. Мамандардың айтуынша, жатаған укекіренің тереңге таралған тамыр жүйесі, топырақты өңдеу жұмыстарын қиындатып, агротехникалық шараларды жүргізуде қиыншылық тудырып, шығындар көлемін едәуір көбейтеді екен. Көп қожалықтың алқап ауыстырудағы бір себебі де – у кекіренің қаптап кетуі.

Осылайша, жарты күннің ішінде көп жұмысқа куә болдық. Шаруалар шаншылып жүр. Бірі шөп шауып, ал бірі бидай оруда. Ахмет Байтұрсыновтың «Жұмыссыз тек тұрған жоқ ешбір жан да...» - деген сөзі осындайда дәл болады.

Сырым аудандық ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Руслан Усағалиевтен жалпы ауданның ахуалын сұрадық.

-Шөп шығымы жылдағымен салыстырғанда төмен. Оны мойындауымыз керек. Қырлық шабындықтарға су шыққан жоқ, сәйкесінше өнім аз. Былтырлары гектарына 5-6 центнерден алсақ, қазір өнімділік 4 гектарға шақ жетіп жығылады. Осыған дейін 40-50 шақырым ұзайтын шаруашылықтар биыл 80-90 шақырымға дейін барып, шөп шауып жүр. Бұл тек кейбір округтерге қатысты. Ал, жері құмайт округтердің шаруалары шөптен жақсы өнім алып жатыр, – дейді бөлім басшысы.

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале