Сырым ауданындағы әкімдердің есептік кездесулері кезінде Талдыбұлақ, Елтай ауылдық округтеріндегі жиналыста болдық. Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев сол сапары кезінде облыстық мәслихат депутаты Ғанимат Нұрмұхановпен бірге Тасқұдық медициналық пунктіне аяқтай барып, жұмысымен жете танысты. Округтегі «Жедел жәрдем» көлігі жүрмей тұрғанына, көлікті жаңалау керек екеніне көзі жетті.
Іссапардан келгеннен кейін аудандық мәслихаттың депутаты әрі журналист ретінде аудандық «Сырым елі» газетінің Facebook желісіндегі парақшасына «Жедел жәрдемге» жедел жәрдем керек немесе Тасқұдықтағы жиналыста халық неге сергек отырды?» деген мақала жаздық.
- Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев пен облыстық мәслихаттың депутаты Ғанимат Нұрмұханов Тасқұдық ауылындағы әлеуметтік нысандарды аралады.
Олар алдымен Тасқұдық медициналық пунктінде болды. Фельдшер Гүлдана Қазиеваның айтуынша, пунктке 323 адам тіркелген. Жұмыс қалыпты жүруде. Алайда Тасқұдықтағы медициналық қызметкерлер сол қалыпты жұмысты жаяу жүріп атқаруға, кейде жеке көлікпен жүріп жасауға мәжбүр. Себебі «Жедел жәрдем» көлігінің «шаруасы біткен», көліктің өзіне жәрдем керек. Аудан орталығынан шалғай әрі қыстай қар мен көктем-күзде балшықтан арылмайтын Ақсайға барар жолдың бойында орналасқан Талдыбұлақ, Тасқұдық, Қазақстан елді мекендерінің күнін бір көлікке қаратып қою қаншалықты дұрыс? – деген сұрақ қойдық.
Елтай ауылдық округінің орталығы Тасқұдық ауылында 410 адам тұрады. Талдыбұлақ ауылында 533, ар жағындағы Қазақстан елді мекенінде 133 тұрғын өмір кешуде. Қос округ аудан орталығынан да, қаладан да шалғай жерде тұр. Жол мәселесі өте қиын. Жаз болмаса, қалған мезгілде көліктің жүруі қиын. Жаңбыр жауса балшық, боран соқса қарға кептеліп қалады. Ал 1076 адамның тағдыры не үшін жүрмейтін «Жедел жәрдем» көлігіне байланып тұр? Олар ауырмай ма? Уақтылы медициналық көмек көрсетілмей, қайғылы жағдай орын алса кім жауап береді? Жүрмейтін «УАЗ» ба?
Елтай ауылдық округінің әкімі Рашид Байыровтың айтуынша, медициналық көлік қыстай тұрған орнынан қозғалмаған. Боран мен аязда сырқаттанған халық Жымпитыға қалай жетті екен?
Түсінеміз, аудандық аурухананың бюджеті Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасынан қаржыландырылады. Дегенмен бір амал жасауымыз керек қой. Бюджет облысқа тиесілі болғанымен, Тасқұдық пен Талдыбұлақтағы халық біздің ауданның халқы ғой. Сондықтан осы іске аудан әкімі Төлеген Төреғалиевтің араласуын, Талдыбұлақ, Елтай ауылдық округтеріне ортақ «Жедел жәрдем» көлігін жаңалау жөнінде денсаулық сақтау басқармасына ұсыныс түсіріп, мәселенің оң шешілуіне ықпал етуін сұрар едік.
Жоғарыда аталған мақаладағы «...Тасқұдықтағы жиналыста халық неге сергек отырды?» - деген сұраққа да жауап берейік. Есептік жиналыс Тасқұдық мәдениет үйінде өтті. Халық сергек отырды. Өйткені мәдениет үйінің де жылу жүйесі дұрыс жұмыс жасамайды екен. Салқын жерде сергек отырмағанда қайтеді?
Айта кетейік, Тасқұдық мәдениет үйі – ауылдың рухани шаңырағы. Кітапхана, пошта осында орналасқан. Ғимарат жылымай халық үшін жылы шаңыраққа айналмайды-ау!
Бұл мәселе аудан көлемінде шешіледі, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт, дене шынықтыру бөлімінің басшысы С.Нұрпейісов мырза жұмыстанады деп сенеміз.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым аудандық мәслихатының депутаты