Жуырда Шыңғырлау станциясындағы желілік полиция қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Құқықтық тәртіп» атты жедел алдын алу акциясы оздырылды.
23-30 қараша аралығында өткен бұл шараның басты мақсаты: құқық бұзушылықтың алдын алу, тұрғындарға теміржол қауіпсіздігін түсіндіру, арнайы белгіленген орындарды көрсету, сонымен қатар белгі қойылмаған орындарда теміржолдан өту ережелерін бұзған азаматтарды анықтау болатын.
Шыңғырлау ауданының ЖПБ полиция капитаны Қанат Нұрғалиев ««Құқықтық тәртіп» атты жедел алдын алу акциясы барысында ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 559-бабының 5-бөлігіне сәйкес 16 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы жыл басынан бері барлығы 96 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл азаматтар тәртіп бұзушылыққа бірінші рет жол бергендіктен, әзірге «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. Егер де осы тұлғалар құқық бұзушылықты қайталайтын болса, оларға 3 АЕК көлемінде айыппұл салынатын болады» дейді. Полиция капитаны Қанат Мақсотұлының айтуынша азаматтарды жауапкершілікке тартумен қатар, ең бастысы түсіндіру жұмыстарына мән беру дейді. Осы мақсатта теміржол бекетінде арнайы ақпараттық тақталар жасақталғын.
Расымен де, жол қауіпсіздігіне ешқашан немқұрайлы қарауға болмайды. Себебі, шойын жол бойында алаңсыз ойнайтын бала-шаға, өтуге арналмаған орындармен жүрген адамдар, әрі-бері жосып жүретін қараусыз мал да – үлкен апатты жағдайларға әкелуі мүмкін. Сондықтан ережеге сәйкес теміржол арқылы өту үшін белгіленген орындармен, яғни жаяу жүргіншілерге арналған көпірлер, теміржол өткелдер, сондай-ақ арнайы жабдықталған ағаш төсемдер арқылы өтейік.
Аман Сағи,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress