Санаулы күннен соң оқу жылы аяқталып, оқушылардың жазғы демалысы басталмақ. Ал балалар демалысын ұйымдастыру қашан да маңызды мәселенің бірі. Осыған орай аудан әкімінің орынбасары Саягүл Ғалиева аудан орталығындағы «Шұғыла» жазғы демалыс лагерінде болып, оның дайындығын өз көзімен көріп қайтты.
Қазіргі таңда лагерь іші толықтай жөндеуден өткізіліп, жаңа маусымның ашылуына дайындық үстінде. Өкінішке қарай, қала сыртындағы көптеген ақылы лагерьдің жолдама құны өте жоғары, оны халықтың қалтасы көтере бермейтіні анық. Мұндай жағдайда балалар мен ата-аналарды жазғы мектеп лагерьлері құтқарады. Онда әдетте 1-4-сынып оқушылары белсенді демалып, денсаулығын қалпына келтіреді. Ата-анасынан айырылған, аз қамтылған және көпбалалы, толымсыз отбасының балалары мен үздік оқушылар да сол жерде тегін демалады. Ал жұмыс істейтін ата-аналар балалары қараусыз қалады деп алаңдамайды, өйткені мектеп жанындағы лагерьде олардың демалысы қамтамасыз етілген. Мектеп лагері – белсенді демалыс аймағы, насихаттық, дидактикалық, сөздік мектеп әрекетінен өзгеше, әртүрлі қоғамдық мәні бар бос уақытты өткізу орны. Лагерь кез келген балаға өзін көрсету, өзін-өзі сыйлау мен өзін-өзі көрсете білудің жоғары деңгейіне жақындау мүмкіндігін береді. Оқушылардың күндізгі уақытын өткізуге арналған лагерьде олардың демалысы үшін барлық жағдай жасалған.
Аудандық білім бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жөнінде құрамы 13 адамнан тұратын жұмыс тобы, яғни ведомствоаралық штаб құрылған. Лагерьдің дайындық жұмысы 15 наурыздан басталып, төрт кезең бойынша іске асырылып жатыр. 16 сәуірден бастап ұйымдастыру жұмысы жүргізілуде. 1 маусым мен 31 тамыз аралығында лагерь өз демалушыларын қабылдайды. Одан бөлек ауданның 18 мектебінде жалпы оқумен қамту қорынан 1-4-сынып және жеке санатқа жататын 1654 оқушы мектеп жанындағы ыстық тамақпен қамтылған лагерьлерге тартылады. 10-сынып бітірген 189 оқушыға тамыз айында «Кәсіптік лагерь» ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ маусым айында орта және негізгі мектептер жанынан «Этнолагерь» ұйымдастырылып, оған 5-9-сынып оқушылары қатысады. Сол сияқты биыл алғаш рет «Эколагерь» ұйымдастырылып, ол 100 оқушыны қамтымақ. Осы лагерь аясында екі күндік экожорық ұйымдастырылып, оқушылар «Тасқаланың жеті кереметі» аталатын көрнекі орындарға экскурсия жасайды. Бұдан бөлек «Шұғыла» лагері жанынан 40 оқушыға «Шатырлы лагерь» ұйымдастыру да жоспарда бар. «Қазақстан халқына» қоры есебінен 47 оқушы маусым, шілде айларында тегін жолдамамен демалады. Жалпы, жазғы лагерьмен балаларды қамту барысында оқушыларды, оның ішінде жекелеген санаттағы балаларды сауықтыру демалысының түрлері бойынша жұмыспен қамту туралы алдын ала деректер жинақталып, жазғы іс-шаралармен қамту, сондай-ақ балалардың аты-жөні бойынша база қалыптастырылды. Жалпы санатқа жататын 321 бала, оның ішінде жетім және ата-аналардың қамқорлығынсыз қалған бес бала, қамқоршылық және патронаттық тәрбиедегі жеті бала, ата-аналары мүгедек 27 бала, аз қамтылған отбасылардың 110 баласы, көпбалалы отбасынан 40 бала жазғы лагерьмен қамтылмақ. Жетістікке жеткен, халықаралық, республикалық, облыстық олимпиада жеңімпаздары мен спортшылар және озат оқушылар – барлығы 435 оқушы лагерьге тартылады. Сол сияқты құқық органдарынан бір бала, мектепішілік бақылауға алынған 15, қолайсыз және жайсыз отбасылардың 21 баласы мектепішілік және «Шұғыла» лагері мен облыстық лагерьлерде демалатын болады. Балалар объектілерін қабылдау және лагерь қызметкерлеріне арналған нұсқаулық кестелері жасалып, лагерьдің әр түрі үшін бірыңғай бағдарлама мен күнтізбелік тақырыптық жоспарлар әзірленіп жатыр. Осыған орай балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесінде мамандар мен сарапшылардан жұмыс тобы құрылды. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары үшін балалардың қауіпсіздігі бойынша жадынамалар мен нұсқаулықтар, тәлімгерлерге арналған ойын технологиялары, чек-парақтар, сабақ сценарийлері жинағы жасақталып, мектептерге таратылды. Аудан орталығындағы «Шұғыла» жазғы демалыс лагері өз жұмысын 3 маусымнан бастап, сегіз кезең бойынша алты күннен 200 оқушыны жазғы демалыспен қамтуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда өндірістік бақылаудан сараптамалық сынама алынған, СЭС қорытындысын алуға құжаттар жіберілді. 10 сәуірде мектеп басшыларымен, 23 сәуірде мектеп директорларының орынбасарлары және лагерь бастықтарымен оқыту семинарлары ұйымдастырылған. Әрине, мұның барлығы да балаларымыздың алаңсыз демалуы үшін жасалып жатқан жағдайлар. Сондықтан әр ата-ана оған жауапкершілікпен қарап, баласының дер кезінде демалуына ықпал етуі керек.
Назгүл Серікқызы,
Тасқала ауданы,
zhaikpress.kz