9.12.2021, 11:40
Оқылды: 76

Желтоқсан — алауын жаққан жүректер

Желтоқсанның күні қандай ызғарлы,

Жүректерде жазылмайтын сыз қалды.

От боп жанған қазағымның жастары,

Жалынымен ерітіпті мұздарды.

Сол мұздарда жанды алау өшпейтін,

Еркіндікті қашан да ел көксейтін.

Қаныменен тарихтарда жазылып,

Қайраттардың аты қалды сөнбейтін.

86e5ec8d80a0937841a4af56ab17f261

 Тарих беттерін қозғасақ, халқымызға ғасырлар бойғы арман болған тәуелсіздік, егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін бұл күн – біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. 1986 жылы 16-17 желтоқсан күндері «Желтоқсан оқиғасы» болды. Бүгінгі мақаламызда бейбіт ереуілге шыққан, сонымен қатар тарихта аты қалған желтоқсан көтерілісіне қатысқандар жайлы болмақ. Иә, бұл күнге жету үшін ата-бабамыз қан төкті, жанын берді.  Бүкіл жеріміздің тұтастығын сақтап, ұрпақтан ұрпаққа табыс етті. Тәуелсіздік күні еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке деп білеміз. Себебі, осынау жүрек жарды қуанышқа толы күнді ата - бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, күтумен өтті. Содан бері арада қанша жылдар өттті деңізші. Қаралы күннің қасіреті алыстап, егемендік алған еліміздің көк туы желбіреп биіктей түсті. Ресейдің езгісінде болып, тіліміз бен дінімізден алшақтағалы тұрғанда Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова сияқты қыршын жастардың құрбандыққа баруы арқасында ғана тәуелсіздік алып, егеменді ел болдық. Желтоқсан оқиғасында бейбітті шерумен басталып, соңы милициялар мен студенттер арасындағы қатты қақтығысқа ұласқан. Тартыс үш күн жалғасқан. Көтеріліске қатысушыларды ешкім естімеді. Қатысқандарды қатаң жазаға тартқан болатын. Көтеріліс басқа қалаларда да болған. Сол қанды оқиға кезінде Алматыда болған жерлестеріміз Қаныбек Мұқамбетжанов пен Мұрат Қажымбетов ағаларымыз көргендерін былай еске алды.

-Басынан айтар болсам, өзім сол кезде комбинатта жұмыс жасап жатқан  кезім еді. Сол  кезде біздер жұмысқа келген едік. Келгенде барлығы осы хабарды айтып, демонстратияға шығып жатыр деген сыбыс келді. Сақ болыңдар, шығуға болмайды дегенді де естідік. Біздің ішімізде жас жігіттер болды. Олардың барлығы дерлік шығуға бел буды. Онымен бізді жіберген жоқ. Сыртта жүргендер, ішке кіріп бүлік салды. Оларды тоқтатып шығарып жіберді. Көбіне өзге ұлт өкілдері жұмыс жасады. Біз жақтап шыққан кезде, сіздер оларды арашаламаңыздар дегенді айтты. Әйтпесе сіздерге жаман болады деп ескерткен болатын. Үш-төрт күнге жұмыс тоқтады. Көшедегі төбелесте болған жоқпыз. Бұл негізі көшеде болып жатқан жағдай еді. неше түрлі жағдайларды естідік. Сол қанды оқиға болып жатқан кезде менің жездем ауруханада жатты. Ол адамға тамақ апару үшін автобусқа міну керек болды. Шынымды айтсам қорықтық. Діттеген жерімізге таксимен  айналып бардық.  Сол кездегі суретті көрсеңіздер қан аққан су секілді. Көше толған қанды су шашып жуып жатты. Әрине бұл өте ауыр көрініс болып қалады мәңгі жүрегімізде. Егемендік, тәуелсіздік - болашақ  ұрпаққа аманат. Желтоқсанның ызғарлы аязында шыңдалған, ұлттық  рухымыздың  еңсесі биік  болғай деді, - желтоқсаншы Мұрат Қажымбетов.

 - Ол кезде мен Алматыдағы АГМТ-ның студент болған кезім еді. Желтоқсан оқиғасы кезінде студенттер арасында біріншіден  Д.А Қонаевты зинет жасына аз уақыт қалғанда орнынан алып басқа ұлт өкілін әкеліп қоюуына наразылық туғызды. Басында бейбіт түрде шықтық. Содан соң қарулы күштер енгізді. Жиналған адамдарды таратуға үгіт-насихат жасады. Содан арты үлкен қақтығысқа әкеліп соқтырды. Басында әрине, барлығымыз желтоқсан оқиғасы жөнінде там-тұм естіп жаттық. Көп кешікпей хабар келді. Көшеде осындай жағдай болып жатыр деген қағаздар таратылды. Содан жиналып - жиналып шықтық. Басында тыныш болды. Кейінгі мәліметтерге  сенсек аталмыш алаңда 30 мыңның үстінде адам болған деседі. Алаңға шыққандар наразылықтарын айтты. Бірақ оған ешкімнің құлақ асқаны шамалы. Сол жерде ұрғанын ұрып, су шашып, дубинкімен ұрып құлатып жатқаны жанымызға батты. Шынымды айтсам, қазіргі таңда сол кезді есіме алғым келмейді. Қазақ елініӊ алар асуы мен шығар биігі - әлі алда. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын,- деді Қаныбек Мұхамбетжанов

Дегенмен, бұл жетістіктерге жетуде еліміз көп қиыншылықты көргенін ұмытпағанымыз жөн. Ұрпағымыз, яғни болашақ жастарымыз осы тәуелсіздіктің қандай қиын жолмен келгенін біліп жүрсе деген ниет еді.

Гүлмира Серикқалиқызы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале