28.05.2025, 17:30
Оқылды: 186

Жазылған жайдың жаңғырығы: Мұстафа Өлеңтіге көшіп келді

“Сырым елі” газетінің 30 сәуірдегі №18 (10298) санында журналист Б. Ширмединұлының “Ескерілмей жүрген ер басыбайлы баспанаға зәру” мақаласы жарияланды. 

IMG_2739

Мақалада Семей ядролық сынақ полигонында әскери қызметін өтеген өлеңтілік Мұстафа Днекешовтың елеусіз-ескерусіз, ең қиыны үйсіз жүргені жазылған.  Иә, Мұстафа мырза 1976 жылдың 16 қарашасы мен 1978 жылдың 21 қарашасы аралығында сол кездегі Семейпалат облысы, Жармин ауданы, Георгиевка ауылындағы №64554 әскери бөлімінде қызмет атқарған. Оның 2 жыл бойы денсаулығына зиян, ауасы улы, радиациялық қаупі жоғары жағдайда (7 – 35 бэр аралығында) қызмет еткенін айғақтайтын құжаттар қолда. Кейін газетімізді екі бүктеп, қолтыққа қысып, жаралы жауынгердің жайымен Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов мырзаның қабылдауында болдық. Тірілей у жұтқан жандар арнайы санатқа алынып, көмек алуы тиіс екенін, ең бірінші шаруа баспана орналастыру мәселесін айттық.

Әкім бізді кері қайтармады. Тапсырма беремін деген. Араға апта салып Сырым аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айболат Нұрмұханов Мұстафа ағамызға Өлеңті ауылындағы “Бірлік” тұрғын үй кешенінен бір бөлмелі пәтердің кілтін қолына ұстатыпты. Қуанып қалдық. Уақытша болса да, пана ғой. Қазір Мұстафа Днекешов Аралтөбеден Өлеңті ауылына көшіп келді. №4 пәтерге қоныстанды. «Ауылыма келдім!», - деп қуанып отыр.

IMG_2745

Газеттегі мақаланы оқып, полигонның зардабымен бірге тұрмыстың тауқыметін қоса тартқан ауылдасына Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Ғанимат Нұрмұханов та алаңдаушылық білдірген-ді. Ғанимат мырза бүгін Мұстафа Днекешовқа арнайы барып, жаңа қонысқа құтты болсын айтып, хәлін білді. Депутат алдағы уақытта Мұстафа ағаға мүгедектік тағайындау, тиісті жеңілдіктерін алу бағытында жұмыстанбақ. Міне, газеттегі бірер бет мақала бір адамның өміріне сәл де болса сәуле түсуге көмектесті.

Б. Шерім, 

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале