16.12.2024, 22:00
Оқылды: 54

Желтоқсан куәгері: «Азаттық біздің елге мәңгі тұрақтасын»

Тәуелсіздік – әр ұлттың ең қасиетті құндылығы. Бұл күн – халқымыздың азаттыққа қол жеткізіп, өз тағдырын өзі шешуге мүмкіндік алған, ел ретінде әлемге танылған ұлы мейрам. Қазақстанда Тәуелсіздік күні 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстанның егемендігін ресми жариялауымен белгіленген. Тәуелсіздікке қол жеткізу – ұзақ жылдар бойы күрес пен арманның нәтижесі.

IMG-20241216-WA0051
Қазақ халқы талай қилы кезеңдерден өтті. Жоңғар шапқыншылығы, отаршылдық дәуірі, ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін. Алайда, халқымыз ұлт ретінде жойылып кетпей, азаттық жолында аянбай күресті. 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде тарих сахнасына шықты. Бұл оқиға халқымыздың еңсесін тіктеп, өз болашағын өзі қалыптастыруға жол ашты.

Қазақстан тәуелсіздік жылдарында экономикалық, әлеуметтік және мәдени салаларда айтарлықтай жетістіктерге жетті. Елордамыз Астана қаласының бой көтеруі, мемлекеттік рәміздердің қабылдануы, ұлттық валютамыз – теңгенің енгізілуі еліміздің дербестігін айшықтай түсті.

Сонымен қатар, Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, әлемге бейбітсүйгіш ел ретінде танылды. Бүгінде еліміз көптеген халықаралық ұйымдардың мүшесі болып, әлемдік аренада беделді мемлекетке айналды.
Әлбетте, тәуелсіздік хақында оралымды ой айтып, азат елдің жетістігін жіпке тізе бастағанда әр саналы адамның есіне желтоқсан оқиғасы түседі.

Желтоқсан оқиғасы – 1986 жылы Алматы қаласында болған, қазақ жастарының ұлттық мүдде үшін күресін айшықтаған тарихи оқиға. Бұл оқиға Кеңес Одағының қатаң тәртібіне қарсылық ретінде тәуелсіздікке ұмтылған ұлттың асқақ рухын көрсетті. 1986 жылдың 16 желтоқсанында Мәскеу билігі Қазақ КСР-ін 22 жыл басқарған Дінмұхамед Қонаевты қызметінен алып, орнына республика халқына мүлде бейтаныс Геннадий Колбинді тағайындады. Бұл шешім қазақ халқының ұлттық намысына тиіп, жастардың жаппай наразылығын туғызды.

Орталықтың жергілікті халықтың пікірін ескермеуі – ұлттың өз тағдырын өзі шешуге деген ұмтылысын күшейтті. 17 желтоқсан күні Алматының қазіргі Республика алаңына мыңдаған студент пен жас жиналды.

Олар әділетсіз шешімге наразылық білдіріп, «Әр халыққа – өз көсемі!», «Қазақстанға ұлттық басшы керек!» деген ұрандарын айтты. Алайда билік бейбіт шеруге қатысушыларды тарату үшін күш қолданды. Милиция, солдаттар мен арнайы жасақ шерушілерге қарсы күшті қарсылық көрсетті. Шеруді басу барысында резеңке таяқтар, иттер, суық қарулар пайдаланылды. Көптеген жастар жарақат алып, қамауға алынды. Желтоқсан оқиғасы кезінде көптеген жас қазақстандық жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырады. Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев және Сәбира Мұхамеджанова сынды боздақтар ерліктің символына айналды.

Қайрат Рысқұлбеков «Ленин мені соттаған жоқ, мені өз елім соттады» деп айтқан сөзімен қазақ жастарының жанайқайын жеткізді. Ол қамауда қайтыс болды. Бірақ ерлігі мәңгі есімізде қалды. Желтоқсан оқиғасы – тек қазақ халқының емес, бүкіл Кеңес Одағындағы азаттық қозғалыстарының бастауы болды. Бұл оқиға Кеңес билігінің әлсіздігін көрсетіп, 1991 жылы Одақтың ыдырауына әсер етті. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, Желтоқсан оқиғасы ұлт-азаттық күрестің маңызды белесі ретінде бағаланды. 1996 жылы 17 желтоқсан – демократиялық жаңғыру күні деп белгіленіп, құрбандардың рухына тағзым етілді.

Бұл – қазақ халқының еркіндікке деген ұмтылысын көрсеткен тарихи бетбұрыс. Бұл жастардың ерлігі мен батылдығы қазіргі тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған маңызды қадамдардың бірі болды. Желтоқсан қаһармандарының ерлігі ешқашан ұмытылмайды, олардың азаттық жолындағы күресі – әрбір қазақстандық үшін мақтаныш.

Осы орайда біздің арамызда жүрген, аталмыш оқиғаның бел ортасында болған Миюаш Таушова туралы тарқатқымыз келеді. Қазіргі таңда ол – Подстепный ауылының тұрғыны, Теректі колледжінің жатақханасында студенттерді орналастыруға, жатақханаға тиесілі мүліктің сақталуын тексеруге, өзіне сеніп тапсырылған ғимарат қабырғасында тәртіп пен тыныштықты қамтамасыз етуге міндетті қызметкер, яғни қарапайым комендант.

photo-output
Ол 1964 жылы Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылында дүниеге келген. Мұхит Мералыұлы атындағы орта мектепте білім алып, Қарағанды қаласындағы Кооперативтік училищеде оқуын жалғастырады.

Кейін Қаратөбе ауданындағы наубайханада еселі еңбек еткен. 1982-1984 жылдары аралығында Алматыдағы технологиялық институтта білімін шыңдай түскісі келген кейіпкеріміз соңғы сынақтан өте алмай, тіршілік қамымен «Гортяжстрой» мекемесіне сылақшы-сыршы болып жұмысқа орналасқан.

Десе де, көздеген мақсатына жетуден тайсалмайтын Миюаш Сахиқызы 1986 жылы Алматы политехникалық техникумның «Техник-технолог» мамандығы бойынша сырттай бөлімге оқуға түседі. Міне, оның өміріндегі елең-алаң өзгерістер осы жылы басталды.

- Сол кездегі Брежнев атындағы алаңда шеру басталып жатқан кезде бір сонда бет алған бір топ жасқа ілесіп, мен де алаңға бардым. Қасымда 20 шақты қыз-жігіт болды. Қазақ басшылығына Г.В.Колбиннің тағайындалуы және бұрыннан қызмет етіп келе жатқан Дінмұхаммед Қонаевтың орнынан алынуы қазақ жастарының алаңға шығуына түрткі болды. Қолымызда «Қазақты қазақ басқарсын», «Қазақстанды басқа ұлт өкілі басқаруға жол берілмесін» деген ұрандар бар еді. Тіпті сол алаңда «Саржайлау», «Менің Қазақстаным» әндері шырқалды,- деді өз сөзінде жерлес желтоқсаншымыз.

Миюаш апайдың баяндауынша, алғашында бейбіт жолмен басталған шерудің соңы дау-дамайға, жастардың наразылығына ұласқан. Олардың бұл әрекеттеріне тосқауыл қою үшін арнайы әскери жасақ та келген. Бұның барлығын ет жүргенінен өткізіп, өз көзімен көрген ол:

- Ашулы жастарды тоқтату үшін ұрып-соғып, қыздардың шашынан тартып, тепкілеп, қақаған қыста өрт сөндіргіш көлікпен су шашып, зәбір көрсетті ғой. Осы адам сенгісіз жағдайдан соң Алматы қаласындағы №12 ауруханадан бір-ақ шықтым,- деді.

Иә, тәуелсіз елдің ұрпақтарына бұл кинодан, деректі фильмдерден ғана көрініс қой бұл... Аяз сақырлап тұрған уақта су шашпақ түгелі жаяу жүруден тайсалып, таксиге міне салатын біздей жасқа дәл сол оқиға тарих болғанымен, жан-дүниемізден өткізіп көрмеген соң таңсық. Тек мына ұмтылысты, ауыр азапты Миюаш Таушовадай қатысушылар ғана сезіне алады. Кім білсін, әлі күнге дейін тамағын өксік қысып, алған жарақаттары маза бермейтін де шығар.

Көз алдындағы оқиға түсіне де кіретін шығар... Қайтсе де, қалған жас ұрпақтың басына мұндай күн тумаса екен дейміз, іштей.

Миюаш Сахиқызының жағдайы ауруханадан шыққаннан кейін де оңалып кетпеген. Жұмысқа кіріскен соң бірнеше рет жиналысқа салыпты. «Комсомол мүшесі» қатарынан шығарып, бір айлық еңбекақысын да бермеген.

Ғасырдан да ұзақ сияқты көрінген күн мен түнді осылайша бастан өткерген. Жанында Серік Шоқанаев, Айман Акашева және тағы да басқа жақын достары болған. Сол кездегі жүйені ұрымтал пайдаланғысы келгендердің «жыртқыштығынан» қазақтың өрімталдарын адал достық пен сертке беріктік сақтағандай көрінеді, осындайда.

- Соңғы уақытта желтоқсан оқиғасын есіме алғым келмейді. Жүрегім ауырады. Тек аудан жұртшылығы тәуелсіздіктің қандай қиындықпен, қанмен, термен, азаппен келгенін ұғынып, қадірін білсе екен деймін. Әсіресе жарқын болашақ – жастардың қолында. Білім алып, дамитын заманда ешкімге есе жібермейік. Азаттық біздің елге мәңгі тұрақтасын, - деп, сөзін түйіндеді Миюаш Таушова.

Ақтілек Әлібекұлы,
Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале