Сонау бір жылдары редакцияға қоңыр түсті құлақшынын бастыра киген, қолында қойын дәптері бар, ұзын бойлы жас жігіт келді. Сол кездегі редакторымыз Нұрзия Уалиоллақызы мені кабинетіне шақырып алып «өлең жазатын ақын жігіт келіп отыр, сен өлеңдерін қарашы» деп маған тапсырма берді (мақала жазатыным болмаса, өлеңге «жоқ едім»). Ол кісінің өлеңдерін оқып шықтым, анығын айтқанда бір көзбен шолып шықтым, алайда түк түсінбедім. Өйткені, өлең жолдарының ұйқастары, құрылуы сұмдық!
Тоқ етері, жырдан алыстау мен үшін тым күрделі. Бұл өлең жолдарының авторы — Әділет Орынбасаров еді! Мінекей, Әділетпен таныстығымыз осылай басталды. Екеуміз «Теректі жаңалығы» газетінде біраз уақыт қызмет қылдық. Арада үзіліс болып, қазір қайта «қосылдық». Таныстығымыздың тамыры тереңге жайылып, достыққа ұласты. Кейін бауырлас інім болып кетті, шыны керек. Жұмыстың «ыстық-суығын» бірге көрдік. Өзі — Атырау, Дендердің тумасы. Еңбек жолы Теректінің төрінен басталды. Туа бітті талантымен, дарынымен, еңбекқорлығымен, еш «аға-көкесіз» өзінің маңдай терімен жұмыс істеп, биікке өрлеп келе жатқан жас ақын. Мұндай кісінің тасада қалмайтыны хақ. Қалың оқырманға қос бірдей кітабы жол тартты. Жуырда ақпарат саласының үздігі деген төсбелгісін тақты. Ал енді бірнеше дүркін байқауларға қатысып, қоржын толы жүлделерді жіпке тізсек, жүдә көп-ақ. Жүйелі жұмысынан — жүлделі жеңістері ел алдында. Міне, олардың қатарына тағы да маңызды марапат қосылды. Тінін тарқатсақ, бүгін Теректі ауданына ҚР Жазушылар одағының Орал қаласындағы филиал директоры, есімі елге мәшһүр ақын Бауыржан Халиолла және Талғат Мықи, Мәрлен Ғилымхан сынды ақындар келді.
Меймандарды Теректі ауданы әкімі Әлия Мұханбетжанова қарсы алып, дөңгелек үстел басында әңгіме-дүкен құрды. Емен-жарқын жүздесу барысында Бауыржан Ергенұлы жас ақын,«Теректі жаңалығы» газетінің директор-редакторы Әділет Орынбасаровты ҚР Жазушылар одағына мүшелікке қабылдап, салтанатты түрде билетті табыстады.
Айта кетейік, биыл республика бойынша Жазушылар одағының 18 мүшесі тіркелген. Сол он сегіздің бірі болып, біздің де әріптесіміздің қабылданғаны, зор қуанышты жәйт.
— Бүгін еліміз Астана күнін тойлап жатса, Дендер мен Теректі үшін және мен үшін бүгін тіптен ерекше күн! Қаламды серік еткен әр азаматтың арманына айналған дүние менің де ішкі мұратым еді. Мен өлеңге адал болдым, өтірік қоспадым. Оқырманға шынайы жыр сыйлауға тырыстым. Сол еңбектің бүгін ақталған күні. Бүгін салтанатты түрде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атандым! Батасын берген Ақұштап Бақтыгереева апама, ағалық қамқорлығын көрсеткен ақын Асантемір Қаршығаұлына, сенім білдірген Одаққа және қолдау танытқан Бауыржан Ергенұлына мың алғысымды айтамын, — деді Әділет Әлібекұлы.
Кездесу аясында Теректі аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев қаламы қарымды журналист, талантты ақын Әділет Орынбасаровтың еңбегін тілге тиек қылып, сәттілік тіледі!
Тілек қабыл болсын, әріптес! Адалдықтың туын нық ұстап, әділдік жолында еңбек ете бер, Әділет!
Самал Жамет,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz