Тасқала ауданының тумасы Ғариф Сатиевті ауылдастары желаяқ спортшы ретінде жақсы таниды. Алматы қаласында тұратын танымал марафоншы Оян ауылында туған. 1979 жылы Орал қаласындағы ауыл шаруашылығы институтын бітірген ол ауылда сегіз жыл қызмет еткен. Студент кезінен күреспен айналысқан ағамыз облыс деңгейінде өткен жарыстарда талай мәрте қанжығасы майланған. 1987 жылдан Алматы қаласында тұрады. Үлкен қала спортқа жақын азаматтың діттеген мақсатқа жетуде үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Спортпен шұғылданудың ешқашан ерте-кеші болмайтынына кейіпкеріміздің өмірі дәлел. 49 жасынан жүгірумен айналыса бастаған Ғариф Ғарифоллаұлының бүгінде жетістіктері бір төбе.
Саралап қарасақ, 8 рет халықаралық марафонға қатысып, шашасына шаң жұқтырмаған. Өзінің жас шамасына сай үнемі І орынды тізгіндеп жүрген ол екі мәрте Орал қаласында өткен жарыста да жүлделі орынды еншілеген. Мұндай олжалы сәттер Ғариф ағайдың өмірінде көптеп саналады. Туған жері Тасқала ауданында да жүгіруден жарыс ұйымдастырған екен. Бүгінде марафоншының жасы – 64-те. Артық қырым еті жоқ, сымдай тартылған спортшының дәрі-дәрмекті пайдаланбай келе жатқанына 10 жылдың жүзі болыпты.
–Жүгіру – денсаулыққа өте пайдалы. Адам терлеген кезде барлық ауру терімен бірге сыртқа шығып кетеді. Спорттың арқасында денсаулығым жақсы. Осы уақытқа дейін 1 рет Тәшкент қаласында өткен халықаралық марафонда, 2 рет Орал қаласында, 5-6 рет Алматы қаласында өз жасыма сай үлкен қашықтыққа жүгіріп, жүлделі орындарды еншіледім. Елуден аса мемлекет қатысқан бұл жарыста да бағым жанды. Ең бастысы, еңбек пен шыдамдылықтың болуы адамды діттеген мақсатқа жетуге үндейді, - дейді.
42 шақырымды бір, 21 қашықтықты үш мәрте жүгіріп өткен екен. Калыпты ара қашықтығы – 10 шақырымды құрайтын көрінеді. Бұл қашықтықты зейнет жасындағы спортшы 47-49 минутта бағындырады. Таңданбай көріңіз! Қарулы жас жігіттердің өзін шаң қаптырған. 48-49 жасынан үздіксіз жүгіріп келе жатқан Ғариф ағайдың өмірінде керемет естеліктер сақталған. 59 жасында белгілі актер Тәуекел Мүсіліммен бірге 10 шақырымды 48 минутта жүгіріп өткен. (алдыңғы жылы 58 минутта жеткен). Тәуекел Ғариф ағаймен бірге фотоға түсіп, оны инстаграм парақшасына жүктеп: «Қасымдағы Ғариф ағаммен бір уақытта жүгіріп келдік, ағам 59 жаста. Жас жігіттердей қауқары бар. Ағаларымыз осылай әлді болып жүре берсін! Бізге сол кісілердің жолын берсін! - деп жазған екен. Сондай-ақ, Сидней олимпиадасының жүлдегері Ермахан Ибрайымовпен де жолдары осы спорт алаңында табысқан. Азия чемпионы Марат Балғабаевты да жақсы таниды. Бірге жаттыққан кездері болған.
Спортшы бала кезінде өте момын болыпты. Бірақ өзі қатарлы балалармен төбелесте есесін жібермейтін шақарлығы да діттеген мақсатына жетуде жол ашқан. Ештеңеден қорықпайтын, тәуекелшіл азамат жоғары сыныпта оқыған кезінде досы екеуі «жүгірген адамның бой өседі» дегенді құлағы шалып, ауылдағы бәйгеге ат қосатын жерде 5-6 шақырым жүгірген екен. Бұл оның кейін бұл спортқа оралуына түрткі болғаны анық. Әрі институтта күрес үйірмесіне қатысқанда жеңіл жүріп, турникке күніне 25-30 рет тартылуына көмегі тигенін жылылықпен әңгімелейді.
Қазіргі 64 жасында турникке он шақты мәрте тартылатын спортшы шет елдіктермен де бірге жүгірген екен. Германиядан неміс ұлтының өкілдері келіп, «Алматының тауында жүгіреміз» деп алдын ала тапсырыс береді. Медеу айдынында 21 шақырымды немістің желаяғымен қатар қалыпты ырғақпен баяу жүгіріп отырады. Жастары шамалас. Жолай серіктесі бір нәрсе айтқанымен оның не дегенін ағамыз түсіне алмайды. Бірақ, одан озып кетпей, артта да қалмай, діттеген мақсатқа бірге жетеді. Мәреге жеткен соң, шетелдік азамат тілші арқылы оның алға озып кетпегеніне алғысын білдіріпті.
Күн сайын ерте тұрып жүгіріп жүрген оған бірде зайыбы Айсұлу апай да қосылады. Қазір апамыз 5-6 шақырымды еркін бағындырып, шаршамай, шалдықпай таза ауамен салауатты өмір салтын ұстанып келеді. Сондай-ақ, төрт ұлы да спортты серік еткен. Немерелеріне де ата-әже ісі үлгі боп олар да марафондарда қатарластарынан қара үзіп жүр. Шыныда да достары оны біздің желаяқ десе, кішілері марафоншы ағай дейтін көрінеді. Адия атты немересі алғаш жарысқа қатысқан кезінде жасөспірімдерге арналған спорт мектебі шәкірттерін шаң қаптырып, бәрін таң-тамаша еткен. Туған жерге бүйрегі бұрып тұратын Ғариф ағай Орал қаласында өткен жарыста бір жеңісін өмірден ерте өтіп кеткен достарына арнаған кезінде еріксіз толқыныс сезініпті. Әйтсе де ауру-сырқау дегенге онша мойын бұра бермейтін ол бар гәптің ұдайы қозғалыста болуынан екенін айтады. Денені шынықтыру –ауырмаудың кепілі емес пе?!
Барша ауылдастарды спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануға шақыратын марафоншы карантин кезінде де таңғы сағат 05: 40 тұрып, 4 шақырым жүгіріп қайтады. Ал, сенбі, жексенбі күндері Шамалғанда тауда саф таза ауамен тыныстап, ондай кезде 10-15 шақырымды еркін меңгереді. Бүгінде ардагер ағамыз алматылықтарға жақсы таныс. Өткен күн керемет естелік.
Алматыға кеп алғаш марафонға қатысқаны еріксіз еске түседі.Сонда ұйымдастырушы : «бізде мықты спортшылар бар, жүлде аламын деп аяғыңызды ауыртып алмаңыз, - дейді кекесінмен. Сонда намысшыл, қайсар ағамыз «Менде спортпенайналыстым.Олардан қай жерім кем?! - деп бұл жарысқа қатысып, алғашқы жүлдесін алған екен. Бүгінде оның бәрі өткен күннің естелігі боп санада жаңғырады. Үлкен жарыстарға қадам бастырған батыл қадам кішкентай ауылдағы алаңқайда басталғанын қарт спортшы естен шығарған емес. Әрдайым жүгірудің пайдасы жайында айтудан жаңылмайтын Ғариф аға енді Оралдан Тасқалаға жүгіріп жетуді нақты мақсат етіп қойған.
Гүлнар Тасболатқызы,
Тасқала ауданы
zhaikpress