15.02.2023, 12:15
Оқылды: 34

«Жеке тұрғындарға мал баққаны үшін субсидия беру керек!»

Ғанимат мырзамен кәсіпкер мен журналист ретінде емес, аға мен іні шырайында әңгімелестік. Бизнес саласына өмірінің 25 жылын арнаған азамат кәсіп барысында қандай қиындықпен кездесті, ХХІ ғасырдағы қазақтың іскер азаматтарына, ұлтқа жаңа заман қандай талап қойып отыр, қай мәселе қолбайлау – міне осылар жөнінде ашып айтты. «Бизнесмен болу – баю емес, өзіңе де өзгеге де пайдалы өмір сүру» дегенді ұстанатын Ғанимат Нұрмұхановты алаңдататын мәселелердің билік өкілдеріне де, істес әріптестеріне де қатысы бар.

 IMG_9310

Адамдар қазір өнімін, қызметін сатуды былай қойып, ақылын да сатуға көшкен. Ең қызығы бұл емес. Қызығы, қоғамда біреудің ақыл – кеңесін «сатып алу» тенденциясының кең етек жайғаны.

Хош, бүгінгі «данагөйлер» қандай ақыл айтып, не үйретіп жүр? Әлеуметтік желі бұл сұраққа толық жауап бере алады. Желінің қабырғасы «Бір күнде байып кетудің жолын үйретемін!», «Үйде отырып, ақша тап!», «Миыңдағы миллиондарды банктегі есепшотыңа аудар!» - деген жалбыраған жарнамаларға толып тұр.

Сырымдық кәсіпкер Ғанимат Нұрмұханов адамның бір күнде байып кетпейтінін, үйде жатқан адамға ырыздықтың өзі келмейтінін жақсы біледі. «Адамзаттың асыл тәжі болған пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мұхаммед: «Табыс деген – не?» деген сауалға «Мынаның және мынаның қимылдауы» деп екі қолы мен екі аяғын көрсеткен деседі. Ғайнекең де «мидың ішіндегі миллиондарға» емес, қолындағы мүмкіндікке ғана сенеді.

Себебі, ол жоқтан бастау сатысынан өтті. Құлап қайта тұру деген кезеңді де сәтті бағындырды. Шағын жанармай нүктесі, диірмен, кафе, қожалық. Бұл – кәсіпкер өткен баспалдақтар. Тәуелсіздікпен бірге ширап, бірге түлеген «Жібек жолы» қазір көпсалалы шаруашылық кешеніне айналды.

Қазақстан – жаңа, картамыз – кеңестік

«Жібек жолы» қожалығы асыл тұқымды малдың басын көбейту, жол бойындағы сервис, мейрамхана, сауда сияқты бағыттардың қатарына былтыр егін шаруашылығын қосты.

Шаруашылық былтыр көктемде 3 764 га жерді өңдеп, оның 2400 гектарына егін салды. 500 га арпа, 500 га тары, 440 га мақсары, 100 га құмай (сорго) егілді. 900 гектарға күнбағыстың алты түрінің дәні шашылды. Өсімтал сорттың алқабы болашақта кеңейтіледі. 5 га алқапқа тәжірибе мақсатында жүгері дәнін шашты.

IMG_9313

-Кеңес үкіметі кезіндегі әдіс – тәсіл, техниканың мерзімі өтті. Заман жаңарды, ауа – райы да өзгерді. Жер құрғаған. Яғни, ауа – райымен бірге техниканы да өзгерту тиіспіз. Біз дән себу жұмыстарын еуропалық «AmazoneConder», америкалық «GreenPlainse» агрегаттарының көмегімен атқардық. Тұқымдарды тәжірибеден өткізіп жатырмыз. Құрғақшылық пен ыстық желге төзімділері дәстүрлі егінге айналады. Мал шаруашылығын да, егін ісін де ілгерілетуге болады. Біздің қазіргі уақытта шешуге тиісті №1 мәселеміз – су, – дейді қожалық жетекшісі.

Ғанимат Нұрмұхановтың айтуынша, жердің су – кен орындарын қайтадан зерттеп – зерделейтін уақыт болды әрі бұл жобаны қаржыландырып, қолдауды мейлінше ертерек қолға алу қажет.

-Бүгінгі күні «Жайықгидрогеология» ЖШС қолданатын карта ескірген. Соңғы рет Батыс Қазақстан облысының аумағындағы жер асты су – кен орындары Кеңес өкіметі кезінде зерттеліп, қағазға түсірілген. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болса да, әлі күнге кеңестік картографияны, сызбаларды пайдаланып келеміз. Климат ауысты. Күннің жылылығы артты. Жердің тектоникалық қабатында қозғалыстар орын алды. Заман жаңарып, құрал – жабдықтар ескірді. Бұл мәселелерге мен кезіктім. Сосын айтамын. Қолымыздағы зерттеу жабдықтарының мүмкіндігі жерді 70 – 80  әрі кетсе 100 метр тереңдікке дейін өлшеуге қауқарлы. Қазір шетелдің технологиясы жердің қабатын 500 – 800 метр тереңдікке дейін ұңғып, су шығаруға қауқарлы. Міне, біз қолданатын әдіс, – дейді сырымдық шаруа.

IMG_9306

Жаңа су көздерін іздестіру ауыл түгілі, Оралда да өзекті. Батыстың бас шаһары ауыз суға Жайық өзені мен жер асты су көздерін пайдаланады. 2 жыл бұрын жаңа көздер табылып, су өнімі 27 мың шаршы метрге ұлғайды. Бірақ, қалада суды тұтыну көлемі өндіріс көлемінен артық. Демек, мәселе көп ұзамай «қызыл деңгейге» шығады.

Су - кен орынын игеру – ауылшаруашылығының алға басуына жәрдем береді. Жерді жарып, су қазандықтарын жасаумен айналысатын мекемелер де жұмысын тоқтатты. Маман жоқ, жабдық жоқ. Сондықтан, су жоқ.  – деп алаңдайды азамат.

 

Тәуелсіздікті өндіріс қана сақтай алады

Мен кейде өзіме балаларымыз не үшін оқып жатыр? – деген сауалды қоямын деді Ғанимат Нұрмұханов. Оның себебі де бар.

ҚР Президенті Қасым – Жомарт Тоқаев 2021 жылғы жолдауында техникалық білімді тегін беру туралы айтқан. Былтырғы жолдауда осы ұсынысын:

-Техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындары еңбек нарығының нақты сұранысына бейімделуі және  еліміздің жаңа экономикалық бағдарының міндеттеріне сай болуы керек. Ата-аналар мен оқушылар алған білімінің және игерген машық-дағдысының сапалы және сұранысқа ие болуы үшін белгілі бір деңгейде жауапты екенін сезінуге тиіс, – деп толықтырды.

IMG_9300

Ғанимат Нұрмұханов игерілген мамандыққа сай жұмыс болмаса, оған оқушы мен ата-анасы емес, тікелей үкімет жауапты деп есептейді.

-Үкімет баланың білім игеруден бастап, жұмысқа орналасқанша қадағалауы тиіс. Техникалық мамандық алып жатқан жастар көп. Қазақстанда 17 жоғарғы оқу орны 70 бағыт бойынша техникалық білім береді. Оған колледждерді қосыңыз. Бірақ біздің елде техникалық мамандық иелері жұмыс жасайтын өндіріс орындары жоқ. Тамақ өнеркәсібінің маманы тамақ өнеркәсібінде, агрохимик егін даласында, машина құрастырушы автозауытта жүру керек қой. Біздегі еңбек нарығының панорамасы басқа саланың маманы мүлде басқа салада қызмет атқарады, – дейді ол.

Иә, қоғам адамының ойынан оқығанымыз - Қазақстанды, оның халқын, тұрмыс – өмірін, жалпы айтқанда Тәуелсіздікті мұнай мен газ емес, өндіріс қана сақтай алады.

Мұнай мен газға, оңай олжаға бой үйретіп, қамсыз отыра беретін заман емес. Өндіріске көңіл жоқ, сосын да қаражат жоқ. Байқайсыз ба, мемлекеттік жобалар мұнай бағасы көтерілсе, жақсы деңгейде орындалады. Егер, баррель бағасы түссе, мемлекеттік жобалар тоқтайды.

- Біз тек шикізат, онда да өңделмеген шикізат берумен өспейміз. Бір Мәскеудің тұрғын санына жетпейтін халықпыз. Айналамыз бәсеке. Оңтүстік Кореяның экономикасын үш компания алға сүйреп отыр. Оларда жер байлығы, ауылшаруашылық өнімдері жоқ. Бірақ, өндірістің алдыңғы қатарында, тіпті лидер! Әлемдік саясатта салмағымыз басым, атамекенде табанымыз нық болмағы үшін қазақ жұртына да өндіріс қылмақ керек. Әр ауылда цех болса ғой. Халқы кедей мемлекет түбі тәуелді болады. Бүгін осы істің басын тауып, жолға қоймасақ, ертең болашақтың қарғысын аламыз.

Бұл - Ғанимат мырзаның жанайқайы! Ал, елімізде өндірісті аяққа тұрғызу үшін не істеу керек? Жолы қандай?

Жолы бар. Қазір қазақ билігіне ғасырда бір келетін мүмкіндік туды. Ресей мен Украйна арасындағы саяси кикілжің соғысқа ұласты. Әлем алпауыттарының санкция енгізуіне байланысты көрші елден өндіріс кәсіпорындары, зауыттар, фабрикалар үдере көшуде. Біз оларға бизнеске қолайлы мемлекет ретінде ұсыныс айтып, елге алдыруға тиіспіз. Бұл – орайлы сәт, мықты. Шетел зауыттары, компаниялар бізге ақша, жұмыс ең бастысы сабақ алып келеді. Тәжірибенің құны ақшадан да қымбат. – дейді кәсіпкер.

Ұрықты да шетелден,тұқымды да шетелден!

Әрине, «азаптың өзінен, тозақтың тезінен» аман қалған қазаққа енді тіршілік ету, әлемдік саяси өмірде мемлекет ретінде өмір сүру – міндет. Экомикалық саясатты да, саяси жүйені де көшірме етпей, заманмен санасып құру шарт.

Әңгіменің ауанын ұстаушымыздың айтуынша, мемлекет мемократиямен бағытын айқындайды, бірақ тәртіппен өседі. Америка құрама штаттарының билігі саясатын әлеуметтік сауалнама негізінде құрады. Қазақстанда халықтың көңіл күйін аңдау жоқ. Бір кемшілікті жою үшін «басқа тию» керек. Жолдағы шұңқыр бітелуі үшін көлік апаты болу керек. Өрт қауіпсіздігін реттеу үшін балалар өртенуі тиіс. Жылу құбырларын алмастыру үшін қыстың ортасында жарылуы қажет.

Өндіріс туралы өкіртіп тұрып айтуының да салмақты себебі бар.

- Менің кәсібім ауылда. Негізгі бағытым – ауылшаруашылық. Өзім жолыққан, тап болған қиындықтар туралы айтамын.

Қазір ұрықты да, тұқымды да шетелден сатып алып отырмыз. Ел экономикасының локомативі – ауылшаруашылық саласын қалай көтереміз? Мен секілді мал өсіріп, ет өндіріп отырған шаруа ағайынның мәселесі – ортақ.

Біз өнімдерімізді экспорттай алмай отырмыз. Етін, егінді шекара сыртына сата алмаймыз. Жабық. Ал, ішкі нарықтың белгілеген құны төмен. Себебі, отандық қоймалар Ресейден келетін құны арзан етке толы. Ал, шаруалар өз өнімін сата алмай дал. Сылтау – елдегі ет комбинаттарының жұмысын жүргізу үшін қазақстандық фермерлер баққан малының етін ел ішінде сатуы шарт. Комбинаттар тиімді, ақтамайтын баға қояды. Астық өндірдік. Сатып үлгере алмадық. Ішкі сұранысты Ресей үлкен толқынмен жауып тастады. Шекара көршілер үшін неге ашық, біз үшін неге жабық?, - дейді кейіпкеріміз.

Баққан малы қымбаттамай, ауыл халқының жағдайы көтерілмейді

Қазіргі таңда «Жібек жолы» шаруашылығының қыстақтарында 650 бас ірі қара, 500 бас қой және 67 түйе қыстатылуда.

Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, қожалықтардан тыс, аудандағы жеке тұрғындардың ауласында 16 127 ірі қара, 43 461 қой бар. Оған 7003 жылқыны қосыңыз.

-Шаруашылықтар мал бағып, өнім өндіргені үшін мемлекеттен демеуқаржы алады. Менің ұсынысым жеке тұрғындарға да ауласында мал ұстап, баққаны үшін, оның етін, сүтін өндіріп, тағам қауіпсіздігіне үлес қосқаны үшін субсидия беру керек. Тек шаруашылық иелерінің ғана емес, қолдау қаражат халықтың қолына тисін. Сонда сүт, ет өндірісі артады. Қазір көңіл бөлмесек, ауылда әуелі мал бағатын үй қалмайды, кейін тіпті ауылда үй қалмауы ықтимал.

Меніңше, жағдайдың күрделі екендігін, ауыл халқының нарықпен арпалысып өмір сүріп жатқанын министрлік қызметкерлері білмейді. Себебі, кеңсе асфальтта өскен, ақ көйлек, көк костюм киген балаларға толы.

Министрлік қабырғасына жеткенше маман мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өтуі тиіс. Ең әуелі ауыл әкімдігінде статист, бас маман болып қызмет бастауы жөн. Ауылдың иісін иіскемеген адам ауыл тағдырын неге шешеді?.

Ғанимат ағамыздың өзі де облыстық мәслихаттың соңғы екі шақырылымында депутат болып, абыройлы қызмет атқарды.

-Депутаттық пен перзенттік парызды шатастыруға болмайды. Кәсібім – елге деген қызметім. Мал мен астық өсіп, өнуде. Техникалық жарақтану деңгейіміз жылдан жылға дамып келеді. «Жымпитыда егін шықпайды!» - деген сөзді жоққа шығару үшін жұмыс жасап жатырмыз. Ертең менің қатарыма жас кәсіпкерлер қосылады деп ойлаймын. Олардың қадамы сәтті болуы үшін, аға буын – біздер көп тәуекелге баруға тиіспіз,– деп сөзін аяқтады кәсіпкер.

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале