10.12.2025, 13:00
Оқылды: 5

Желге сөнбеген сезім немесе ерлі - зайып желтоқсаншылар қашан еленеді?! 

Бұлдыртыдағы Данаевтар отбасының «Желтоқсаншылар» екенін екінің бірі біле бермейді. Махамбет Шағманұлы биыл мерейлі 60 жасқа толса, апамыз Мира Балқықызы бұл белеске Құдай бұйыртса келер жылдың көктемінде жетпек. 40 жыл өтсе де жадта жаңғырып тұрған Желтоқсанның Бұлдыртыда тұратын қаһармандарын халық тани ма?! 

Данаевтар

Данаев Махамбет Шағманұлы 1965 жылы 5 қыркүйекте Бұлдырты ауылында туған.  Бұлдырты орта мектебінің түлегі. 1986 – 1990 жылдары ол Алматы қаласында қызметте жүр еді.

“Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?!” - дегендей, осы ел Махамбеттің “86 - ның” желтоқсанында алаңға барып, ұлт рухын тұншықтыру оқиғасын көзімен көрген, одан бөлек соққыға жығылған бірнеше аруға араша түсіп, жойқын соққыға арқасын тосып, қыздарды қорғап алып шыққан батыр екенін біле ме?!

Әрине, осы жанкештілігі кейін Махамбеттің өзіне таяқ болып тиді,  тіпті іске тартылып, сотты болып,  ақыры төбесінен жарық күн туғанда  алды - артына қарамай туған ауылына оралды. Өкінішке орай, еңбек кітапшасындағы «Қызметтен “Декабрь” оқиғасына қатысқаны үшін шығарылды» деген жазу оның өміріне басылған қара таңбадай болғаны рас. Жаңағы жазудың себебінен біраз уақыт жұмысқа кіре алмай жүрді. Алайда, ердің нәпақасы - елдің ішінде ғой, не жұмыс табылса, соны жасап  өмір бойына қанағат етуге тура келеді.  Жаңағы “Декабрь” оқиғасына қатысқан…” - деген жазу болашақтың мінберінен “Батыр!” - деп оқылатынын ол әрине білмеді.

Өмір әрі қиын әрі қызық қой. Махамбет тағдырының серігі - Мира Балқықызымен сол Алматыда танысқан. Мира да “желтоқсанның желіне” тоңған қыз. Ол да жұмыстан шығарылғанды, күресінге тасталды.

Данаева (Қонысбаева) Мира Балқықызы 1966 жылы 24 наурызда Ақтөбе облысында дүниеге келген. Ақтөбеден арман қуып жастардың қаласы Алматыға жол тартады. Үмітін үкілеп, үлкен шаһарда оқимын деп келген арманы бар - тын. Арман оңай жеткізсе арман ба?! Оқуға түсе алмады. Сағы сынбаған қайсар қыз №1 жеңіл өнеркәсіпті фабрикаға 1985 жылы жұмысқа орналасады. Жастардың күнделікті өмірі қарбаласпен өтіп жатады. Сол кездегі көптеген жастар күндіз оқып, кешке жұмыс жасайтын немесе күндіз жұмыс жасап кешкі оқуға баратын.

Содан, Мәскеудегі орталықтың республика халқының пікірімен санаспастан Ресейдің Ульянов облысы партия комитетінің 1-хатшысы Г.В.Колбинді КОКП-нің 1-хатшысы етіп тағайындайтыны туралы хабары қазақ жастарының ашуын туғызады. Жер - жерде жігерлі жастардың қарсылықтары үдей түседі. Кеш қарая жұмыстан шығып (әлі күнге есінде..) жатаханаға бет алып келе жатқанында, бір ащы дауыс естіледі, «Қазақ болсаңдар шығыңдар, қазақ болмасандар қалыңдар...!!!» дегенді естігенде, жатаханадағы түгелге дерлік бойжеткендер сол кездегі Л.И.Брежнев атындағы алаңына ағылады. Жолдарын арсылдаған 10 итпен құқық қорғау қызметкерлері бөгемек болды. Бірақ, тасқын су мен жастық жалынды тоқтату мүмкін бе?!

Бойларында намыс пен жігер қайнаған жастар қастарындағы кірпіш зауытынан бір - бір тас алып, әскерилердің үстінен жаңбырша жаудырып, алдарында тұрған автобусты аударып, алаңға қарай беттейді. Жиналған жастар алаңға «Аруақ» деп айқай салып, «Елім-ай» мен «Менің Қазақстаным!» әндерін шырқап, шеруде ел үнін естіртті. Алаңның қарсы бетінде,  5 метр жерде Ресейдің 7 батальоні, танкілер, су атқыш балондар, сақадай - сай тұрған милицияларды көңіл ұмыта алмасы анық.

- Бұрымдарынан сүйрелген қыздардың жан-ұшыра айқайлаған дауыстары, қолын артына қайырып, шарасыз үнсіздікпен абақтыға тоғытылған жігіттер қаншама еді? - дейді Мира ханым.

Наразылық шеруі үш күнге жалғасы. Кейін қатысушыларды тергеулер мен тексерулер басталды. Тергеу кабинетіндегі аспалы шамның шиқылы 20 жастағы Мира апамыздың әлі есінде.

Кейіпкерімізді тауып телефонмен 2016 жылы сөйлескен болатынбыз. Осы оқиғаға қатысқандар милиция сойылының астында қалды, демі үзілді, мүгедек болды, сотталды, бер жағы - жұмыстан, оқудан шығарылды. Мира апамызбен бірге алаңда жүргендер 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Мира Балқықызы көтеріліске үш күн қатысса да, берген жауабында “Бірінші күні ғана байқамай шықтым, басқа ештеңе көрмедім, білмедім! - деп салқынқанды жауап берді. Жазасы жұмыстан шығарылумен шектелді. Желтоқсанның суық түндерінің біріндегі қарбаласта, жан – жақтан қарулы жасақ қоршап алғанда, жендеттердің қолынан Өскемен, Қарағанды, Шымкент, Жамбыл өңірінің 10 бойжеткен қыздарын “жұлып алып” қашып шыққандары есінде. Жолдас қыздары қанша уақыт өтсе де, құрбыларының сол ерлігін ұмытпады. Тіпті, байланыс үзілген кездерде іздеді. 2000 жылы “Хабар” арнасындағы «Бармысың бауырым?!» бағдарламасы арқылы Мираны іздеп жария жар салғандар бар. Желтоқсаншы ару бағдарламаны көрмепті әрі құрбыларын кері іздеп баруға қаражаты болмады.

Махамбет пен Мираның оқиғасы - Желтоқсан шындығының бір парағы. Бұл -  біз іздеп тапқан бір ғана шындық. Брежнев алаңында болғандар әлі де арамызда жүргені рас, өкініштісі, біз оларды білмейміз, танымаймыз. Олар “бүйттім, сүйттім” - деп кеуде керіп мақтанбайды, қорлықтары туралы жан баласына ашып айтпайды.

IMG_7567

Сонау 2000 жылы жұмыс бабымен Алматыға қайта жолы түскенде Махамбет ағамызға достары «Сен желтоқсаншысың ғой. Ақталуың керек! Мәртебеңді ал. Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті міне тұр, кіріп анықтама сұра! - деген. Ал, ағамыз арнайы мекемеге барып тұрып, кірместен кілт бұрылды. Бұл сол кездегі тергеудің сұмдық болғанын, сол сәттегі қиыншылықтар әлі де көкейде сайрап тұрғанын көрсетеді. Бүгінгі таңда Данаевтар отбасы Бұлдырты ауылында тұрақты тіркеуде. Бір өкініштісі, Желтоқсан көтерілісіне қатысамыз деп, оқуларын да аяқтамады, мамандық алмады. Екі желтоқсаншы вахталық әдіспен екі қалада жұмыс жасап,  отбасын асырауда. Зейнет жасына да таяп қалды, бірақ әлі тұрақты қызмет көрмепті.

Құрбандық қазанына өз еріктерімен түскен жерлестер қандай құрмет, қандай игілік көрді?! Отбасындағы жалғыз қыздары бой жетіп Қарағанды қаласында тұрмыста. Біз Махамбет пен Мираның суретін қызы Гүлденнен алғанбыз кезінде. Бүгінде бұл сурет музейдің құнды жәдігері.  Бұл екеуі қашан ақталып, ардақталады?! Орал қаласындағы «Батыс Желтоқсан» қоғамдық бірлестігі мақаламызды оқып, шұғыл қимылдаса қанекей?!

 

Айнагүл Ойшыбай, 

Сырым Датұлы

атындағы тарихи – өлкетану 

музейінің меңгерушісі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале