Жеңіс! Осынау жалғыз ауыз сөзде қаншама терең мағына жатыр. Кез келген істің, қандай күрестің де басты мақсаты жеңіске жету болғанымен, кешегі Ұлы Отан соғысындағы үлкен Жеңістің орны айрықша бөлек. Оған жету үшін қаншама халық жан алып, жан беріскен шайқастарға толы ұзақ та ауыр жолдан өтіп келді.
Зарықтырып, сағынтып жеткен Жеңісті жақындата түсуге майданның алдыңғы шебінде от пен оқтың ортасында болған майдангерлермен бірге тыл еңбеккерлері де, майдан даласынан шалғайдағы қарттар мен әйелдер де, буыны бекіп, бұғанасы қатпаған балалар да үлес қосқан.
Ол сонысымен де қастерлі, қасиетті саналады. Биыл міне, сол Жеңіс күні елімізде жетпіс сегізінші рет атап өтілгелі отыр. Осыған орай бүгін аудандық мәдени-демалыс орталығында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне және 9 мамыр Ұлы Жеңістің 78 жылдығына орай «Желбіре, Жеңіс жалауы!» атты салтанатты жиын өтуде. Іс-шарада аудан әкімі Алпамыс Жаңабайұлы құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебізін білдіріп, тыл ардагерлеріне құттықтау хаты мен құрмет гүлін табыс етті. Әрі қарай мәдени-демалыс орталығының дайындаған «Майдан хаттары» атты музыкалық композициясы сахналанды.
Аруғаным Берікқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz