Наурыз айының 27-28 күндері Сырым ауданында болған тасқында судан зардап шеккен әлеуметтік нысанның бірі – Сырым колледжінің жатақханасы.
1968 жылы салынған ғимарат осымен екінші рет суда қалып отыр. Топан су жастардың жылы үйіне түнде кірді. Студенттер қауіпсіз жерге көшірілді. Осы жолы су іргеден асып, терезе деңгейіне жетеқабыл тұсқа дейін көтеріліпті. Су қайтты, зияны қалды. Кейін кафель еден сынып, ғимарат қабырғасы қисайып кетті.
10 cәуір күні «Emir Stroy» ЖШС нысанның тасқыннан кейінгі күйімен танысып, техникалық зерттеу жүргізуші мамандандырылған мекеме ретінде 1968 жылғы ғимарат 61, 3 пайызға тозған деген қорытынды берді.
Аудан әкімінің жанынан су тасқынының салдарымен танысу, алдын ала шығындарын есепке тіркеу бағытында құрылған комиссияның мүшесі әрі аудандық мәслихат депутаты ретінде құжатпен таныстық.
Актіні қоса тігіп, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевке ашық хат жазғанымыз, облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антизиевке аяқтай кіргеніміз бар, екі ортада облыстық білім басқармасының құжатты ұстап қалғаны бар, әйтеуір әупірімдеп жүріп Сырым колледжінің жатақханасын облыстағы суға кеткен әлеуметтік нысандардың тізіміне енгізген едік.
Кейін ғимараттың апатты екені де мақұлданып, қайта салу туралы шешім шықты. Қыстың көзі қырауда, күздің көзі жылауда.
– Жаңа оқу жылы табалдырықта тұр. Студенттер қайда жатады? Жатақхана қисайып тұра бере ме? Құрылыс қашан басталады?! Жатақхананы бұза ма әлде өзі құлай ма?! – деген сұрақтарға жауап таппай сандалдық.
– Жауабы алынбаған, басқармалар «айналып өткен» сұрақтар әлі де өткір күйінде тұр:
Бірінші, жаңа жатақхананың құрылысына асхана, кітапхана, акт залы, спорттық зал және жаңа мамандықтар үшін корпустарды қоса салу. Осыған дейін студенттер бейімделген бөлмені акт зал қылып, жатақхананың бір бөлмесін асхана етіп, ас ішіп келді.
Мемлекет шығынды толық өтейді, - деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі біздің облысқа да қатысты болса, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі жатақхананы да, ауылшаруашылық техникаларына арналған гараждарды да қайта салуы керек!
Ақыры салады екен, жатақхананың жобалық- сметалық құжатына асханан, кітапханан, акт залы, спорт залы енгізілсін! – деген талабымызды тағы жолдадық. Бұл біздің емес, ауылдағы баласын ауданның басына оқуға жіберетін қоңыртөбел жанұялардың сұрауы.
«Халық қаласа, хан түйесін сояды» – дегендей, Жымпитыда түйе сойғандай қуаныш болып жатыр. Сырым колледжі жатақханасының құрылысы басталды. Қазіргі уақытта іргетасы құйылуда. Ғимараттың аумағы айлапат.
Бұйырса, студенттер сарайы мен спорт кешені де қарастырылған. Ауданның басындағы әкім мырзаларға үшбу нысанның құрылысын қадағалап, тиянақтатып алу қалып тұр.
Айтпақшы, «Сырым елі» газетінің №23 санында «22 миллионның әр тиыны – халықтікі!» немесе жаңа орын жұртқа жайлы ма?» – деген тақырыпта мақала шыққан еді.
Ол жерде: «Көше салынса жолымен, үй салынса шарбағымен салынсын!» - дедік. Себебі, жаңа үйлер сазды жерлерге салынған. Жаңбырлы күні көлік түгілі, жаяу адамның жүруі қиын. Осы мәселені көтерген халықтың пікірі де газетте тұр.
Жол мен дуал жайын Сырым ауданына келген сапарында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев та қолдады.
Міне, кешегі аптадан бері Өлеңтідегі жаңа үйлерге қарай жол тартыла бастады. Биыл жол табаны тартылып, шебінді қабат төселіп, келер жылы асфальтталады. Осындай жол Қарасудағы үйлерге де керек.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым аудандық мәслихатының депутаты